Медиа саласы мен бұрмаланған шынайылық

0
2220

АҚШ-тың ғалымдары зерттеу жасапты:

• статистика бойынша жазатайым оқиғадан гөрі инсульттан қайтыс болатындардың саны екі есе артық, бірақ сауалнамаға жауап берушілердің 80 пайызы жазатайым оқиғаларды таңдапты;

• респонденттер ауырып және жазатайым оқиғалардан қайтыс болатындардың санын бірдей деп көрсетіпті, бірақ шындығында аурудан қайтыс болатындардың саны 18 есе артық;

• қантты диабетке қарағанда жазатайым оқиғадан қайтыс болу ықтималдығын 300 есе артық деп бағалапты. Шын мәнінде, 300 есе емес, 4 есе ғана артық.

Неге осылай болады?

Адамдарда өлім себептері жайлы түсінік бұқаралық ақпарат құралдарында берілетін ақпарат негізінде қалыптасады екен.

Медиа саласында өзгеше, оқырманда психоэмоциялы әсер туғызатын, трагедиялы жаңалықтарға басымдық беріледі. Журналистер мен блогерлер жаңалық ұсынуда аудиторияның талғамына сүйенеді. Қантты диабеттен қайтыс болған адамның тағдырынан гөрі жазатайымнан қайтыс болған адам туралы жаңалық көбірек оқылады.
Осы күндері халық фейсбукта наразылығын жазып жатыр. АҚШ түрмесінде үш жыл отырып, елге оралған Азамат Тажаяқовты әуежайда журналистер Халық қаһарманы ретінде қарсы алып, бұл туралы жаңалық ресурстары мен телеарналарда бірнеше мақала мен сюжет берді. Көпшілік осы жігіттің кесірінен АҚШ-қа виза алу қиындап, еліміздің абыройына кір тигенін айтып жатты. Ал еліміздің тарихында тұңғыш рет көркем гимнастикадан олимпиада ойындарына лицензияны жеңіп алған он жеті жасар Сабина Әшірбаева туралы мақала жазбақ түгел, оны әуежайда бір журналист не бір блогер де қарсы алған жоқ. Сонда осы екеуінің ішінде еліміздің нағыз патриоты кім? Қайсысы даңқымыздың асқақтауына көбірек еңбек сіңіріп отыр? Осы мысалдан-ақ, мен айтып отырғандай, медиа саласының жұмысының ақсаңдап отырғанын көріп отырған шығарсыздар.

Біздің санамыздағы дүниетаным – бұл шынайылықтың көрінісі емес. Біз белгілі оқиға туралы пікірді оның БАҚ-та көрініс табу қарқындылығы негізінде қалыптастырамыз.
Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген факт. Олай болса біз неліктен әрбір күніміз қайғылы жаңалықтарды оқудан басталатынын түсіндіре аламыз. Өз басым биыл бала өлімі туралы жаңалықтарды жиі кездестірдім. Сіз жол апатынан қайтыс болғандар туралы жиі оқыған боларсыз. Сіздің досыңыз тұрмыстық жанжал кезінде адам өлтіру туралы жаңалықтарды жиі оқуы әбден мүмкін.

Журналистер осындай жаңалықтарды көп жағдайда күнін көру үшін жарияласа, блогер және блогерсымақтар оларды трендтен қалып қоймау үшін қайта жариялайды. Жылына 365 күнін, тәулігіне 24 сағат біз осы жаңалықтарды жұтып, санамызды улап келеміз. Біздің миымызда шынайылық әбден бұрмаланып, қисық айнаға ұқсайды. Нәтижесінде осы аудиторияда жиналғандардың тең жартысы (одан да көп болуы мүмкін) Қазақстан өмір сүруге қауіпті ел, оның болашағы жоқ деп санауы ықтимал. Жарияланатын жаңалық таңдаудағы қарапайым заңдылық сөйтіп миграциялық көңіл-күйді қалыптастырады. Әрқайсыларыңда елден біржола көшіп кеткісі келетін кем дегенде бір танысыңыз бар. Тіпті сол адам өзіңіз де боларсыз.

Біз даусы жоқ әншілер жұлдыз, блогерлер би, терең ойлай білетіннен гөрі әдемі сөйлейтіндер пір болып қабылданып отырған заманда өмір сүрудеміз. Себебі терең судың ағысы білінбес. Етіміз бос адамның сандырағы мен түк пайдасы жоқ жаңалықтарға әбден үйреніп кеткен.

Ақпарат тұтынушы ретінде мен елдегі жезөкшелер туралы жаңалықтарды жиі кездестірем. Тіпті БАҚ-тың арқасында олардың тірлігімен жақсы таныспын. Оларды полиция қызметкерлері пашкілеп ұстап жатыр, кейде олар саяси белсенділік танытып, Елбасыға хат жолдайды.

Сіздер де олардың өмірімен жақсы таныссыздар. Себебі бірдей ақпаратты тұтынамыз. Бірақ біреуің жезөкшелердің тірлігінің орнына шалғайдағы бір ауылда сүретін қазақтың болашақ Илон Маскісі, екіншілерің Алматыға көшіп келген ендігі Цукерберг, үшіншілерің, келешекте химия ғылымында төңкеріс жасайтын жас ғалым туралы оқығыларың келуі әбден мүмкін. Мен өз басым ақпарат тұтынушы ретінде классиктерге айналған ақын, жазушыларымызбен замандас болған, солардың соңғысы, Алматыда тұрып жатқан Мұзафар Әлімбай туралы оқығым келеді. Қателеспесем, қазір ол 92 жаста. Соңғы он жыл ішінде мен онымен бір сұхбатты да кездестірмедім. Атамыздың халі қалай? Шығармашылығы не болып жатыр? Қазіргі кезде елде болып жатқан оқиғалар туралы не ойлайды екен? Бұл медиа саласында жүргендердің кесірінен шынайылықтың бұрмалануының тағы бір мысалы.

Мәселенің шешімі қандай? Көршіңізге қараңыз. Айналаңызда жүргендердің игі істеріне, отаншыл пейіліне, ардақты істеріне тереңірек үңіліңіз. Әрине, ол адамды күнде көріп жүргесін, тұла бойындағы қасиеттері мен істерін бірден байқамауыңыз мүмкін. Бірақ олардан артық нағыз үлгі тұтар адамдар мен жастарымызға лайық модельдерді таппайсыз. Солар туралы көбірек айтыңыз. Халық біліп жүрсін.

Тыңдағандарыңызға рахмет!

2016 жылы 18 маусымда Алматыда IT-университетте өткен «Современное состояние рынка информационных технологий» конференциясында сөйлеген сөзімнің мәтіні.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.