«Күміс кітаптың» авторымен кездесу

0
1866

«Жайық Пресс» медиахолдингінде белгілі саясаттанушы, жақында ғана жарық көрген «Күміс кітаптың»  авторы Бақытжан Бұқарбаймен семинар-тренинг өтті. Еркін форматта сұрақ-жауап түрінде  өткен кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылары және журналистер қатысты.


Кездесуде Бақытжан Бұқарбай әлеуметтік желінің маңыздылығына тоқталып, «Оқырманды қалай қызықтыруға болады? Қалай аудитория жинауға болады? Сайттың  оқылымдылығын арттыру үшін не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ автор өзінің журналистік тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі журналистиканың дамуы туралы өз ойын ортаға салды. Семинарда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан  Хаберұлы  алдағы жазда 100 жылдығын тойлағалы отырған қос бірдей басылым «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері және «Жайық Пресс» медиахолдингі туралы айта келіп, алыстан ат арытып, жаңа кітабын жұртшылыққа таныстыруға келген Бақытжан Бұқарбайға ризашылығын білдірді.

Өз тілшіміз

* * *

PRI_0481Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Бақытжан Бұқарбайдың жаңа туындысы «Күміс кітаптың» таныстырылымы өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен шараға студенттер мен кітапсүйер қауым жиналды. Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева аталмыш кітап туралы өз ойын ортаға салып, кітап авторы Бақытжан Бұқарбайға батасын берді.

— «Күміс кітап» — бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесін қамтыған еңбек. Қазір жастар кітап оқымайды дейміз. Кезінде С. Торайғыров «Жағаласып жүріп, төбелесіп жүріп қоғамды өзгерте алмайсың.

Бірлікпен, біліммен өзгертесің» деген екен. Міне, бүгінгі кітап авторының да мақсаты қоғамға өз үлесін қосу – деп сөзін сабақтаған Ақұштап ақын кітапхана ұжымына «Оқырман» клубын ұйымдастырып, кітап алмастыратын орта құру идеясын ұсынды.

Ал кітап авторы Бақытжан Бұқарбай өз кітабы туралы былай дейді:

— Бұл кітапты жазу мақсатым — жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру. Қазіргі заманда кітап оқу сәнге айналды деп айта алмаймын. Менің ұғымымда көп оқыған адам өз өмірін өзі жасай алады. Өмірде көп жетістіктерге қол жеткізе алады. Бұл тақырып менің санамда бір жарым жылдай пісіп жүрді. Негізгі түрткі болған мәселе – азаматтық борыш. Мен де қарапайым өмір сүретін жандардың бірімін. Әр түрлі мәселелер менде де бар. Бірақ осылай созып жүре берсем, қызығушылығымның жоғалып кететінін сездім. Сондықтан былтыр қыркүйек айында осы кітапты жазуды қолға алдым. Күніне бір-екі сағаттан арнап, он алты күнде аяқтадым. Баспаханадан шыққанша үш айдай уақыт өтті. Қазіргі жастардың талғамына сай жазылды деген ойдамын.

Кітаптың оқылу уақыты 1,5-2 сағат.

Бұған дейін ғылыми бағытта үш кітапты жазып үлгерген автордың жаңа кітабы жастардың кітапқа қызығушылығын арттыруға ынталандырады екен. Астана, Алматы қалаларында «Күміс кітаптың» тұсауын кескен автордың бірден Оралға келуінің де өз сыры бар. Өйткені жұртшылық арасында қызығушылық тудырған, әсіресе, әлеуметтік желіде танымал болып жатқан «Күміс кітаптың» жарыққа шығуына оралдық кәсіпкер Нәдір Құрымбаев үш демеушінің бірі болып, қолдау танытыпты.

Жастарға рухани әсер сыйлаған шараны БҚО әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Түсіпбекұлы жүргізді. Студенттер мен кітапсүйер оқырмандар авторға тікелей сұрақтар қойып, мағыналы өткен шараға шынайы ризашылықтарын білдірді.

Кітап туралы өзекті ойлар айтылып, әсерлі өткен кездесу соңында кітапсүйер оқырман «Күміс кітаптың» авторы Бақытжан Бұқарбаймен естелік суретке түсіп, қолтаңба алып тарқасты.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.