Орхан Памук, Рыжеволосая Женщина

0
2517

Мынау Памуктың нүктесі 2015 жылдың желтоқсанында қойылып, 2016 жылы жарық көрген соңғы романы. Енді ғана орыс тіліне аударылған болса керек, басуға қазанда ғана қол қойылыпты. Бүгін Алматыдағы «Меломан» дүкеніне өзімнің «Күміс кітабымның» жайын білуге барғанымда, кездейсоқ байқап қалып, ойланбастан сатып алып, үйге жеткесін үш сағатта оқып тастадым. Бірақ «Kırmızı Saçlı Kadın» кітабы туралы әу бастан біліп жүрдім. Жылдың басында танысым Түркияға сапар шеккенде, кітаптың түрікше нұсқасын сатып алып келуді өтіндім, бірақ ыңғайы келмеді. Сосын мамырда Бакуға барғанымда кітап дүкенінде сатылып жатқанын көріп едім (әзірбайжандар тіл ұқсастығының арқасында түрікше кітаптарды оқи береді), әттең ол кезде кітаптың бағасы тым қымбат көрінді. Міне, енді сәті жетті.

Иә, соңғы жылдары көркем әдебиетті көп оқымасам да, Памуктың еңбектерін жібермеуге тырысамын, себебі жазушының туындыларын ұнататыным рас. Оны өздеріңіз де ертеректе жазған рецензияларымнан білесіздер. Сонымен, «Рыжеволосая Женщина» — Памуктың биылға оқыған төртінші, ал жалпы сегінізші туындысы.

Өзіміздің оқырманды қызықтыратын жайтқа келсек, «Рыжеволосая Женщина» — Қазақстан туралы үзіндіні қамтитын жазушының тұңғыш шығармасы:

В 1997 году я поступил на работу в фирму, у которой были проекты в Казахстане и Азербайджане. И пятнадцать лет провел в самолетах, сумев скопить кое-какие деньги.

Памуктың сегіз кітабын оқып шыққан оқырман ретінде жазушының жазушылық метаморфозалары туралы пайымдауларымды ортаға тастай аламын деп ойлаймын. Егер де 2006 жылдан бастап оқыған оның алғашқы кітаптары («Черная книга», «Меня зовут Красный», «Белая крепость») туралы айтсам, оларда Памуктың еуропоцентристік көзқарастары байқалады. Бірақ Нобель сыйлығын алғаннан кейін жазушының туындыларында дәстүрлі, шығыстық сарындарға көңілі ауа бастағандай. Оны мен «Музей невинности«, «Мои странные мысли» және осы «Рыжеволосая Женщина» романдарынан байқадым. Қалай болса да, жазушы өзінің ұстанымдарына бекем және оның туындыларының негізгі тақырыптары батыс пен шығыстың қақтығысы және Ыстамбұл шеңберіндегі меланхолия болып қала бермек.

«Рыжеволосая Женщина» кітабының желісі қарапайым болып көрінгенмен, әке мен ұлдың, өткен мен қазіргінің қатынасы, қылмыс пен жаза, тағдырмен бетпе-бет кездесу сынды әдебиеттегі дәстүрлі тақырыптар жайында сыр шертеді. Памуктың шеберлігі оның біреуге ақыл айтуға бағытталған кітап емес, роман-притча жаза алғандығында. Туындының басынан аяғына дейін Софоклдың «Эдип патша» трагедиясы, Низамидің «Хұсрау мен Шырын», Фирдоусидің «Рустам мен Сухраб» дастандырының сюжеттері қатар жүріп отырады, ұштасады. Роман бас кейіпкер Джемнің құдық қазуымен басталады, осының өзінде бір символизм жатыр. Бір ай ішінде жиырма бес метрлік құдық қазу барысы жұмысшылардың аспанның жеті қабатын кесіп өтіп, жұмақ пен періштелерге жеткізетін процесс ретінде керемет суреттелген. Құдық қазушы Түркияда өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін абыройлы, мәртебелі жұмыс болғанын білдім. Оқу барысында Габриель Гарсия Маркестің «Жүз жыл жалғыздық» романы мен сиқырлы реализм бағыты да есіңе түседі.

Кітапты оқып шығуға кеңес беремін, басты шығармасы болмаса да, оқуға әбден тұрарлық.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.