Қазаққа Дубай несімен қызық? Бірінші бөлім

0
2179

Әңгімемді бірден турасынан бастайын: Air Astana компаниясы қыркүйек айының басында Алматыдан Дубайға күн сайын қатынайтын тікелей рейс ашып, мені біріншісіне шақырып, Дубайды аралатты. Сол жерде екі күнімді өткіздім.

Негізі, бұл бағытты отандастарымыз сүйіп таңдайтыны рас. Оның себебін ақтаратын болсақ, өзіміз үшін бірқатар қызықты нәрселерді анықтаймыз.

Алматыдан Дубайға ары-бері ұшып барып келудің құны 73 000 теңгеден басталады. Air Astana компаниясының сайтында визаны рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Визаны ұшар алды он күн бұрын рәсімдеп бастау керек, сосын сайт арқылы жасағанның бір пайдасы делдалсыз болғандықтан, үстеме ақы құртпайсыз.

Сонымен қатар Air Astana астаналық туристерімізді Абу-Дабиға аптасына төрт рет жеткізіп отырады.

Дубайдың басқару формасына келетін болсақ, қазіргі кезде онда шейх Мұхаммед бен Рашид әл-Мақтұм әмірлік етіп отыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде әмір деп қолбасшы немесе ел билеушіні айтады. Әрбір әмірді шейх деп атау үшін он шақты себеп болуы мүмкін. Мәселен, байлығы, лауазымы, қайырылымдығы жағынан сыйлы адам болған жағдайда. Ислами бағыттағы ғалымдарды да шейх деп айта береді екен. Бұл ел жеті әмірліктен тұрады, оны жеті әмір билейді, яғни осында жетті абсолюттік монархия бар деп айтуға болады. Былайша айтқанда, әрбір әмірліктің өз қожайыны бар. Одақтың жоғарғы кеңесі бес жылда бір рет БАӘ президентін сайлайды. Жоғарғы кеңес жоғары билік органы саналып, жеті әмірліктің жеті әмірінен тұрады. Осы жетеуі мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын анықтайды. Бұл жерде жоғарғы және төменгі палата, парламент деген түсінік жоқ. Барлық мәселені осы жеті әмір шешеді.

Шейх Мұхаммед бен Рашид әл-Мақтұмды Дубайда қатты сыйлайды екен. Оның себебі ол Дубай әмірлігін орталық бюджеттен тәуелсіз етіп, өзінің ақшасына өзі өмір сүретіндей қылған. Ең қызығы, Дубай қалған әмірліктердің ішінде мұнай қорымен мақтана алмайды екен, қазіргі күннің өзінде қалған мұнай қоры ары барса алдағы 1-1,5 жылға ғана жетеді деп жоспарланып отыр.

Дубай әмірлігінің бюджеті:

1) еркін экономикалық аймақ қалыптастырудың;

2) бизнес және туризмнің;

3) алюминий комбинатының (Дубай алюминий экспорты бойынша әлемде 8 орын алады екен) арқасында толықтырылып отыр.

Қалған бес әмірліктің экономикасы Абу-Дабиға тәуелді болғандықтан, олардың әмірлері бес жыл сайын кімді президент қылып сайлайтынын тауып айту қиын емес. БАӘ конституциясы бойынша әрбір әмір кезек-кезекпен әрбір бес жыл сайын ауысып, билік құруы керек екен. Бірақ мемлекетті ылғи Абу-Даби әмірі басқарып отырады. Дубай ықпалы бойынша елдегі екінші әмірлік болғандықтан, шейх Мұхаммед бен Рашид әл-Мақтұм вице-президент және премьер-министр қызметін атқарады екен. Шардж әмірлігі ықпалы бойынша үшінші орында, елдің мәдени астанасы саналып, өзінің қатаң тәртібімен ерекшеленеді екен. Мәселен, мұнда шариат заңдары қатаң сақталып, Шардж әмірлігінің әмірі III Сұлтан бин Мұхаммад әл-Касими мемлекеттің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласын басқарады. Әрбір әмірді орнынан тек отбасылық кеңес алып тастай алатындықтан, БАӘ әмірі Дубай әмірін әмірлігінен айыра алмайды екен.

Неліктен Дубай шетелдіктер арасында, өзіміздің халқымыз арасында туристік орталық ретінде қалған әмірліктерге қарағанда танымал болып келеді? Оның себебі, ең биік ғимараттар, қолдан жасалған әлемнің таңғажайыптары, ең қымбат нәрселер, барлығы осында. Дубайдың қазіргі әмірінің әкесі мемлекет 1971 жылы құрылғанда әмірліктің мұнай қоры оны туристік орталыққа айналдыра алмайтынын жақсы түсініпті. Сонда Дубайдың мұнайының үлес салмағы 4,6 пайыз болыпты. БАӘ Конституциясы бойынша, әмірлік аумағындағы қазба байлықтары сол әмірлікке тиесілі. Амалы болмағасын, ол ағылшын компаниясын шақырып, оған Дубайды әлем үшін тартымды қалаға айналдырыңдар деп тапсырма береді. Дубай әмірлігі әлі күнге дейін Ұлыбританиямен жақсы қарым-қатынаста екен, ал Шардж, Рас-Эль-Хайма, Фуджейра әмірліктері жайлы олай айта алмаймыз.

Әкесі мұнайдан түскен долларларды әмірлігін көркейтуге құйса, ұлы, яғни қазіргі әмір әкесінің идеясының барлығын жүзеге асырып жатыр екен. Танымал Пальма аралдары, Бурдж Халифа, Джумейра ауданының салынып жатқанының басты мақсаты да осында ірі бизнес пен туристерді тарту және, әрине, әлемді тамсандыру.

Дубайда метро желісі бар, үш линиясы жұмыс істейді. Монорельс жолдарын алты жыл салып, 9.09.09 күні 9.09 уақытында ашыпты, бұның себебі арабтар ашылуын Алланың 99 есімімен байланыстырғысы келіпті. Мұнда бес вагон, ортасындағы үшеуі күміс, шеткі екеуі алтын, әрине, ыңғайлылығы мен салтанаты бойынша алтын вагондар жоғары тұр. Ең қызығы вагондарды машинист емес, жүйе басқарады және машиниссіз басқарылатын ең ұзын желі ретінде (78 шақырым) Рекордтар кітабына еніпті. Жол ақысы жүрген жолыңыздың ұзақтығына байланысты.

Дубайдың жаңа қала жағында орналасқан зәулім ғимараттар мен басқа да жобаларшетелдік капиталды тарту арқасында салынған. Қолдан соғылған аралдар ішінде Пальма Джумейрадан (40 мың адам құрылысына араласқан) бөлек Әлем картасы (әлемдегі ең үлкен қолдан жасалған архипелаг саналады), әлі салынып болмаған Пальма Жебел Әли және ұзындығы 10 шақырымды құрайтын Пальма Дейра аралдары бар. Соңғыларының жұмысы қаржылық дағдарысқа байланысты тоқтатылған. 2008 жылғы дағдарыс кезінде Дубай банкрот жарияланып, сыртқы қарызының жалпы сомасы 78 миллиард доллардан асып кеткен. Дағдарысқа дейін шетелдіктер Дубайдағы құрылысқа қыруар қаражат құйып, қаладағы аудандар бір-екі жылдың ішінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты бой көтере бастаған. Дағдарыстан кейін жылжымайтын мүліктің бағасы күрт төмендеп кетіп, құрылыс саласына инвестиция түспей қалып, қазіргі уақытта біраз нысандар салынбай тұр. Дубайдың басына бұлт төнген жылы қала әміріне БАӘ әмірі президент Халифа ибн Зайд Әл Нахайян көмекке келіп, Дубай әмірлігінің сыртқы қарызын толықтай жабады. Соның ішінде әлемдегі ең биік ғимараттың құрылысын аяқтауға Халифа ибн Зайд Әл Нахайян өзінің жеке қаржысын құяды. Басында Бурдж Дубай деп аталуы жоспарланып отырған әлемдегі ең биік ғимарат осының арқасында әмірдің есімін алып, Бурдж Халифа атанады.

Дубайды жан-жақтан шөл қоршап тұр. Бірақ әмірлікте қаланы көгалдандыру саясаты жүргізіледі екен. БАӘ бойынша ең құнарлы топырақ Фуджейра, Рас-эль-Хайма, Әл-Айндыкі саналады. Бұл жерлерде пальма арнайы күтімсіз-ақ өсіп шыға береді екен. Ал Дубай, Абу-Даби, Шардж, Аджман, Умм-әл-Кувейнде құмнан басқа дым да болмаған, құнарлы топырағы мүлдем жоқ. Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Халифа ибн Зайд Әл Нахайян мемлекеттің оазисі саналатын Әл-Айн қаласында туып өсіп, ел басқарғанға дейін сол жерде тұрады. Билікке келіп, Абу-Дабиға ауысқасын, мемлекеттің астанасын да Әл-Айн секілді оазиске айналдырғысы келеді. Қазіргі уақытта Абу-Даби көгалдандыру жағынан бірінші орында екен. Шейх Зайд көгалдандыру бағдарламасын жасауға тапсырма беріп, оны жүзеге асыру үшін осы күнге дейін миллиардтаған доллар жұмсалып келеді екен. Елге сырттан тыңайтқыш ретінде жасанды торф әкеліне бастайды, бірақ ол ыстықта бір апта ішінде күйіп кетіп, күлге айнала береді. Осы жердің климатына сай келетін торфты бір голландиялық ғалым ойлап табады. Ол торфқа үнді ағашының тамырын қосыпты. Қазіргі кезде сол торфты өндіретін екі зауыт Дубайдың аумағында орналасқан. Бір пальманы тек суарудың өзі жылына 1,5-2 мың доллар қаражат қажет етеді екен. Бірақ шөл гүлденіп жатқанда, араб үшін доллардың маңызы бар ма? Осы ерлігі үшін голландиялық ғалымға автоматты түрде БАӘ азаматтығы беріліпті. Теория бойынша, бұл елдің азаматтығын үш жолмен алуға болады екен:

1) егер шетелдік әйел әмірліктің азаматына тұрмысқа шығып жатса. Соның өзінде олар кемінде 15 жыл бірге тұрып, олардың ортақ балалары болуы керек. Соның өзінде жанағы әйелдің азаматтықты алуы екіталай;

2) арабтарға пайдасы тиетін ноу-хау ойлап тауып жатса. Соның өзінде өнертапқыштың азаматтықты алуы екіталай;

3) шейхты қатты тамсандырып жатса. Мәселен, ерлік жасаса. Соның өзінде ондайға азаматтықтың берілуі екіталай.

Әлі айтылатын талай қызық бар. Келесі жазбаларда қозғайтын боламын.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.