Артық білім – кітапта

0
2522

2016 жылы шыққан соңғы зерттеулер бойынша, еліміздегі жастардың сексен пайызға жуығы кітапты не өте сирек оқиды, не оның бетін мүлде ашпайды екен. Сексен пайыз! Бұл көрсеткіш өзге жиырма пайыз оқырман мен оқыған азаматтарды алаңдатпай қоймасы сөзсіз. «Біз қазір қызық заманда өмір сүріп жатырмыз. Кітап көп те, оқырман аз. Ақпарат көп те, білім таяз,» — дейді кітап оқуды дәріптеуге бағытталған «Күміс кітап» еңбегінің авторы, белгілі саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай. Автор бүгінгі заман талабын ескере отырып, әлеуметтік желідегі пост көлемінен асырмай, айтар ойын жеке үзінділер арқылы жеткізеді, көбіне оқырманмен ашық тілдесіп отырғандай әсер сыйлайды. Бірден айта кететіні, егер сіз талғамы қалыптасқан оқырман немесе ай сайын жаңа кітап «дозасынсыз» тұра алмайтын кітапқұмар қатарынан болсаңыз, бұл кітап сізге қызықсыз болмақ. Бірақ айналаңызды қоршаған орта, достарыңыз, тіпті ұрпағыңыз оқымыстыға айналсын деген тілегіңіз болса, кітаптың кеңесін тыңдауға тиіссіз. Арналған аудиториясы – рухани дағдарыста жүрген жастар жағы. Оның «Күміс кітап» аталу себебі: күміс кені халықтық медицинада ағзаны тазалайтын қасиетке ие екен. Сол сияқты, «Күміс кітап» та ауруын ішіне жасырған қоғамның жан жарасын емдер деген сенім бар. Былай қарағанда, қарапайым тілде баяндалып отырған «кітап туралы» кітап қой. Ішіне үңілсеңіз, «Оқырман қалыптасуы», «Кітап таңдау», «Ой салатын әңгімелер», «Кітап оқудан – кітап жазуға» және «Оқырманды қалыптастыру» атты 5 тараудан тұратын жекелей жазбалар қатпары қалың романдардан кейін ойланбаған дүниелерге ойландырып, санаңыздың кеңістігін серпиді. Содан кейін оқыған дүниеңіз тым жаңашыл, дәл бүгінгі күннің мерзімді мәселесін меңзеп тұрғанын ұқтырады. Сөйтіп, сіз өзіңіздің ескі досыңыз, дана досыңыз кітаппен  қайта сыйласа бастайсыз. Кітаптың негізгі мақсаты оқу мәдениетін қалыптастыру жолын жаңалау болса, міндеті кітап таңдау, кейбір жаңсақ стереотиптерді жоққа шығару және ішкі сүзгіні жаңалау арқылы жүзеге асады.  Қазақтілді оқырман арасында қызу талқыға түскен «Күміс кітап» көп қалада сатылымда қалмаған екен, ал біздің дүкенде әлі бар… Сондықтан, небәрі мың данамен таралған дәруіш кітапты алуға асығыңыз! Осыған орай бірнеше студент-жастар қосылып уақыт пен энергиямыз жеткілікті, пайдалы һәм жанға жақын, тәжірибе жинауға тиімді, игілігі елге тиетін істермен айналысуға бет бұрған едік. «Іздегенге – сұраған» дегендей, қолымызға дер кезінде түскен «Күміс кітаптың» теориялық мазмұнын практикада іске асыра бастадық. Мойнымызға артылған жауапкершілікті сезініп, рухани жаңғырудың мәнін дұрыс ұғатын милениалдардың алды болуымыз  – мақсат. Өңірде жастар арасында Бақытжан Бұқарбай салған ізбен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бекіндік. Біздің мақсат – біреуге ақыл үйрету немесе өз ақиқатыңды өзгеге таңу емес, замандас жолдаспен жаңа жолды бірге жасау, болашақтың іргесін бірге қалау. Сөйтіп, дос-құрбының қолдауымен  белгілі бір деңгейде инеллектуал жастарды, ниеттес, мүдделес жандарды жинап, кітапханада бас қоса бастадық. Бастапқы жалынмен бір жарым ай ішінде төрт мәрте жолығып, қазақ көркем әдебиетін бір кісідей оқып, талқылап жүрдік. Биылғы жылдан сол дәстүрді қайта жандандырмақпыз. Егер қатарымызға қосыламын десеңіз, мархабат! Сіздің жасыңыз, дәрежеңіз және басқа да сипаттарыңыз маңызды емес, тек кітап оқуға ең болмаса қызығушылығыңыз болса, біздің орта сіз үшін!   Сексенбай Жансая,   ҚМПИ-дің 4 курс студенті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.