Бұрқанбұлақ — ең биік сарқырама

0
2228

Жетісу жері туризмді дамытудың таптырмас орны десек артық айтқандық болмас. Өзіне тән географиялық ерекшеліктерімен көз тартады. Киелі орындар мен тарихи жәдігерлерінің өзі бір төбе. Тылсымға толы табиғаты көптің көңілін баурайды. Сондай тамашалардың бірі – Бұрқанбұлақ сарқырамасы. 

Жоңғар Алатауының шығыс беткейі Қора шатқалында орналасқан еліміздегі ең биік сарқырама 112 мерт биіктіктен құлап ағады. Теңіз деңгейінен 2700 метр қашықтықтағы Қора шатқалында жартас бойлап өскен қарағайларды көптеп кезіктіруге болады. Аң-құс пен жеміс-жидектіктің түр-түрі өседі. Тіпті, Шоқан Уәлиханов зерттеген қызыл қасқырды да осы жерден кезіктіруге болады екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы сынды тарихи орындарды танытып, жандандыру туралы тапсырма жүктегені баршамызға аян. Соған орай «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында республикалық және өңірлік журналистер мен болгерлер киелі мекенге сапар шекті. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған екі күндік сапар естен кетпес естеліктерге толы болды. Жол ауыртпалығы да киелі жерді көруге деген құштарлығымызды кеміте алмады.
Барған бойда бірден алып сарқырамаға жол тарттық. Сарқыраманың өзіндік шығу тарихы да бар. Ертеде Бұрқан атты жігіт өмір сүрсе керек. Кедей отбасынан шыққан оның жағдайы жұпыны. Ержете келе байдың Қора атты қызына ғашық болып, көңіл жарастырады. Екі жастың қосылуына қыздың әке-шешесі үзілді-кесілді қарсы болып, екеуін алшақтатудың небір айласын ойлап табады. Алайда, ешбір кедергі нәтижесін бермейді. Ақыр-соңында жартас басына қамал салып, Бұрқанды сонда қамайды. Қыз бет жігіттің қайталанбас ғашықтық сезімінің салдарынан болар, сол қамалдың орнынан бұлақ ағып, алып сарқырамаға айналады. Ал су мен шатқалдың атауы Қора аталып, халық арасына тарап кетеді. Бүгінде екеуінің  аты қатар аталып қана қоймай, әлем назарын аударардай ерекшелікке толы.
Шақырылған қонақтардың қатарында әлемдік деңгейдегі блогер Александр Цой, саясаттанушы, суретші әрі жуналистика саласында өз біліктілігін танытып жүрген Бақытжан Бұқарбай, саяхаттауды жаны сүйетін, сол арқылы оқырмандармен құнды ақпаратымен бөлісетін блогер Яков Фёдоров және журналист, әрі суретші Максим Рожин болды. Барлығымыз Бұрқанбұлақ жанындағы «Талдыбұлақ» демалыс кешеніне орналастық. Сол жерде жоғарыда аталған ғаламтор майталмандары тәжірибесімен бөлісіп, семинар өткізді. Әсіресе, Максим Рожиннің баяндамасы тыңдармандарды тәнті етті.
Осындай игі бастамалар туған жеріміздің тарихын танып-білуімізге, өңірлік туризмді дамытуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, тау-тас пен өзен-көлдердің аталуы, сол туралы аңыз-әңгімелер жайлы ақпарат қалың оқырман қауымға жететін болады. Осындай танымы, тәлімі мол  саяхаттар көбейе берсе нұр үстіне нұр.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,
Алматы облысы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.