Оқу жөнінде оқу — Шыңғыс Мұқан

0
3129

Жарнамасы жүріп тұрған соң, інім арқылы Алматыдан Астанаға салдырып, одан, Жаңа жылға елге келген студенттер арқылы Америкаға алдырып оқыған кітабым Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітабы» болды.

Автордың тәуелділік деңгейіне жеткен оқуға құштарлығы, тіпті құмарлығы бір қолына шам, екінші қолына кітап ұстатып, мистер Моррис Лессмордың бастан кешкен таңғажайып оқиғаларындай жетелеп алып кете барады. Күдіктінің қылмысына дәлел іздеген Шерлок Холмс пен Конан Дойлдың кітабын іздеген Бақытжан Бұқарбайдың арасын қандай құдырет байланыстырады? Құмарын қандыру жолындағы ізгілікті ізденісте қоғамды мазалайтын (дұрысы мазаламайтын) кітап оқу мәдениеті бүгінінің симптомдарын өз оқиғалары арқылы суреттей отырып, синдромына үңіледі.

Ойнап жүріп емделуге келмейтін асқынған ауру болып шығады. Тіпті диагнозы да белгісіз. Құран аяттарына сілтеме жасап, Қазақстан туралы эпиграфпен айдар тақсаң да шығармаңнан шаң таппайтын мұғалімдер; жоғарғы оқу орынына сыйға тартса да алты ай бойы қораптан шыға алмай, постмодернистік интерьерлік туындыдай құрсауға қамалған кітаптар; көзге тамызуға жетпейтін 500 дана тиражбен шықса да баспахана қоймасында шаң басқан 50 томдық қазақ этнографиясы. Саналының жүйкесіне жүк арттырып, ойына салмақ салатын мысалдар.

Автор одан түңілмейді. Себебі, ол өз шындығына сенеді, иманындай иланады. Барлық сұрақтың бір жауабы бар екенін, барлық аурудың бір ғана емі бар екенін, бар асқанға бір тосқан бар екенін біледі. …Кітап-құдырет деген…

Әлем халықтарының ертегілерінен басталған көркем әдебиетке қызығушылық Робинзон Крузо мен Гулливердің әлеміне саяхаттатса, шынайы шығармалар желісі физик Фарадей бастаған он мың тұлғаның өмірбаянымен өрбиді. Одан ары қарай Гегель мен Вольтердің адам табиғатын талдаған күрделі концептермен жалғасады.
Бақытжан үшін кітапсыз өмір бос, тіршіліктің мәні жоқ. Автор мен кітаптар арасындағы махаббат интимдік деңгейге жеткен. Автор мен кітаптар арасындағы тілсіз түсіністік шарықтау шегіне шыққан.

Бақытжан кітапты өзінің айызын қандыру үшін емес, білгенімен бөлісу үшін, білімін ел игілігіне жарату үшін оқиды. «Күміс кітап» соның айғағы. Шығарма авторының басқа оқымыстылардан ерекшелігі де осыда.

Кітаптың бірінші тарауын «Кітап құмарлар қауымдастығы бар ма екен осы?» деп аяқтайды. Кітап оқу мәдениетін тарату миссиясы енді осы сұраққа жауап берумен жалғасуы керек сияқты. Оның жауабын Өзің бере алатынындай қауқарың бар екенін білемін. Ағылшын тілділерге арналған Goodreader деген тамаша app бар. Тіркеліп, кітап оқу жоспарыңды жасап, оқылған кітаптарды тізіп отырасың. Кітап оқуға құлшынысыңды арттыратын керемет құрал. Осы сынды жобаларды ұйымдастыру қолыңнан келетініне сенемін.

Бүгінгі өркениеттің материалдық мазмұнының айшықты формасы – ақша-айырбас қатынасы болса, тарихи деректер қазақ даласы адамзат өркениетінің перифериясы болмағанынан хабар береді. Осы тақырып қызықтырып, мен де орта ғасырлық біраз тиындар мен оларға қатысты бірқатар кітаптарды жиғаным бар. Тиындардың бірінде Ресейдің ел таңбасындағы екі басты бүркіт бейнеленген. Бірге зерттейтін тақырып.

Өткен жылы Атырауда Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ісшарасын жасақтап, кітап оқу кеңесі құрылған болатын. Оған себеп Назарбаев зияткерлік мектебінің кітапханасын аралап жүргенімде көзім түскен Оқушылар оқитын жүз кітап тізімі болатын. Оқушылар мен студенттердің арасында түрлі кітап оқу конкурстары, Абай жолын жатқа оқу сияқты қызықты байқаулар, кітапты қызықтап отырған жастардың суреттерін баннерлерге ілу сияқты промо-акциялар қамтылған. Бастамашыл жоба болған соң, әзірге жалғасын күтуде.

Осыдан екі жыл бұрын Стамбұлдың әуежайында Әлемнің үздік 50 әңгімесі деген кітапты сатып алып, қазақ әдебиетінің ең үздік 100 өлеңі және 50 әңгімесін неге шығармасқа деп, 10 мыңнан астам оқырман арасында сауалнама жүргізіліп, іріктелді.

Бірінші мақсат – жастарды әдебиеттің қос қанаты – поэзия мен прозаның таңдамалы туындылары арқылы қазақ көркем әдебиетіне тарту болатын. Екіншісі, ағылшын тіліне аударып, әдебиетімізді шетел оқырмандарына таныстыру еді. Шетелге оқуға кетуіме байланысты бұл жобалар да әзірге тоқтап тұр.

Менің көзім жеткен бір шындық: қазақтың болашағын баянды етер жалғыз күш бар. Ол – кітап. Сондықтан, қазақ пен кітапты қалай достастырсақ екен деген сауал ойыма сан кіріп шықты.

World Culture Score Index-тің мәліметіне жүгінсек, әлемде кітапты ең көп оқитын ел – Үндістан екен. Үндістер аптасына 11 сағатқа дейін кітап оқиды. Сосын Тайланд пен Қытай. Әрқайсы 9,5 және 8 сағаттан. Кітап шығару бойынша, Қытай көш бастап тұр (440 мың), екінші орында – АҚШ (300 мың). ЮНЕСКО-нің дерегі бойынша, әлемде 2013 жылы, мәселен, 2,2 миллион атау кітап басылыпты, қайта басылғандарын қосқанда. Қазақстан бұл тізімде 1 224 кітаппен 64 орында.

Кітап шығаруда бәсекеге түсу оңай болмас, ал кітап оқуда оза шабу жүз пайыз хат танитын қазақтың қолынан келетін шаруа сияқты көрінеді маған. Ол үшін Азық-түлікпен немесе Ауыз сумен қамтамассыз ету сияқты мемлекеттік бағдарлама, ең болмағанда үкіметтік ісшаларар жоспары қажет. Осындай бастамалардың басында халықтың арасынан шыққан Өзің сияқты азаматтар жүрсе ғана «ерлердің ісі бітеді», елдіктің ісі бітеді.

Авторы: Шыңғыс Мұқан

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.