Серік Абас-шах, Бейхабар қалмаңыз: өзім және телевизия туралы…

0
2848

Менің ойымша, әрбір журналист (продюсер, автор) қанша ұнатпаса да, қанша жек көрсе де, өзі сынап (мінеп) отырған адамның (ол тіпті «адам емес» болса да) азаматтығын, намысын құрметтей білуге міндетті.

Көкейдегі айта алмай жүрген ойларды сатиралық шумақтармен жеткізіп, әлеуметтік желілердің нағыз жұлдызына айналған Серік ағаның жүз беттік туындысын 9 жыл оқыппын. Бұл «бір кітапты қанша уақыт оқисыз?» деп мазамды қашыратындарға жауабым болсын. 2007 жылы «Хабарға» алғаш келгенімде (иә-иә, бұл телеарнамен тағдырлас болмағандар, шамасы, жоқтың қасы), бірінші кезекте ағамыздың кабинетіне кіріп, танысқан болатынбыз. Сол кезде мөрмен басылған тілегі бар кітабын сыйға тартқан-ды. Қазір автор мені танығанымен, ол кездегі шидей арық студент Бақытжан есінде қала қоймаған болар. Жас кезде жеке кабинетте былғары креслода теңселіп отыратындардың бәрі үлкен бастық көрінеді ғой, Серік аға арнада бас продюсер болып жүрген кезең. Неге екенін білмеймін, кітап сөреге қойылды да, содан бері көзге түспей, біраз жылға ұмыт болды. Арасындағы үзілістен бөлек бірнеше редакцияда жүріп «Хабарда» екі жылдай уақыт қызмет етіппін. Енді жасым отызға таяғанда кітаппен екінші мәрте қауышып, білмеймін, ағамның тілі жеңіл болғасын ба, әлде (шамасы, осы нұсқа дұрысырақ) ішімде жастық шаққа ностальгия оянғасын ба, бір сағат ішінде (негізі, одан да аз уақытта) сіміріп алдым.

Жуырда ғана танымал журналист Вадим Борейко өзінің естеліктерге толы «Котелок» кітабын жариялап, елді бір шулатып еді. Ол кітап еліміздің қазіргі заманғы тарихындағы оқиғаларға авторлық көзқарасымен қызық болды. Серік ағамыздың он жыл бұрын шыққан туындысы да тек жеке өмірден сыр шертетін естеліктер жинағы ғана емес, сол кез бен бүгінгі күні ел алдында жүргендердің портреті жайлы баяндайтын, «Хабар» мен «Ел арнаның» құрылуы сияқты оқиғалардың мән-жайын ашып беретін жақсы дерек екен. Екі кітаптың арасындағы ұқсастық осында. Бірақ Серік ағамыздың естеліктері халалырақ екен.

Екінші класта жүріп «Мың бір түнді» оқыған ағамыз алғашқы сатирикалық өлеңін үшінші сыныпта жазыпты:

Зубной врач Зиябек

Мына тістер зиян, — деп.

Тістерімді суырды.

Қуырдақтай қуырды.

Шымкенттіктер туралы жазған сипаттамасы тым сәтті шығыпты. Ұзақ болғандықтан, мында көшіріп салмай-ақ қояйын. Реті келгенде, кітабын тауып, өздеріңіз танысып шығарсыздар.

Бұл биылғы жылы оқыған кітаптарыма жазылған 21-рецензия. Негізі, 77-рецензия болса жарасып кетер ме деп едім, бірақ жылдың соңына дейін сонша кітап оқу-оқымауым беймәлім. Бірақ екі сан да жетіге бөлінеді.

Серік Абас-шах

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.