Бақытжан Бұқарбай, кітаптар авторы, AmalBooks баспасының жетекшісі: «Ұлтты тәрбиелеу» деген нәрсемен ауырмаймын…

0
375

– Қазақ, «көпті көргеннен емес, көп білгеннен сұра» дейді ғой. Сіз жас та болса, көп нәрсені жасап үлгерген азаматсыз. Әңгімемізді интеллектуалды ұлт дегеннен бастасақ… Елбасымыздың бұл бастаманы көтергеніне де он жылдың жүзі болып қалды. Содан бері бір нәрсе өзгерді ме? Біз соған кірістік пе өзі?

Иә, өте өзекті мәселе. Біз қазір интеллектуалды ұлт болып қалыптастық деп айта алмаймын. Бұл мәселенің өзектілігі неге байланысты? Адамзат өзінің даму тарихында аграрлық қоғам, индустриалды, постиндустриалды кезеңдерден өтті ғой. Постиндустриалды қоғамнан кейін не болмақ? Бір көзқарас бойынша жаппай автоматтандыру мен жасанды сананың дәурені басталады. Болжам бойынша 2030 жылы адамзат өз тарихында бірінші рет Тьюринг тестінен өтеді. Тьюринг тесті дегеніміз – мысалы, сізге біреу қоңырау шалса, ар жағында сізбен адам сөйлесіп тұр ма немесе жасанды сана сөйлесіп тұр ма, ажырата алмай қаласыз деген сөз. Жақында ғана қытайлық арналарда тележүргізуші ретінде жасанды сана жұмыс істей бастағанына куә болдық – түрі адамнан аумайды, бірақ ақпаратты өзі іріктеп, өзі оқып, көрерменге өзі жеткізеді. Демек, түбегейлі өзгерістің болуына аз қалды. Ал одан кейін адамзат жасанды санаға біржола ұтылады. Адам жасанды санамен бәсекеге қалай түспек? Онымен интеллектуалды ұлт қана бәсекелестік қыла алады деген пікір бар және оны негізсіз деп айтуға болмайды.

– Жеңіле ме?

– Жеңіледі. Себебі жасанды сана сіздің миыңыздан миллиондаған есе жылдам істейді, шаршамайды, жаңылмайды, тез санайды және бір секундта шешімнің миллион нұсқасын ұсына алады. Ол әрі көптеген нәрсенің орнын басады. Сонда адамдар не істейді? Интеллектуалды ұлт болу дегеніміз – интеллектуалды өнім шығару. Бұл ең қарапайым ғана түсіндірмесі… Бірақ біз дәл қазір оны түсініп те, ұғынып та жатқан жоқпыз. Ал ол неден көрінеді? Біріншіден, халықтың тұрмыс-тіршілігінен. Мен 2000 жылдары қазақтарға мұнайдан қыруар табыс кіре бастаған уақытта «халықтың ғасыр бойы көргені жоқшылық болды, енді одан өтті, бір байиды, бір шалқиды, сосын дүниеге деген қызығушылығы басылып, әрі қарай өзіне инвестиция құюға, білімін арттыруға көшеді» деп ойлайтынмын. Бірақ олай болмады. Керісінше, қазір барған сайын тойжарыс үдеп барады, оны өзіңіз де көріп отырсыз.

Екіншіден, мемлекет интеллектуалды ұлт қалыптастырамыз дегенімен, интеллектуалдардың жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынып жатқан жоқ. Әлі күнге дейін ғалымдар алпыс мың айлыққа жұмыс істейді. Тек ғалымдар ғана емес, мұғалімдер, дәрігерлер, тіпті мына сіздер, журналистердің жағдайларыңыз мәз емес. Интеллектуалды ұлт деген расында маңызды мәселе, бірақ біз оған қазір дайын емеспіз және біздің ондай ұлт болуға жасап жатқан амал-әрекетеріміз де жеткіліксіз.

– Бұрын мұғалімдерді, дәрігерлер мен ғалымдарды зиялы деп айтушы едік қой. Қазір зиялы деп кәсіпкерлерді, яғни, қалтасында ақшасы барларды айтатын сияқтымыз. Себебі төрдегі құрметті орын солардыкі, солардың ақылын көбірек тыңдаймыз, солардай болуға ұмтыламыз… Ал сіздіңше, зиялылар деп кімді айтқанымыз дұрыс?

– Кәсіпкерлер – қоғам дамуының локомотиві. Мұны мойындау керек. Бірақ мың жерден мықты кәсіпкер болса да, ең алдымен ол – өзінің бас пайдасын ойлайтын адам. Сондықтан тек соларды ғана зиялылық пирамидасының жоғарғы шыңына қою қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Сондай-ақ ескі форматтағы зиялыларды да зиялы деп мойындай беруге көзқарасым екіжақты. Нағыз зиялыларымыз атылып кеткен соң, номенклатуралы, яғни билікке ыңғайлы, оның сөзін сөйлейтін зиялыларды қолдан жасап берді. Қазір де сол модель күшін жоғалтпады. Бүгінгі зиялылар деп отырғанымыздың барлығы дерлік мемлекеттік тапсырысқа байланған адамдар. Бірі мемлекеттік тапсырыс алса, екіншісінің баласы мемлекеттік қызметте отыр. Зиялы дегеніміз, орысша айтқанда, «совесть нации», яғни, ұлттың ар-ожданы. Ол дұрыс еместі жалтақтамай, қорықпай, бетке айта алуы керек. Ал, мұндай адамды бүгін көріп жүрміз бе?

– Ендеше, ұятты, шындықты бетке айтатын нағыз зиялылыққа ұмтылу үшін не істеуіміз керек? Қанша буын ауысуы керек?

– Шындық дейсіз бе, ол кімге керек қазір? Мен басында қоғамда болып жатқан жайттардың бәріне Үкімет кінәлі деп ойлайтынмын. Ал қазір ол позициядан мүлдем арылдым. Себебі әркім өзіне жауап беруі керек. Күнделікті өмірдегі халықтың іс-әрекетіне қараңызшы. Айталық, көшеде қатар келе жатқан көліктердің арасынан біреуі жол шетінде қол бұлғап тұрған адамның жанына келіп тоқтай қалса, артында келе жатқандары сигналды басып, қиқулатып шыға келеді. «Жүрсейші!» деген ашу ғой. Бірақ әлгі такси бағасына келісе алмай, не жолы бір болмай кетіп қалса, оның орнына өзі тоқтайды. Яғни, әлгінде ғана ашуын келтіріп тұрған адамның орнын бір сәтте-ақ өзі басады. Сонда не болды? Біздің өзіміздің де кінәміздің бары осындай ұсақ нәрселерден-ақ көрінеді ғой. Айтпағым, Үкімет деген кімдер? Оларды ешкім бізге сырттан әкеліп қойған жоқ қой, олар да біздің арамыздан шыққан адамдар. Қазақтың тәрбиелеу жүйесінен шықты. Кеңестік бэкграундтан шықты. Сондықтан «әр халық өзінің Үкіметіне лайық» деген сөз бар. Яғни, қоғамды жөндегің келе ме, алдымен өзің түзел. Әйтпесе, бәрі бекер.

Бұл жерде сондай-ақ менталды мәселелер де бар. Мысалы, кітап шығаруды алсақ, кейбіреулер «кітаптарыңыз қымбат» деп жатады. Ол бағаны мен ауадан қойып жатқан жоқпын ғой, кеткен шығынына қарай бағасы да белгіленеді. «Қымбат» деп жатқандары әрі кеткенде төрт мың теңге. Ал, жақсы кітапқа төрт мың теңгені табу мүмкін емес деп айта алмаймыз ғой.

– Яғни, мәселе адамдардың кітапты қымбатсынуда ғой?

Жоқ, мәселе – адамдардың басымдықтарды дұрыс қоймауында. Мысалы, тойға жағдайы келмей жатса да елу мың не одан да көп ақшаны аямай бере салатындар бар. Немесе соңғы шыққан қымбат ұялы телефонға ие болу үшін несие алуға барады. Әркім ақшасын неге жұмсайтынын өзі біледі, мен біреуге ақыл айтқым келмейді, бұл жерде қозғап отырғаным құндылықтар мен басымдықтар мәселесі. Тойжарыс, тойға шашылу деген бүгінгі күні көпшіліктің құндылықтар шеңберінде бар да, ал өз білімін арттыруға шығындалу жоқ болып отыр. Сондықтан кітап үшін төрт мың теңгені қымбат көреді. Бар мәселе – осында. ­

– Ендеше, халықтың дені кітапты құндылық деп таппаса, қымбатсынса, сіз не үшін кітап шығарып, баспагерлік салаға бет бұрдыңыз? Жалпы, мақсатыңыз не сіздің? О баста кітап жазуыңызға не түрткі болды?

– Бірден айтайын, кітап жаздым екен деп өзімді жазушы санамаймын, санаған да емеспін. Жазушы деген біздің ұғымымызда көркем әдебиет тудыратын адамдар ғой. Мен өзімді кітап авторымын деймін. Ал, әу баста кітап жазуыма сеп болған айналамда болып жатқан, өзім көріп жүрген нәрселерге көнбестік қой. Адамдар қазір аз оқиды, 2016 жылы жарияланған зерттеу бойынша бүгінгі жастардың сексен пайызға жуығы кітап бетін ашпайды екен. Білім сапасы күннен күнге төмендеп барады. Соған көңілің толмайды, көнгің келмейді, қабылдағың келмейді. Мүмкін жастық жалының барда білінбейтін шығар, бірақ жүре келе, күшің қайтқанда қалай болады деген сұрақ туады ғой? Мен үкімет емеспін. Үлкен ресурстарым да жоқ. Бірақ өз шеңберімде, өзімнің ықпал ететін аямда бір нәрсе істей аламын ғой? Мінекей, сол нәрсе кітап жазу екенін білдім. Сіз оқыған «Күміс кітап» – сол қарсылықтың нышаны. Ол кітапта мен өзімнің он жеті жылдық оқырман ретіндегі тәжірибемді ұсындым. Шынымен өзі уақыты келіп тұрған шығарма болса керек, тез өтіп кетті. Қазір өзімен өзі өмір сүріп жатыр. Жақында оның электронды нұсқасын ғаламторға салдық, енді кітабымды кез келген жерде кез келген уақытта әрбір қазақ тегін оқи алады. Тіпті оған біз жарнама жасаған жоқпыз деуге де болады. Мен жалпы өзімді қатты жарнамалағанды ұнатпаймын. Қазір онсызда ондайлар көп қой. Біз қарапайымдылық деген нәрсені ұмытып бара жатырмыз. Әйтсе де, өз басым мынадай позицияны ұстанамын: адам өзінің деңгейі, қабілеті қандай деңгейде, содан сәл төменірек көрсету керек өзін…

– «Арық сөйлеп, семіз шығу керек» дейсіз ғой?

– Қазақша айтқанда, солай шығар. Әйтеуір өзіңді қарапайым ұстау керексің ғой. Бізде қазір керісінше, білетіні бір елі, бірақ өзі бес елідей көрсеткісі келеді. Маған ондай керек емес. Себебі ертелі-кеш өтірігің ашылады бәрібір. АҚШ президенті Авраам Линкольннің өзіме ұнайтын мынадай сөзі бар: «Бір адамды өнемейін, көпшілікті белгілі уақыт ішінде өтірік алдауға болады, бірақ көпшілікті өнемейін алдай алмайсыз».

– Сіз неге табысқа жетудің сырын ашып беретін тренингтер ұйымдастырмайсыз?

– Мен не істеймін оны?

Қоғамды жаулап алған өтірік «миллионерлерді» ысырып тастау үшін болса да, неге ұйымдастырмасқа?

– Не қылам ысырып? Мен олар секілді «миллион табуды» үйрете алмаймын. Жалпы ондай танымалдылыққа ұмтылыс жоқ өзімде. Сосын мен «ұлтты тәрбиелеу» деген нәрсемен ауырмаймын. Мына біздің ескі зиялылардан келген «ұлтты тәрбиелеу» деген нәрсе бар.

– Жалған ұраншылдық па?

Несін көлгірсиміз, солардың көбісі шындап келгенде, ұлт түгілі өздерінің балаларын тәрбиелей алмай отыр. Өздері әлгіндей ұлы мақсаттарды айтады, ал балалары не немерелерінің көшеде көлікке отырып алып істеп жатқандары анадай. Қысқасы, өзіңе көп алудың қажеті жоқ.

– Екінші кітабыңызға көшсек, «Күнкөрістен кет, байлыққа жет!» деген атауының өзі бір атанға жүк болардай. Жазылуына не түрткі болды? Халық қалай қабылдады?

– «Күміс кітаптан» кейін мен оқырмандар арасында заманауи кітаптардың сұранысқа ие екеніне көзім жетті. Сосын осы баспа ісін бірер жыл жалғастырып көрейін деп шештім. Егер кітап өзіне салынған қаржыны, күшті, уақытты ақтайтын болса, онда әрі қарай жалғастырамын. Айта кету керек, ол үшін мемлекеттен бір тиын алып отырғаным жоқ. Жанымызды салып, мұқабасына дейін мән беріп, кәсіби тұрғыдан шығарып жатырмыз.

– Кітап шығару ісінде, жалпы шығармашылық тұрғыдан ақылдасып отыратын адамдарыңыз бар ма? Кімдер мәселен?

– Кітап бойынша жоқ. Ал былай ақылдасатын адамдарым, әрине, бар. Мысалы, Ерлан Қарин, Марғұлан Сейсембай, Бейсен Құранбек сияқты ағалармен.

– Бір кездері сіз BAS QOSU деп аталатын тәп-тәуір бастама көтеріп, өзге ұлттарға, тіпті өзіміздің орыстілді қазақтарға да қазақша үйретіп жүрдіңіз. Жап-жақсы нәтиже көрсетіп, біраз адам қазақша сөйледі. Яғни, тілге жанашырлығыңызды сөз емес, іспен білдірген болатынсыз. Сол жобаңыз не болды? Қазір де бар ма?

– Өлді. Жауып тастадық.

– Өлгені қалай?

– Ашығын айтқанда, қазақ тілі қазір қазақтың өзіне керек емес. Бұл сөзді мен көзім анық жетен соң айтып отырмын. Жай сөз жүзінде ғана «Қазақ тілі, қазақша сөйлеу керек» деп ұрандату – тренд, «хайп» десек те болады, яғни, ұпай жинау үшін ғана жаны ашығансып айтады. «Іспен дәлелде» деңізші, бірде біреуін таппай қаласыз. Біз бұл жобаны төрт жыл бойы еріктілер ретінде атқардық. Ешкім бізге «осындай жасаңдар» деп тапсырма берген жоқ. Ешкімнен ол үшін ақша алғанымыз да жоқ. Бәрін тегін оқыттық. Бірақ жүздеген адамға пайдасы тиген өте тиімді жоба болды. Моделін өзіміз жасай алдық. Кәдімгідей бірталай адамға қазақ тілін үйреттік. Алайда жоба ары қарай өмір сүру үшін бізге екі мәселенің бірін шешу керек болды: не оны коммерциялизациялау жолын табу немесе еріктілердің жаңа буынын дайындау. Біз екеуін де істей алмадық. Талпыныстар болды әйтпесе, мемлекетке де, жеке ұйымдарға да, бизнеске де ұсынып көрдік. Ешкім селт еткен жоқ. Екінші нұсқа, яғни, өзіміздің ізімізді басатын еріктілер тобын даярлауға келсек те, сол біріншінің жолын құшты. Қазір қайда барсаңыз да, тіпті әлеуметтік желілерде де тілдің «жанашырлары» көп қой. Бірақ жеме-жемге келгенде, солардың бірде-бірін таппай қалады екенсің. Сосын шаршап кеттік те, жобаны тоқтаттық.

– Осындай жайттарды көрген соң, көп нәрсе аяқсыз қалған соң, сіздің көкірегіңізде кейбір адамдарға, жалпы елге деген өкпе-реніш туған жоқ па?

– Жоқ, өкпе жоқ менде. Мен бар болғаны фактілерді айтып отырмын сізге. Себебі өкпе деген ол – деструктивті нәрсе ғой, түк пайдасы жоқ оның. Өкпелегенің кімге керек? Өзіңмен өзің өкпелеп, құр босқа уақытты өткізіп аласың.

– Неге сұрадым, себебі қазір қайда барсаң, алдыңнан елден кеткісі келіп жүрген біреу шығады. Біліміне сенетіндер «Болашақпен» оқуға түсіп, оған жете алмағандар әйтеуір екі қолға бір күрек табылса да деп, шетел асып кетіп жатыр. Бұл тенденцияны тоқтата аламыз ба? Әлде, осылай кете бере ме? Бәріміз кетіп қалсақ, Қазақстанда кім қалады?

– Кетем деген адамды ұстап тұра алмайсыз ғой. Бізде Совет заманындағыдай шекара жабық емес. Бәрі адамның өз еркінде. Өткенде ғана Кореяға кеткен көлік жөндеуші бір жігіттің әңгімесін оқыдым: «Елде жүргенде айына 200 мың теңге алушы едім, ал Кореяда төрт мың доллар табамын» депті. Сонда көлік жөндейді екен. Екі жақта да бірдей күш жұмсайды, бірақ бағалануы екі түрлі. Ал, адамның өз өмірін, өз уақыты мен еңбегінің құнын өзі бағалауға қақысы бар ғой? Бұл жерде «патриотизм, еліңді сатып кеттің» деп айтуға болмайды. Қомақты шығын кететін әр түрлі, ешкімге керегі жоқ жобаларды жасағанша, ол қаржының барлығын экономикаға салып, халықтың жағдайын жақсартса, шетелге ешкім де кетпес еді.

Мен қазір өзім команда құрып, бір іс жасап жүрмін ғой, бірақ мұным да шындығында ешкімге керек емес. Көптің бірі болып қиналып жүрген тек өзім. Өзің шығарасың, өзің тасисың, өзің сатасың, «мынау саған пайда береді» деп өзің көндіресің оқырманды. Бірақ бұл өзімнің саналы таңдауым. Тіпті егер көршілес Ресейге барсам да, баспагер ретінде сұранысқа ие боламын деп ойлаймын. Ол еңбегім де, білімім де жоғарырақ бағаланады.

– Демек, сіздің де кейде кеткіңіз келеді ғой, солай ма?

– Жасырмаймын, ондай ой болып тұрады. Әрдайым.

– Бірақ кетіп қала алмайсыз… әлде кетіп те қалуыңыз мүмкін бе?

– Бір Құдай біледі оны. Ондай нұсқаны жоққа шығармаймын.

– Егер де сондай шешімге барсаңыз, қай елге табан тірер едіңіз?

– Адамды сыйлайтын, оның құқығы мен таңдауын құрметтейтін елге.

– Мәселен?

– Дамыған Батыс өркениетінің ықпалы болған мемлекеттер. Олар адамды бағалайды. Біздің қоғам адамды бағаламайды. Мамандардың қадірі жоқ. Тұлғаны тұлға деп мойындамайды. Біз қатар жүріп, бір-бірімізді бағаламаймыз. Батыс елдеріне шыққанда адамдардың бір-біріне жымия қарайтынын байқайсың. Бізде соның өзі жоқ. Бір-бірімізге жек көріп қараймыз. Кезекте тұрғанда сыйламаймыз, айқайласып кетуге дайынбыз. Үнемі конфликт. Сосын: «Осы өмір маған қаншалықты керек?» деп ойланасың. Қала берді, қазіргі істеп жатқаныңды көбісі түсінбейді. «Неге сен мынадай біліміңмен басқа нәрсе істемейсің, тендер алмайсың ба?» дейді. Ал менің олай жасағым келмейді. Егерде мақсатым тек қана ақша табу болса, кітаппен айналыспайсың ғой? Себебі бұл сұмдық ақша алып келетін сала емес. Міне, осындай адамдар сенің жаныңды түсінбейді. Сондай кездерде: «Шетелге барсам, тіпті біреудің ыдыс-аяғын жусам да, адам ретінде сыйлайды ғой» деп кеткің кеп кетеді. Жылына бір-екі рет әбден түңілген кездерде сайттарды ашып, «Қай елде азаматтықты қалай алуға болады?» дегенді оқитынымды да жасырмаймын. Бірақ менің Қазақстаннан кеткім келмейді. «Өз еліме, қоғамға істеп көрейін. Мен түсініп тұрмын, түсіне тұра істемесем, қалай болғаны?» деген ой мазалайды. Сондықтан елімнің жақсы жағын да көруге тырысамын. Мысалы, сіз бүгін мені іздеп «Не істеп жатыр екен?» деп қызығушылық танытып келіп тұрсыз. Демек, сізге қызық. Соның өзі жаман емес. Бүгін, міне, бір кітабымыздың екінші таралымын баспаханадан алып келдік. Яғни, алғашқы мың данасын мың адам алып оқыды деген сөз. Солай-солай ақырындап екі, үш, бес, он мыңға өседі деп үміттенеміз.

– Батыстың «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» деген бір сөзі бар ғой. Қазір қоғам осыған жиі құлақ асатын болыпты. Яғни, сенің өреңді, табысыңды киіміңмен, үйіңмен, астыңдағы көлігіңмен өлшейді. Олардың бірі жоқ па, демек, ақылыңнан не пайда деп қарайды. Сіз осыған келісесіз бе?

– Жоқ, меніңше, ол – жай ақымақ адамның айтқан бір сөзі ғана. Бұл жерде байлық пен табысты болудың арасына тікелей теңдік белгісін қойып тұр. Табыс тек ақшамен өлшенбейді. Мәселен, халықаралық деңгейдегі байқауларда жүлдеге ие болып жүрген музыканттарымыз бар. Олар мультимиллионер емес. Бірақ табысты музыканттар. Қазақстанды әлемге танытып жүр. Ол танымал, оны миллиондар мойындап жатыр. Яғни, табыстың ақшадан да құнды көрсеткіштері бар. Сондықтан «ақылды болсаң, неге кедейсің?» деген ол табыс пен байлық арасына теңдік белгісін қоятын кейбіреулердің айтатын сөзі. Басқа, ештеңе де емес. Бірақ, өкінішке қарай, бізде қазір солай ойлайтындар көп.

– Біз даму үшін артқа тартатын кері әдеттерден арылуымыз керек. Ендеше, ол қандай кері әдеттер деп ойлайсыз? Ұлт болып ұйысып, жақсы құндылықтарды алға шығауымызға не кедергі болып отыр?

– Меніңше, біз бойымызда комплекс басым ұлтпыз. Өзіміз өмір сүріп отырған ортаны бағаламаймыз. Мәселен, биыл Кемеровада өрт болды. Сонда біздің облыс орталықтарымыз «қайғыларыңызға ортақпыз» деген акция жасап, аспанға мыңдаған шар ұшырып жіберді. Иә, әдемі көрінді, акцияның мәні де орынды, оған дау жоқ. Бірақ, шар ұшырудан кімге қандай пайдасы тиді? Көршілес елдің қайғысы азайды ма? Қала берді, ол шарлар жарылып, бір жерге барып түседі ғой, ғасыр бойы шірімей жатады, ендеше, экологияға зиян келтірмедік пе? Бұл тым қарапайым мысал. Бұдан басқа… Айталық, біреу сыртымыздан бір нәрсе десе, бірден өкпелеп, ренжіп шығамыз. Бірде ресейлік блогер «өзбектер Пушкинді білмейді» деп шықты. Сонда бауырлас халық өкпелеп, орыс поэзиясын өзбек поэзиясынан да артығырақ білетінін дәлелдеу үшін флешмоб жасап, жаппай орысша өлеңдер оқып еді ғой. Егер де ресейлік блогер өзбектердің орнына қазақтар дегенде, нәтижесі тура сондай болушы еді. Толыққанды ұлт, қалыптасқан тұлға ешкімге еш нәрсені дәлелдеп әуре болмайды да. Оларға кім не десе де, бәрібір. Яғни, біз өз ауруымызды мойындауды білмейміз. Иә, кей нәрселерді білмейтін шығармыз, бірақ білуге міндетті де емеспіз ғой.

Бізде қит етсе, «дәстүрімізде болмаған» деп шу ете қаламыз. Ал, дәстүрге салсақ, онда көп нәрсе болмаған, тіпті мына үстіміздегі киіміміз де, компьютер, ұялы телефон, Интернет осылардың қайсысы дәстүрде бар? Ендеше, «дәстүрде жоқ» деу далбаса нәрсе емей не? Әсіредәстүршіл болу дамуды тежейтін нәрсе, ашығын айтқанда.

– Бірақ Жапония дәстүрден жаңылмай-ақ дамып жатыр ғой?

– Жапония – қатты дамып кеткен және демократияның қағидаларын іс жүзінде ұстанатын либералды мемлекет. Сіздің айтып отырғаныңыз сыртқы киім, шай ішу салтанаты – жай декоративті формадағы нәрселер ғой. Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар. Өткенде бір имам «кісі өлгенде жыртыс таратуды қойыңдар» деді. Баяғыда одан киім тігіп киген. Қазір ол матаның ешкімге қажеті жоқ, киімді тіктірмейміз, сатып аламыз. Бірақ өлінің туыстары тозған дәстүр үшін 2-3 миллион теңгеге дейін шығындалады екен. Немесе тойдан тойға көшіп жүретін ешкімге керек емес костюмдер. Мен ондай дәстүрді түсінбеймін де, қабылдай алмаймын да. Мен үшін кез келген нәрсе, құбылыс немесе дәстүр функционалды болғанда ғана қызық. Бізде біреулер кітаптың мұқабасын қажет болмаса да, дизайнға қайшы келіп тұрса да шамадан тыс алтын жалатып шығарып жатады. Біріншіден, ол эстетикалық жағынан әдемі емес. Екіншіден, алтын жалатудың ешқандай қызметі (функциясы) жоқ. Есесіне кітаптың шығынын қымбаттатады. Бұл – комплекс пен талғамсыздықтан туатын дүние. Минимализм керек бізге.

– Қазір кітап оқу біртіндеп трендеке айналып келе жатқан сияқты?

– Осыдан екі жыл бұрынғымен салыстырғанда бұл салада әлдеқайда алға жылжу бар. Екі жыл бұрын мен «Меломанға» «Күміс кітапты» алып барғанымда, кітап дүкенінде қазақ тіліндегі кітаптардан классикадан басқа түк те жоқ еді. Менің кітабым қазақ тілінде жазылған алғашқы заманауи кітап болды. Қазір дүкендерде заманауи қазақ авторларының кітаптары көбірек кездеседі.

– Сіз «ақындар пицца тасушыдай болуы керек» депсіз. Сол пікірді тарқатыңқырап айтсаңыз…

– Заманның ұрпағы болуымыз керек деп ойлаймын. Біз қазір тұтынушымыз. Бір нәрсе алғымыз келсе, сыртқа шығудың қажеті жоқ, Интернет арқылы сатып ала береміз, балалар киімі, тамақ, техника, не керек болса соны үйіңе тез арада жеткізіп береді. Осыған үйренген көпшілік кітапты іздеп жүріп оқи ма? Кітап шығарғың келсе, бұрынғыдай мемлекеттің ақшасына қарап, шендінің көңілін аулап отырудың қажеті жоқ. Оны басып бергенмен, кітаптың шыққанын кім біліп жатыр? Өзі шығарып өзі мәз бе? Заманауи автор өзі ақшасын тауып, оны кітапты басуға салып, өзі таратып, өзі жүгіруге тиіс. Айтқым келгені осы.

– Сөз соңы, көкейіңізде көптен бері көпшілікке айта алмай жүрген нәрсеңіз бар ма?

– «Қазақ тілі бай» деп күпінеміз де жүреміз ғой. Оның қолданыс аясын кеңейтуді ойластырмағанша бұл боскеуде мақтаныш. Бай тілден гөрі функционалды тіл артық. Сондықтан біз кітаптарымыздың бәрін қарапайым, тіпті қарабайыр тілмен жазып шығарамыз. Өте түсінікті болсын деп.

– Себебі бай, ауыр тілмен жазылған кітап өтпей ме?

– Жоқ, өтпегенде емес мәселе. Инстаграмның қысқа мәтіндерімен бәсекеге түсуді әрдайым есте ұстамасаң, кітабың оқылмаған жағдайда бұған ренжімеу керек. Және де экономикалық тұсы да бар. Кітабыңның жартысы функционалды емес көркем сөзден тұрса, ол қалыңдайды, кітап қалыңдаса, дайындап басып шығарудың шығыны көбейеді. Яғни, сөреде тұратын өнімнің бағасы да қымбатырақ, біршама оқырманға қолжетімсіздеу болады. Осыған байланысты тіпті бір-екі филологтан сын естідім, «сен тілді құртып жатырсың» дейді. Мен құртып жатқаным жоқ, тек оны заманға, сұранысқа сай ықшамдап жатырмын. Ағылшын тілі не үшін қолданысқа ие? Себебі ол өте функционалды тіл. Ол бай тіл, бірақ сонымен қатар функционалды нұсқасы да қалыптасқан. Ал бізде керісінше бай тіл бар да, фукционалды қазақ тілі жоқ.

«Ұлтты тәрбиелеу керек» дегенді аға буыннан бөлек, жастар да айтып жатады. Өзінің жағдайын әлі жасап үлгермеген адамның солай айтқаны тіпті оғаш естіледі. Бір түсінгенім, адамның қолынан іс келмеген сайын, оның «миссиясы» жоғарылай береді екен. Бізде солай, қолынан келетіні титімдей ғана, ал азуын Айға білейді. Керісінше, қолынан бір іс келетін адам ақырын жүріп, анық басады. Ал енді не үшін біздің санамызда «ұлтты тәрбиелеу керек» деген категория жүреді? Себебі біздің оқитын нәрсеміз әдебиет деп аталады, оның түбірі арабтың «әдеп» сөзі, яғни әдебиет деп отырғанымыз кең мағынада – әдепті болуға шақыратын кітаптар. Әдеп пен тәрбие – туыс ұғымдар. Осыдан болар, әдебиетті оқыған оқырманның қиялы көп те, әрекеті аз. Мен көрген замандастың көбінің бойында байқалатын қасиет осы. Ұлтты тәрбиелеуге құлшынып тұруы да ескірген парадигманың салдары деп білу керек. баспагерлік жолымда қазақ оқырманына жаңашыл әдебиет ұсынамын деп шештім. Және оны әдебиет деп атаудан бас тарттым. Мен шығаратын кітаптар үшін арнайы сөзді де ойлап таптым – амалиат. Қазақ тіліне қосқан жаңа сөзім осы болсын. Әдебиет – әдепті болуға шақыратын кітаптар болса, амалиат – оқып болған соң амалға, нақты іске, қарекетке шақыратын кітаптар. «Күміс кітабымды» оқыған Анар Фазылжанова бір сөзінде туындым бұған дейін шыққан бірде бір шығармаға ұқсамайды, оның жанрын айқындау үшін жаңа термин ойлап табу керек деп еді. Біз осындай кітаптарды шығарғымыз келеді. Бүгінгі замандаста бос қиялдан гөрі берекеге жетелейтін амалы басымырақ болуы керек. Амалиат – әдебиетті жоққа шығару емес, амалиат – әдебиетті толықтыру.

Құдай ретін салса, өзім бастаған AmalBooks баспасының миссиясын қазаққа жаңашыл заманауи парадигмада жазылған 1000 кітап беру деп алдық. Мақсатымыз ұлтты тәрбиелеу емес (өзімді тәрбиелей алсам да жақсы), кітаптарымыз арқылы оқырман әлеуетін танып, нақты амал жасай алатындай жағдай қалыптастыру.

– Жаңа жанр енгізіп отырсыз ғой демек?

– Иә, біздің кітаптарды амалият деп атаған дұрыс. Мысалы, «Күміс кітапты» оқыдың ба, өзің тәжірибелі оқырманға айналып, басқа оқырмандарды қалыптастыруды қолға ала аласың. Ал «Күнкөрістен кет, байлыққа жет!» шығармасын оқысаңыз, команда жасақтау, менеджмент пен маркетинг, күнделікті өмір мен бизнесте қажет басқа да тақырыптар туралы түсінігіңізді кеңейтесіз.

– Ал, Бақытжан мырза, ашығын айтып, шешіліп сөйлескеніңізге рахмет. Өзім де көп ой түйдім, оқырман да өзіне керегін алар деген ойдамын.

Әңгімелескен Мәриям Әбсаттар

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.