Автор: Жомарт Молдахметұлы
Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда бұрын-соңды болмаған сурет көрмесі ашылып, өнертанушылар мен өнерсүйер қауым кәдуілгі көмір қарындаштың құдіретіне таң-тамаша болды.
Бұған дейін біз Бақытжанды саясаттанушы ретінде танып келсек, мына, көрмеге қойылған суреттері арқылы оны жаңа бір қырынан – суретшілік қырынан таныдық. Бір ерекшелігі, Бақытжанды соңғы уақытта өндіріс тақырыбы, әсіресе, жетіқат жер астынан көмір өндірген қазақстандық көмір өндіруші кеншілердің қажырлы еңбегі қатты қызықтырып, өзіне тартыпты.
– Әдетте, біз қыс айларында үйді жылыту үшін ежелден көмір жағамыз. Бірақ сол көмірді кеншілердің қандай қиындықпен дайындайтынынан бейхабармыз. Сондықтан мені кеншілердің күнделікті тыныс-тіршілігі, жетіқат жер астындағы тынымсыз еңбегі қызықтырды. Қолым босаған кезде қарындашпен жұмыс жасап, өзімді толғандырған көріністерді ақ қағазға түсіретінім бар. Әсілінде, біздің суретшілер көп жағдайда кез келген суретті майлы бояумен жазуға бейім тұрады. Мен керісінше, кәдуілгі қарындашпен жұмыс жасағанды ұнатамын. Жалпы, графит, яғни көмір қарындаштың артықшылығы зор. Сондықтан маған кез келген тақырыптағы суретті қарындашпен салған ұнайды. Менің шахтерлар өмірінен сурет салуыма Еуразиялық топ (ERG) құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ-пен байланысым игі ықпал етті. Менің ұсынысымды олар жылы қабыл алды. Сөйтіп, Шұбаркөл көмір разьрезіндегі жұмысшылардың тыныс-тіршілігі мен еселі еңбектері туралы жиырмадан астам сурет салып, олардың барлығын бүгін көрермендер назарына ұсынып отырмын, – дейді суретші һәм саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай.
Бақытжан Бұқарбай көрермен назарына ұсынылған 20-дан астам суреттерінде кеншілердің қиындығы мол тынымысыз еңбегін қарапайым қарындашпен дөп басып бере білген.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Еуразиялық (ERG) топтың менеджері Әнуар Рахатов: – Біздің Еуразиялық топ әруақытта өнер адамдарының ұсынысын ескрусіз қалдырған емес. Бақытжан өзінің ұсынысын айтқанда, біз мұндай көрмені өткізуді және шұбаркөлдік кеншілердің өмірі мен тыныс-тіршілігі туралы суреттер салып, оны тұрғындарға жеткізгенді жөн санадық. Сөйтіп, суретші Бақытжан Бұқарбай мен Еуразиялық топтың өзара ынтымақтасығы жағдайында осындай тамаша көрме өмірге келді. Дәл осындай көрме осы жылғы 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Алматыдан кейін бұл көрме Шымкент тұрғындарының назарына ұсынылады. Бақытжанның бізге ұнаған бір ерекшелігі, ол суретті көбінесе, кәдуілгі қара қарындашпен салады екен. Алдағы уақытта біз өзімізге қарайтын өндіріс орындарында Бақытжанның кеншілерге арналған туындыларының көрмесін ашып, кеншілерге көрсетуді ойластырудамыз, – деп өзінің пікірін білдірді.