Сарайшық — Қасым ханның астанасы

0
4130

Былтыр қыркүйектің басында Сарайшыққа барып қайтудың сәті түсті. Бүгінгі мақалам көне қаланың байырғы даңқы мен қазіргі мүшкіл жағдайы жайында.

Танымал саяхатшы Ибн Батутта Сарайшыққа 1334 жылы келіп, қаланы аралап, өзінің «Өмірлік саяхат» деген кітабында мынадай естелік жазып қалдырыпты: «Мен дүние жүзінің бәрін араладым. Сол аралаған қалаларымның ішінде Сарайшық қаласы Бағдаттан кейінгі дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі екен. Сол Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім, қалада ханның сарайы бар екен, төрт мешіт, өте көптеген қонақ үйлер бар екен. Бірақ біз оларды көріп таң қалған жоқпыз, менің таң қалғаным жер шарын аралап жүргенде көрмеген қызықтың көкесін Сарайшықтан көрдім. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен». Су өзі барады деп тұрғаны ХІV ғасырдың ортасында Сарайшықта су құбыры болған. Әрбір үйге су құбыры жүріп тұрған. Оның құбырлары қыштан жасалған. Ол құбырлар қазба жұмыстары кезінде табылып, қазіргі кезде ескі қаланың маңындағы музейде сақтаулы тұр.

Қаланың орны әр жылдары қазылып келе жатыр. 1999 жылы жердің астынан екі қабатты 45 бөлмелі қонақ үйдің екінші қабаты шығарылды. 2000 жылы соның бірінші қабатын қазылды. Қасынан ХІІІ ғасырдың моншасы табылды. Табанына кафель сияқты тастар төселген, бояулары сол күйінде сақтаулы тұр. Канализация, септигі, тіпті ішінен сол кезде пайдаланған шылапшындарына дейін шыққан екен. Құдық та табылған. Құдықтың жеті метрге дейін тереңдігіне барғанда бір құмыра, қасынан кесе шығыпты. Құмыраның қасиеті таңертенгі бояуы бір бөлек, түстегі бояуы бір бөлек, кештегі бояуы бір бөлек болып құбылып тұрады. Бір жақ бүйірінде «Бұған адамның көз жасы құйылмасын» деген арабша жазуы бар. Кесеге қатысты айтатын болсам, ол да уникум, дүние жүзі бойынша осындай екі кесе ғана табылыпты, біреуі Мысырдан, екіншісі бізден шығып тұр. Кесенің қасиеті сол, ішіне құйылған тамаққа у салып жіберсең, кесенің бояуы сол бойы өзгеріп қоя береді. Бұл заттар дүние жүзінде өте сирек кездесетін заттар. Сондықтан 2000 жылы 18 қыркүйектен бастап табылған көптеген алтын, күміс, ақша, білезік, сақина, тәуір құмыралардың барлығы Астанадағы Президент мұражайына алдырылыпты.

Ескі қала маңында орналасқан қазіргі музейдің гидінің айтуы бойынша, қаланы 1580 жылы орыстың патшасы Иван Грозный казактарды жіберіп қираттырған. Казактар қаланы алған, бірақ ештеңесін бүлдірмеген. Оны естіген Иван Грозный өзі келіп, қалада он екі күн болып, кетерінде казактың атаманына: «Қала өте көрікті, өте сәнді, бірақ біз жаулаған жерде мұндай қала тұруға тиісті емес. Оның ішінде Москваға ұқсайтын қала тұруға тиісті емес. Сондықтан қаланы тас-талқан етіп қиратып, молаға айналдырыңдар» — деген. Сөйтіп бес ғасырға жуық өмір сүрген Сарайшық 1580 жылы 27 тамыз күні күл-талқан болып қиратылып, топыраққа айналған. Содан кейін ғасыр жарым тонаудың астында қалған.

Иван Грозныйдың Сарайшықты іждағаттап құлатып жүрген себебі – өзінен бұрын билік құрған орыс патшасы Юрий Долгорукий Москваны салдырғанда, Қызыл алаңды Сарайшықтан көшіртіп салған, ал Кремльдің түгелімен Алтын Ордадан көшірілген. Алтын Орданы Ақсақ Темірдің құлатқаның пайдаланып, жер бетінде Москваға ұқсайтын қала қалдырмаймын деп, әуелі Қазанды құлатқан, содан кейін Сарайшықты құлатқан. Қазанды құлатып жүрген себебін айта келе, гид: «Москвада болсаңдар немесе болып жатсаңдар, Кремльдің жан-жағында төрт-бес әдемі собор бар, жұрт осы күнге дейін Казанский, Успенский соборлар деп атайды. Сол Қазан соборының көрмесін Қазаннан көшірген. Сонда собор Қазаннан, Кремль Алтын Ордадан, Қызыл алаң Сарайшықтан көшірілген. Ал оны өздері олай деп жатпайды. Бір сөзбен айтқанда, «Москва построена по восточному стилю» деп жазылатыны осыған байланысты»,  — деген болатын.

ХVІІ ғасырдың аяғында батыста қатты су тасқыны болған. Көптеген елді-мекен судың астында қалған. Сол кезде Жайық арнасынан шыққан. Сол кезден бері қаланың 5/6 бөлігі судың астында, оның үстіне қалған бөлігін жылма-жыл су тасыған сайын бес метрден, он метрден су алып кетіп жатыр. Былтыр 2015 жылы үш километр жаға бекітіледі деген қаулы қабылданыпт. Жаға бекітілген бойы, онда қазба жұмысын қайта бастап, ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру жоспарланып отырған екен.

Сарайшықтың даңқының әлемге жайылуының себебі — ол Ұлы Жібек Жолында жатқан ең ірі қалалардың бірі болған. Араб саяхатшысы Ибн Батутта осында айына жеті жүзге дейін керуен келеді екен деп жазады. Сарайшық үлкен сауданың орталығы болған. Іздеген заттың бәрі табылған: Қытайдың жібегі, парсының кілемі, грек пен арабтың арғымағы – барлығы осында, жылқының өтін, құстың сүтін ғана таппайсың, қалғанының бәрі бар деп кеткен. Қасым ханның кезінде Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болған қалалардың бірі. Сарайшықта сфераконустар — сол кездің термостары табылған. Олар температураны бір тәулікке дейін сақтап тұратын болған.

ХV ғасырдағы Сарайшықтағы жалпы хан сарайының көрінісі осындай болған. Бұл кезде әз Жәнібек хандық құрған. Оның жиырма ұлы, он бір қызы болыпты. Хан ең сүйікті қызына арнап Сарайшықтың күн батыс жағынан жасанды көл жасатқан. Көлдің суын он бес-жиырма күн сайын ауыстырып отырған. Ауыстырған сайын көлдің бетіне қайықпен жүріп шекер себеді екен. Су неғұрлым тәтті болса, аққу соғұрлым көп қонатын болған. Сондықтан да бұл көл тарихта Аққу көлі, кейде Шекеркөл деген атпен қалған. Көлдің сәнін арттырайын, халықтың келуін көбейтейін, атағымызды әлемге таратайын деп әз Жәнібек хан қызына алтындалған қайық жасап берген. Ханның қызы алтындалған қайығына мініп, аптасына екі-үш рет серуенге шығады екен. Ол серуенге шыққан күні жұрттың көпшілігі көлдің жағасына алтындалған қайықты көреміз, ханның қызын көреміз деп келеді екен. Ханның қызы қарапайым болыпты. Қайықта бос орын болса, «жүр, бірге қыдырамыз» деп кезектестіріп мінгізеді екен. Әсіресе кешке қарай айдың жарығымен құрбы-құрдастарымен қыдыруға шығып, қайығында келе жатып:

Сарайшықтың саздары,

Қаңқылдайды қаздары.

Су сұраса бал береді

Біздің елдің қыздары,

— деп әндетеді екен.

Сөйтіп халқының сүйіктісіне айналған ханның қызы ұзатылар алды бір ай қалғанда, жасауы жасалып қойғанда, он төрттен он беске қараған шағында бір түнде қайтыс болыпты. Хан халқына: «Қайғыма ортақтасқандарыңды сездім, оларыңа көп-көп рахмет. Сүйікті қыздарыңды бір айдан кейін жерлеймін», — деген хабар береді. Жұрт нанған. Өлі денесіне төрінен қырқына дейін орын берген ғой десе, хан сол күні өзіне сенімді жеті адамды шақырып: «Қызымды бүгін түнде апарып жерлеңдер, алтындалған табытқа салындар, алтын қайығын, қайыры жоқ жасауын бірге апарып көміңдер. Сол көмген жерлеріңді адам білмейтін болсын. Айтқанымды орындап келсеңдер, әрқайсыларына алтын қайықтың құнындай сыйлық сыйлаймын», — деген екен. Сөйтіп жетеуі түннің ішінде жерлеп, түнімен шұбыртып айдаған жылқының дауысы азанға дейін тыйылмапты. Таңертең келіп, «Тақсыр, айтқаныңыздың бәрін орындадық, ұшқан құс, жүгірген аң, екі аяқ жан да білмейтін болады», — депті. Хан сол бойда жетеуінің де басын алған. Содан бастап Сарайшықтың жерінде алтын қайық, алтын табыт, алтын жасау жатыр деген аңыз шығады, 1580-жылдары казактар қаланы қиратқаннан кейін, оны он бір жыл қазып, қопарып қараған. Бірақ алтын қайықты тапты ма, таппады ма, ол жөнінде осы күнге дейін тарихи дерек жоқ.

Алтын Орда ыдыраған кезде төрт хандыққа бөлініп кеткен. Сол кезде Сарайшықта Ноғай хандығы құрылған. Әмірі Ноғай, ноғайдың атақты батыр Едігенің немересі. Ал Қасым хан болса — қазақ, ол әз Жәнібектің баласы. Ол 1511-1518 жылдар аралығында хандық құрған. Шамамен 1513 жылы Қасым хан Сарайшықты Қазақ хандығының астанасы деп жариялаған. Ол кезде қаланың ұзындығы он километрге, ені сегіз километрге дейін созылған. Жалпы Қасым ханға қарайтын халықтың саны миллионға жеткен. Қазақты қазақ етіп, басқа ұлттармен ұлт ретінде теңестіріп, атағын әлемге жайған – осы Қасым хан.

Шейх Мамай Қасым ханға күйеу бала, әмір Оқастың туған немересі. Ең соңғы жерленген хан Жүсіп. Жүсіп мұсылман дінін қабылдаған. Ал інісі Исмаил православ дінін қабылдапты. Жүсіп орыстармен болған шайқаста қайтыс болған. Ол өлгесін бұлардың тұқымы түгелдей православ дінін қабылдап кеткен. Орыстарда Юсуповтар әулеті, князь, граф Юсупов деген бар. Распутинді өлтірген Юсупов та осы әулеттен. Соның арғы аталары Жүсіптен тараған. Исмаилдан тарағандар Исмаилов болып кеткен.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.