Озар елдің ұлдары кітап оқиды, тозар елдің ұлдары смартфон шұқиды. Әзірбайжан мен Грузияға сапар

0
2732

26 мамыр, 16:12
Баку

Сонымен, азанда Ақтауымыздан Баку қаласына ұшып келдім. Каспийді бір сағатта ұшып өттік. Баку — қымбат қала. Әуежайдан шыға бергенде таксистер қызметін ұсына бастады. Орталыққа отыз шақырымдай жер екен. Адам басына 30 манат сұрайды (1 манат шамамен 227 теңге). «Қойыңдар, жігіттер», — дедім де, ары қарай бет алдым. Таксистердің элитасы шығаберісте тұрса, әуежайдың сыртында күйі тайып жүрген әріптестері тұратыны белгілі емес пе? Мен ойлағандай-ақ, сол жерде шұбырып жүргендер 15-20 манатқа жеткізіп тастауға келісті. Мен де қалыспай, 10 манатқа дейін саудаладым. Сөйтіп, Эйваз деген 55 жасар таксист апаратын болды. «Орталықтан бұрын бір шай ішкізейін, орталықта сірә шай ішесің, екі есе қымбат шығындалып қаласың, одан гөрі өзім білетін жақсы жігіттерге апарайын, қонақ қылып, жақсы қызметін көрсетеді», — деп, Эйваз орталыққа тиіп тұрған бір жердегі кафеге алып барды. Таңғы асымыз бес манат шықты, әлгі жігіттер шайдың бағасын есептемей, тек пиццаның құнын алды, есесіне пахлаваны сыйлық ретінде тарту етті. Эйваз манат құлағалы бері елдің жұмыссыз жүргенінен хабардар етті. Өмір сүру қымбат, жұмыс жоқ дейді. Екі немересі бар екен. Мемлекеттік бақшаға барады, айына біздің теңгеге шаққанда шамамен 80 мың теңгедей. Бірақ таң қалдырғаны, елдегі бақшаларда камералар орнатылыпты, ата-аналары үйде отырып-ақ вай-файмен бүлдіршіндерінің не бүлдіріп жүргенін мониторларынан бақылап отырады екен. Біз жеке бақшаға бергенбіз, біздікінде бұндай мүмкіндігі жоқ.
Елдер жұмысқа кірісе бастаған уақытта, Бакуді аралауға кірістім. Танымал орындарының барлығына соқтым. Қыз мұнарасы, Ескі қала, Шахидтар саябағына бардым. Метросында жүрдім, полиция қызметкерлері метрода көп жүреді екен. Әр вагонда 5-6 полицей. Фуникулермен төбесіне көтерілдім. Көктөбеге шығу мыңдаған теңге екені белгілі, бұларда тегін.
Әзірбайжандар астанасын әлемнің сұлу қалаларының біріне айналдырыпты. Әдемі ғимараттар бой көтерген. Кеңес дәуірінің иісі де шықпайды. Осыны суреттерімнен байқасаңыздар болады. Мұнайдай келген табысты ақылмен жұмсаған секілді. Мында қазақтарды жақсы көреді.
Қазір Гейдар Әлиев орталығына соғып, әуежайға беттеймін. Кеште, Құдай қаласа, Тбилисиге ұшамын. Баку, орысша айтқанда, осы сапарымның затравкасы ғана. Сапардың қызығы енді басталады.

20160525_180632 20160526_091441 20160526_092234 20160526_094502 20160526_095423 20160526_095917 20160526_100526 20160526_100945 20160526_101648-1 20160526_102947 20160526_103546 20160526_115225 20160526_134757 20160526_143610 20160526_144658 20160526_145004 20160526_145153 20160526_145306 20160526_150533

27 мамыр, 17:58
Тбилиси

Грузияда соңғы жылдары туризм қарқынды дамып жатқаны көрініп тұр. Оны байқағаным, Тбилисиде жүрген туристердің географиясының алуандығы. Елімізден де келушілер көп екені байқалады. Әдетте, шетелде жүрсең, саудагерлер бабыңды табу үшін және өзіне қарату үшін орыс, қытай, жапон тілдерінде сәлемдесіп, келген еліңді анықтауға талпынады. Грузиндер болса «приветтен» кейін бірден «саламатсыз ба!», «мороженое», «айс кримнен» кейін «балмұздақ» деп жатты. Бірақ дегенмен Тбилисиді туризмнің орталығы деп айтуға әлі де ерте, өйткені, біріншіден халқы толықтай турист френдли емес, екіншіден, әзірбайжандардай жүздері жадырап жүрмейді екен. Жазуларының барлығы грузин тілінде, әрпін танымағандықтан, ақша айырбастағанда сәл алданып қалдым. Айырбастағаннан кейін алған лариларым курс бойынша берілмегенін көріп, соны айтсам, төмендегі жазуға қара деп бетіме басты. Онда грузин әріптерімен бірнәрсе жазылып, ең соңында 9% деп тұр екен. Ол әрбір айырбастағаннан тоғыз пайыз комиссия алынады деген сөз. Онда айырбастамаймын десем, чек басылып қойды дейді. Ауызша да ескертуге болады ғой десем, жазылып тұр, оқу керек дейді. Сосын тағы бір байқағаным, мында орысша жауап бергенді қаламай, ағылшынша сөйлеуге тырысады екен, тіпті орыс тілін жақтырмай ма деп те қаласың. Дегенмен, осында туризмнің болашағы бар. Көш жүре түзеледі.

1 20160527_133258 20160527_134048 20160527_142209 20160527_143825 20160527_145028 20160527_151818 20160527_165603

27 мамыр, 21:20
Тбилиси

Осы сапарды жоспарлап, қолға алуымның негізгі себебі — Тбилисиде бүгін өткен Робби Уильямстың концерті. Британ әншісі ең мықты туындыларын 25 жасқа дейін жазған. Мектеп кезінде оның шығармашылығына қызығатынмын.
Грузия елде туризмді дамытуға бағытталған Check in Georgia бағдарламасы аясында биыл әлемдік деңгейдегі 36 танымал жұлдызды шақырыпты. Олар жыл бойы елдің бірнеше қаласында концерт береді. Робби Уильямстан бөлек осы тізімде Эрос Рамазотти, Maroon 5 және т.б. бар. Хосе Каррерас өнердегі жолын тіпті Кутаиси қаласында аяқтамақшы екен. Бұл тәсілдің тиімділігінің өте жоғары екеніне көзім жетті. Бүгінгі концертке ондаған елдерден тыңдармандар келді. Стадионда кемінде 40 мың адам жиналған шығар. Ал енді ең қызығы және инкредибл тұсы — билеттің құны небары 3000 теңге. Бірақ ПӘК (КПД) өте жоғары.

2 20160527_185138 20160527_195712 20160528_002359

29 мамыр, 13:59
Тбилиси

Келесі күні Тбилисиде күн бұлтты болып, жаңбыр себелеп тұрды. Жұбайыммен сапарлап жүргенімізде Мәскеуден Пятигорск-Нальчик-Владикавказ арқылы Грузияға жеке көлігімен келген Вова мен Олямен достасып алдық. Олармен бір күні Батумиға баратын ойымыз бар екені анықталғасын, екеуі көп ойланбастан бірге жүруді ұсынды. Сүйкімді жұп екен.
Тбилисиден шыққанда көп ұзамай гүржілердің ежелгі астанасы Мцхета жатыр. Бірден соған беттедік. Мцхетада көне шіркеулер мен Лермонтов жырлаған Арагви мен Кура өзендерінің тоғысқан жері орналасқан. Көне қаланы аралап болып, трассаға шыққанда, нөсерлі жаңбыр құйып кетті. Гориға кірмеуді шештік, ол жерде қанішер Сталин дүниеге келіп, соның музейі бар демесең, басқа тамашалайтын дым да жоқ сияқты көрінді. Вова мен Оля Боржомиге соғайық деді, бірақ оған жақындағанда қалың тұман басты. Курорт та жолда қалды. Мен Кутаисиге соғып кетуді ұсындым, өйткені бұл қаланы көруді Отарик айтқан болатын. Тбилиси әуежайынан шыққан кезде Отарик деген таксиспен танысып қалып едім, ол Павлодарда туып-өсіп, қазақ қызына үйленіп, жақында ғана бала-шағасымен тарихи Отанына оралыпты. Қазақша сайрап тұр. Батумидан Тбилисиге жолаушы тасымалдайды екен. Батумиға келіп, қонақ болыңдар, әйелім палау істеп береді деді. Сол жігіт Кутаисидің маңында Сатаплиа деген керемет жер бар деді.
Кутаисиға жақындағанда күн ашылды. Қала, Отарик айтқандай, шынымен де сұлу екен. Хинкалиға тойып алдық та, Сатаплиаға беттедік. Ол жер өзінің карст үңгірлерімен танымал болып шықты. Өткен ғасырдың 30-жылдары бұнда динозавр іздері табылып, қазір керемет музейге айналған. Сатаплиа гүржі тілінен «Бал тамған тау» болып аударылады екен. Осындағы жартастарда ежелде жабайы аралар мекендеп, қазіргі гүржілердің ата-бабалары бал жинаған. Бүгінгі күні тек бір ұя ғана сақталыпты. Грузияда болсаңыздар, Сатаплиаға міндетті түрде келуді ұсынар едім. Жаныңыз да, тәніңіз де демалады.
Жоспарда болған Гориға соға алмауымызға ауа райы себеп болса, Батумиға бара алмауымыздың себебі тым қызық болды. Грузияның балғын ауасы мен керемет табиғатынан ляззат алып, әбден босаңсып кеткеннен бе, әлде қайтқымыз келмегендіктен бе, ұшатын уақытымызды билетте жазылған күннен келесі күнге өздігімізше шегеріп, алданып қалыппыз. Вова мен Олямен қоштасып, Кутаисиден бері қайттық. Олар бізді Мәскеуге, біз оларды Алматымызға шақырып тарастық. Кететінімізді естіп, екеулерінің көңілдері түсіп кетті.
Бүгін Бакудеміз. Кеште елімізге ұшамыз. Жақсы сапар болды.
Мүмкіндік болып жатса, Әзірбайжан мен Грузияны көріп кетіңіз. Виза керек емес. Билетті екі ай бұрын алсаңыз, қымбат шықпайды. Осы жолы бір адамға кеткен шығын:
— «Алматы-Ақтау-Баку-Тбилиси» авиабилеттері (барып-қайту) — 72 000 теңге;
— орналасу — тәулігіне 3500 теңге.

20160528_002360 20160528_103910 20160528_104946 20160528_105900 20160528_160844 20160528_160857 20160528_162422 20160528_163322 20160528_164153 20160528_165655 20160528_171105 20160528_171203 20160528_171253 20160528_171527 20160528_172623 20160528_180924

30 мамыр, 14.13
Алматы

Әзірбайжан мен Грузияға сапарымнан не ұқтым, қандай пікір түйдім? Екі елде де адым жерде кітап сатылып жатыр. Біздегі DVD-дискілерге арналған қолдан соғылған сөрелерді көрген боларсыздар, тура сондай сөрелер Тбилисидің де көшелерінде қаптап тұр, бірақ үстінде арзан киноның орнына кітаптар лық толы. Жасы бар, кәрісі бар, барлығы алып оқып жатыр. Әзірбайжанда кітап дүкендері өте көп. Темір жол вокзалының жанында үлкен-кіші он беске жуық дүкенді санап шықтым (солардың бір бөлігі ғана төмендегі суретте). Іші толған жастар. Озар елдің ұлдары кітап оқиды, тозар елдің ұлдары смартфон шұқиды ма деп қалдым. Алматыда вокзал маңайында дөнер дүңгіршектері.
Екі елде де әдебиет өздерінің тілдерінде. Орысша әдебиет кезігіп қалып жатса да, бірлі-жарым кітаптан аспайды. Екі елдің жұрты да ана тілінде сайрап жүр. Бұл — дұрыс жүргізілген ұлттық саясаттың жемісі.
Бакуде жүріп балаларға арналған киім сататын дүкенге кірдім. Өзімнен ары барса екі-үш жас кіші жігіт сатушы екен. Қазақстаннан келгенімді бірден байқап, әңгімелесе кетті. Жөн сұрасып болғасын, «Кенесары Қасымов — ұлы тұлғаларың» деді. Таң қалғаннан көзім бадырайып кеткен шығар сол сәтте. «Оны қайдан білесің?» — десем, әлгі жігіт, есімі Керим, тарихты көп оқитынын айтты. Кенесарыдан бөлек Алаш Орда тарихын, Желтоқсан көтерілісін, Колбин, Қонаев, бәрін біліп тұр. Жақында Кенесары ханымыз туралы кино түсірілгенін айтсам, «Қойшы, ақыры шықты ма?» — деп таң қалды. «Саудагерлері осындай болса, бұл елдің болашағы жаман емес екен», — деген ойда қайттым.
Керим елінің тарихына да қысқаша шолу жасап өтті. Бір күн бұрын әзірбайжандар Республика күнін тойлаған болатын. «Біздің елде Ресейдің ықпалы нөл пайызға тең», — деп зор мақтанышпен айтты. Білімділігін көріп, өзінің тарихын сондай сүйіспеншілікпен айтып бергеніне қарап, патриотизм сезімінің тасып тұрғанына көзім жетті.
Екі елде де орыс тілін үлкендері білсе білер, бірақ жастары ағылшын тіліне түбегейлі көшіп жатыр. Әсіресе бұл үрдіс Грузияда қатты байқалады. Мектептерінен орыс тілін алып тастап, жаппай ағылшынды оқытуға кірісіпті. Жастары, тіпті мектеп жасындағылар да, ағылшын тілінде сайрап жүр. Бір жерден орысша сұрай қалсаң, ағылшынша жауап береді. Қазіргі уақытта «орыс тілін білмесек, көп нәрседен айырылып қаламыз» деп жүргендер осы екі елге барып, оны бірнеше күн аралап, көз жеткізіп келулері керек. Бірақ бәрібір көмектеспейді, кертартпа кертартпа болып қала береді, себебі олардың санасын советикус паразитикус деген қатерлі бактерия зақымдап тастаған.
Жеке мысалыма сүйеніп, өзіміз туралы айтатын болсам, әлемнің жаңалықтарынан хабардар ететін өзекті әдебиетті өзге тілде (көбінесе қай тілде екенін, айтпай-ақ, түсініп тұрған боларсыздар) оқып жүргенімізге, міне, биыл, жиырма бес жыл. Тілімізді дамыту түгел ақсаңдатып алған жайымыз бар. Ақсаңдаған тілмен ұлттық санаң да қалыптаса қоймайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Өз ұлтынан ұялатын, өз тілі мен мәдениетін менсінбейтін үкімет барда, көш қанша жүрсе де, ешқашан түзелмейтіні анық.
Екі елдегіні көріп сүйсініп, іштегіні еске түсіріп күйініп қайттым.

20160529_143619

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.