Nur Otan Talks: білімге бастар жол

0
1787

Жастардың кемел тұлға болып қалыстасуы үшін оларды шығармалар оқуға көбірек баулу қажет. Мұндай пікірді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Nur Otan Talks отырысы барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгідей қарыштап дамыған уақытта жастардың білімді, сауатты болуы аса маңызды. Жастар бәсекелестік дәуірінде өмір сүріп жат­қандықтан, өзінің жеке қабілеттерін дамыту үшін көп еңбектеніп, кітап оқуды жиілетуі қажет.

Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы жас­тарды кітап оқуға баулуға арналған бірқатар жобаларды іске асыруда. Кітапханаларды цифрландыру, кітапханаларда заманауи коворкинг орталықтар ашу – соның дәлелі. Мұндағы мақсат – кітапханаларды жастардың сүйікті мекеніне айналдыру. Сол арқылы бұрын қалыптасқан ескі қағиданы бұзып, қазіргі заман жастарының сұранысына сай ортаға айналдыру.

Бұл жоба аясындағы «Нұр Отан» партия­сының Nur Otan Talks кезекті отырысы «Менің өмірімді өзгерткен кітап» тақырыбын арқау етті. Онлайн режимде сөйлеген спикерлер өздерінің табыстары мен оған жетер жолда оқыған кітаптарының тигізген пайдасы туралы әңгімелеп берді.

2018 жылдың 1 маусымында өткен партия Саяси кеңесінің соңғы отырысында Елбасы, партия Төрағасы жаңа партиялық жобалар мен жұмыс бағытын мақұлдап, нақты тап­сырмалар берген болатын. Бұған дейін де Мемлекет басшысының партия қызметін жаңғырту жөнінде тиісті мақсат-міндеттерді айқындап бергені белгілі. Nur Otan Talks еркін пікірталас алаңы – соның аясында қолға алынып, қайта жаңғыртылған жобалардың бірі.

Іс-шараны ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия қызметіндегі түбегейлі өзгерістерге осындай тың бастамалар айқын дәлел екенін айтты. Оның айтуынша, соңғы айларда партиялық жаңғыру аясында Елбасы­ның тапсырмасымен жаңа 22 жоба, соның ішінде жастарды кітап оқуға баулу жобасы қолға алынып, оларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

– Бүгін біз қоғамымызда білім салтана­тынын қалыптастыру мәселесін талқылау­дамыз. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласында елімізді рухани жаңғыртуға арналған көптеген мәселелерді көтерген болатын. Соның бірі – қоғамымызда білімді жастарды, білімді азаматтарды тәрбиелеу. Ал білім кітап оқудан басталады, – деді ол.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заманауи әлемде жастардың білімді, сауатты болуы аса маңызды. Жастар бәсекелестік дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, өзінің жеке қабілеттерін дамыту үшін көп еңбек етуі керек. Сондықтан жастарды кітап оқуға, әсіресе олардың тұлға болып қалыптасуына септігін тигізетін шығар­маларды оқуға көбірек баулу қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ қазіргі жастардың әлеу­меттік желіден бас алмайтынына қынжылыс білдірді.

– Өкінішке қарай, әлеуметтік желілер қоғамның білім деңгейінің көтерілуіне септігін тигізбейді. Керісінше қоғамның алға басуына тұсау болуы мүмкін. Қаласақ та, қаламасақ та білімнің көзі – жақсы кітап. Кітапты ештеңе де алмастыра алмайды, – деді Мәулен Әшімбаев. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясының қазіргі күні Қазақ­станда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті.

– Осыған орай, бүгінде партия кітапхана­лардың заманауи талаптарға сай болуы, жастардың сүйікті орнына айналуы үшін ауқымды жұмыстар атқаруда. Кітапханаларда тұрақты түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастыры­лып, бұл ғимараттар елімізде қоғамдық өмірдің қайнаған ортасына айналуы қажет. Сондай-ақ партия «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді араласуымен өзін-өзі дамытуға, тануға арналған кітаптар орналасатын бірегей онлайн-кітапхана жобасын даярлауда, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара аясында Amalbooks баспасының негізін салушы және жетекшісі, «Күміс кітап», «Настольная книга казахского бизнесмена», «Күнкөрістен кет, байлыққа жет» кітаптары­ның авторы Бақытжан Бұқарбай, Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі Сәуле Мектеп­баева, белгілі блогер Яков Фёдоров, кәсіпкер, «А2» супермаркеттер желісі және Қазақстан­дағы алғашқы кроссфит-залдар желісінің негізін салушылардың бірі Мирас Ибраимов жастайынан өмірлік ұстанымы мен тұлғалық қасиетінің қалыптасуына әсер еткен ерекше кітаптары туралы әңгімеледі. Шара соңында «Ашық микрофон» айдары бойынша қатысу­шылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді.

Бақытжан БҰҚАРБАЙ, «Күміс кітап», «Настольная книга казахского бизнесмена», «Күнкөрістен кет, байлыққа жет» кітаптарының авторы:

– «Нұр Отан» – еліміздегі ең үлкен партия. Сондықтан алдына қойған мақсаттары да биік. Осындай алаңдар ұйымдастырып, түрлі салада жүрген мамандарды, сарапшыларды шақырып, олардың тәжірибесін тыңдап, аудиторияға паш ету – үлкен еңбек. Бұл – өте жақсы бастама. Nur Otan Talks дәстүрлі түрде қоғамдағы елді елең еткізер тақырыптарды көтеріп отырады. Әсіресе, қоғамның рухани дамуына қатысты мәселелерді мақсат қылған. Осындай ауқымды шаралардың ұйымдастырылуына мүдделі болып отырғандығына қуанамыз. Бұл – заманауи бастама, партия жұмысының жаңғыруы аясында жасалып жатқан жақсы жаңалық. Заманның талабына, көрерменнің талғамына сай ақпарат тарату, маңызды мәселелерді көтеру өте қажет. Бүгінгі көтерілген тақырып – өте ауқымды. Бұл мәселені көтеру қажет. Десек те мұны көтеріп қана қоймай, оның шешу жолдарын да ұсынуымыз қажет. Мәселен, кітапты шығарып қана қоймай, ол кітаптарда оқырманның көңілінен шығатын шығармаларды жариялау қажет. Қазіргі жастардың сұранысы қандай? Соған сай заманауи әдеби шығармаларды көбірек шығару керек. Қазіргі жастардың талғамы мүлдем бөлек. Менің ойымша кітаптар әлеуметтік желімен жарысқа түсе алады. Ол үшін шығармаларды қызықты қылып жазу қажет. Оқырманның көңілін жаулап алатындай етіп жазу керек. Бүгінгі оқырман прагматизмді қалайды. Қажетін ғана алады. Іліп алар ақпарат болмаса, кітапты жауып тастайды. Қазақтілді аудиторияға заманауи әдебиеттер ұсыну қажет. Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі заманауи әдебиет өте аз. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет.

Яков ФЕДОРОВ, блогер:

– Қазіргі заманда әлеуметтік желілер өмірімізді жаулап алды. Адамдардың көбі ақпаратты ресми ақпарат көздерінен емес, ғалам­тордан алады. Менің ойымша, қоғамның дамуының бір бөлігі ретінде адамдар арасында сыни ойлауды дамыту қажет. Сондықтан мен сараптамалық ойды дамытатын кітаптарды көп оқимын. Оқырмандарға да осыны ұсынар едім. Сыни ойлай алатын адам ақпаратты сараптай алады, қандай да бір ақпараттың ықпалына төтеп бере алады. Ол өзіне қажетті, дұрыс ақпаратты алады. Қазіргі күні сүйіп оқитын кітаптардың бірі – Стивен Левит және Стивен Дабнердің «Фрикономика» деп аталатын кітабы. Олар өзгеше ойлайтын, дәстүрлі емес экономистер. Кітап авторлары өз шығармаларында қоғамдағы және экономикадағы жағдайлардың салдарының нақты себептерін анықтауға үйретеді. Осы орайда Nur Otan Talks сияқты пікірталас алаңдарын көбірек ұйымдастыру қажет. Өз саласында жетістікке жеткен жандар өз тәжірибесі арқылы тыңдармандарға көптеген қажет ақпараттар бере алады. Бүгінде адамдар әр шығарманың тақырыбына қарай баға беріп, соған қарай оқуға дағдыланған. Бүгін өткен кездесуді көрген адамдар, соның ішінде жастар өзіне қажетті ақпарат алып, жеке қабілеттерін дамыту үшін керек кітаптарды оқуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

Сәуле МЕКТЕПБАЕВА, Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі:

– Кездесу барысында өзім­нің сүйіп оқитын үш кіта­бым туралы айттым. Біріншісі – поэзиялық шығармалар. Менің ойымша, поэзия – бізді роботтардан ажырататын құрал. Ол біздің адам екенімізді, сезіне алатыны­мызды көрсетеді. Бүгінде біз жетістікке жетелейтін кітаптарды оқуды әдетке айналдырдық. Қалай қаржы табу, қалай жетістікке жету, өз кәсібін ашу туралы оқу адамның, оның ішінде қоғамның өзгеруімен байланысты. Негізінде, болашақта адамның әлеуеті оның шығармашылығынан анық байқалады. Екіншіден, оқырмандар экономикалық салада жазылған кітаптарға басымдық беру керек. 1955 жылы жарық көрген Ұлыбритания тарихшысы Сирил Паркинсонның «Паркинсон заңдары» атты кітабын оқуды ұсынар едім. Бұл кітапта экономикаға арналған шығармалардағыдай құрғақ ақпарат емес, автордың басынан өткен оқиғалар баяндалады. Мемлекеттік қызметте кездесетін кедергілер ашық жазылып, олардың шешу жолдары нақты дәлелдермен келтірілген. Бұл кітапта жазылған көптеген заңдар қазірдің өзінде өміршеңдігін дәлелдеуде. Мәселен, Паркинсон заңдарынның бірінде министрлер кабинетінде немесе жалпы басқарушы органдарда қанша басшы болғаны айтылған. 2007 жылғы зерттеулер нәтижесінде, министрлер кабинетінде 7 адамнан көп болмау керектігі дәлелденді. Себебі, одан көп болса, ол өз тиімділігін жоғалтады. 1 мыңнан астам жұмысшысы бар мекеме де өз тиімділігін жоғалтады, себебі олар өздерінің пайдасы үшін ғана жұмыс істей бастайды. Бұл оқиғалардың барлығы кітапта британдық әзілмен жазылған. Сондықтан болар бұл шығарма жеңіл оқылады. Үшіншісі – өзімнің «Табысты мәртебе: құқықтық реформалар сабақтары» атты кітабым. Меніңше, әр оқырман оқуы тиіс кітаптар классикалық әдебиет, экономика және құқықтық салаға байланысты болуы шарт. Бүгінде құқықтық салаға қатысты оқулықтар тым аз. Себебі, сараптамалық шығармаға көбіне уақыт тапшы. Менің кітабым құқықтық реформаларды сараптамалық тұрғыда, оқырманға жеңіл оқылу үшін әзіл аралас үлгіде жазылған.

Мирас ИБРАИМОВ, кәсіпкер:

– Адамдардың көбі жетіс­тікке бірден жеткізетін кітап оқығысы келеді. Ондай оқулық болмайды. Бір кітапты оқып, ертегідей бірден байып не белгілі саланың маманы болып кете алмайсың. Белгілі бір жетістікке жету үшін бір кітап емес, жүздеген кітап оқысаң да аздық етеді. Көбіне менен «Қандай кітап жақсы? Қай кітапты оқу керек?» деп сұрағанда мен жауап беруден бас тартамын. Себебі, ең жақсы кітап – сенің қолыңдағы кітап. Ғажайып кітапты іздеп жүргенше, өзіңді қызықтыратын саладағы кітапты алып, соны оқудан бастау қажет. Ақпаратты алудың асыл көзі – кітап. Сондықтан кітап оқудан қашпай, бүгіннен бастап талғамыңа сай шығармаларды оқи бастаған абзал.

Автор: Берік ХАСЕНОВ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.