Британ журналисінің Гималай асқан қазақтар жайлы кітабы музейге сыйға берілді

0
3297

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — ‪ Алматыда британ журналисі Годфри Лайастың «Аспантау асқан үркін көш» атты сирек кітабы музейге сыйға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туынды 1956 жылы Лондонда басылып шыққан болатын.

Туындыны орыс және қазақ тілдеріне аударған автор Бақытжан Бұқарбай бүгін кітапты «Ғылым ордасы» РМК сирек кітаптар музейіне тапсырды.

Ағылшын тіліндегі кітап шағын тиражбен шыққандықтан, сирек кітаптар қатарына жатады. Сол сирек кітаптардың бірі енді Ғылым ордасының қорында сақталатын болды.

Сонымен қатар, қазақ тіліндегі «Аспантау асқан үркін көш» және орыс тіліндегі «Великий исход казахов» аудармалары да берілді.

«Бұл кітапты Оспан батыр туралы ақпаратты іздеген кезде интернеттен тауып алдым. Кітаптың аудармасы болмады. Мен танымал сайттардың бірінен түпнұсқа версиясын тауып алып, АҚШ-тан тапсырыс бердім. Басында тек оқып шыққым келді. Алайда, таныс есімдерді, салт дәстүрлер туралы оқығанда мен аударып басқаларға жеткізуді жөн көрдім», — деді Бақытжан Бұқарбай.

Автор кітапты аударуға 5,5 ай уақыт жұмсаған.

Кітапты қазақ тіліне аударуға 77 адамнан тұратын кәсіби команда жасақталды. Қос тілдегі аударма нұсқа 4000 данамен басылып шыққан еді.

Кітапта 70 жыл бұрынғы Қытай жеріндегі қазақтардың тағдыры атап айтқанда, 20 мың қазақ отбасының Шыңжаң аумағынан Кашмир арқылы Түркияға көшкені туралы айтылған.

«Кітапта Шыңжаң қазақтарының ата жұртына қытай коммунистерінің басып кіргені, оларға қарсы қазақтардың көтерілгені туралы баяндалған. Кітаптың атауы «Kazak Exodus», яғни қазақтардың үдере көшуі дегенді білдіреді. Кітапты оқыған соң, әлі де көп нәрседен бейхабар екендігімізді, бұл кітапты қазақтар оқуы керек екенін түсіндім. Кітап авторы Ыстанбұлдағы қазақтарға өзі барып, кездескен. Олардың естеліктерін жазып алған. Бір жылдан соң кітап қылып басып шығарды», — деді ол.

Тарихшы Айгүл Кенжебай кітапта еркіндікті көксеу идеясы көтерілгенін айтты.

«Біз тарихтың бұл парақтары жайлы мүлде білмей келдік. Қазақтар Түркияға көшкенін білеміз. Бірақ, бұл көш қалай болғанын білмедік. Бұл кітап сонысымен құнды. Мұнда сол заманды басынан кешкен адамдардың өз аузынан естіген жайттар деректі әрі көркем тілмен жеткізілген. Біз үлкен халықтың бөлшегіміз. Тарихта мақтан тұтатын тұлғамыз көп. Бұл кітаптың басты идеясы – еркіндікті көксеу», — деді тарихшы Айгүл Кенжебай.

Айта кету керек, «Ғылым ордасы» РМК сирек кітаптар қорында 300 мың сирек кітап сақталып тұр.

Автор Гүлмира Ғосманәли

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.