Нартәуекел — ер ісі

0
1861

Автор: Әлия Сембай

Бақытжан Бұқарбаев саясаттану ғылымдарының магистрі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында, Хабар, Алматы телеарналарында жұмыс істеген. Ана тілімізге арналған бірнеше жобаның авторы.

— Бақытжан, ел ішіндегі интернет қолданушылары өзіңді танымал блогер, журналист, ана тіліміздің жанашыры ретінде жақсы таниды. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ музыкасының тарихына арналған подкасттар, мақал-мәтелдер блогын жүргізгенің де есімізде. Кейін “Мен қазақпын” атты айдармен бейнебағдарламалар түсіре бастадың. Осы жобалар туралы біздің оқырмандарға да айтып берсең…

— “Мен қазақпын” жобасы осыдан екі жыл бұрын пайда болды, ол 25 бағдарламадан тұрады. Мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін қалай үйренгенін айта келіп, көрерменді тіл меңгерудің әдіс-тәсілдерімен таныстыру, нақты тәжірибелермен бөлісу еді. Алғашында жоба мәтін форматында шыққан болатын, кейін осындай сұхбаттарымыз бейнеформат түрінде де жүзеге асты. Әрине, бұл тұрғыдағы сұхбаттар бұрындары да қазақтілді газет-журналдарда жарық көретін, алайда бұл ақпаратты орыс тілінде берсем, материалдың құндылығы, берер пайдасы молырақ болады деп ойлаймын.

Тәуелсіздігіміздің арқасында бүгінде қазақ тілін меңгерудің қажеттілігі айдан анық, ел іші мемлекеттік тілді меңгеріп те келеді. Сондықтан бағдарламаға кейіпкер іздеймін деген мәселе болған жоқ. Бірде ақысқа түрік ұлтынан Расул Ахметов есімді жігіт келді, оның айтуынша, олардың диаспорасында қазақ тілін меңгергендер саны 80-90%-ды құрайды екен.

Оқырман тарапынан фидбек те жақсы болды, әсіресе, жастар жағы пікір қалдырып, жылы лебіздерін жеткізіп отырды. Өздері қазақ тілінде сөйлемесе де, тырысып, қолдап, хат жолдап жатты. Жоба интерактивтілігімен де ерекшеленді, оқырман қауым көптеген тың ұсыныс, ақыл-кеңес беріп, бағдарламаның дамуына үлес қосып отырды. Жарты жылдың ішінде бағдарламаны қарағандар саны 1 000 000-нан асты.

— “Мен қазақпын” бағдарламасын жасау барысында өзің қандай қорытындыға келдің, нені байқадың, мысалы, қазақ тілін үйренгендердің барлығына қазақи орта әсер етті деп айта аласың ба?

— Жоба жарыққа шыққан соң, көпшілік мені филолог маман деп ойласа керек, тіл үйрену, тіл қолданысына байланысты әртүрлі сұрақтар жолдай бастады. Тіпті, морфология мен лексикаға қатысты күрделі сұрақтар да келіп жатты. Ал менің мамандығым саясаттанушы болғасын, ондай мағлұмат ағынын игере алмайтындай жағдайға жеттім. Осылайша курс ашу қажеттілігі туындады. Оқытушы іздеп, іске кірістім, сөйтіп, бір жылдың ішінде 100 шақты адамды оқытып шықтық.

…“Мен қазақпын” бағдарламасы туралы айтар болсам, 25 шығарылымның ішінде қазақ тілін үйрену тәсілінің 25 моделі ұсынылды. Қазір бізде қазақ тілінде дұрыс сөйлеу үшін, ауылдық жерге баруды міндет деп санайтындар аз емес, алайда біздің бағдарламамыз бұлай емес екенін дәлелдей алды. Қонақтарымыздың жартысы ауылдан болса, жартысы қала тұрғындары. Мысалы, ұлты орыс бір қонағымыздың мамандығы арабтанушы-тын. Араб тілін меңгеріп, жұмыс бабымен Түркияға барғанда ол араб және түрік тілдері арасында ұқсастық барын байқап, түрікше де үйренеді. Кейін Қазақстанға оралғанда түрік тілінің негізінде қазақ тілін де оңай меңгеріп алған.

Бас қосу

— Қазақ тілін тәжірибе жүзінде меңгеруді мақсат еткендерге арналған “Бас қосу” клубы “Мен қазақпынның” жалғасы ма, жалпы, бұл жобаны қалай бастадың?

— “Мен қазақпын” – ана тілімізге арналған жобаларымның ортақ атауы. Бірінші тармағы – мәтін, бейне форматында шыққан сұхбаттар, сосын 2014 жылы ашқан курстарым, кейін “Бас қосу” клубының ұйымдастырылуы. Тағы бір бағыты – толық метражды мультфильмдерді қазақ тіліне аудару. Аударма жағын биыл бастадым, бұл оңай шаруа болмады, едәуір уақытты талап етті де жұмыс баяу жүрді, әрі бүкіл жұмыс барысы өз мойнымда, сондықтан да әзірше екі туындыны ғана аудардым.

Ал клуб болса – тіл үйренсем деген жұртшылықтың қажеттілігінен туды, әрине, оларға орта керек. Содан екі аптада бір рет осындай тегін кездесулер ұйымдастырып отырамыз. Клубқа қатысатындардың көбі оқуын бітіріп, жұмыс істеп жатқан жастар және олар тек тіл жаттықтыру үшін ғана емес, жұмыстан шаршап шыққанда, көңіл-күйлерін көтеріп, жақсы эмоция алу үшін, маңайындағы жұртпен танысып-білісу үшін келеді.

— Байқауымызша, осынау жұмыс ауқымы түгелдей таза энтузиазмның арқасы. Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін қаражаттан гөрі, құлшыныс, жігер көбірек қажет сияқты?

Сөзіңнің жаны бар, алайда, өзім бұған халқыма, еліме пайда келтіріп жатырмын деп қараймын. Қаражатсыз, демеушісіз жұмыс істеу үшін құлшыныс та, намыс та, мінез бен жігер де қажет. Тағы бір айта кететін жайт, осы жобаларға көмек көрсеткендер де жоқ емес. Бірде Фейсбук желісінде өзім танымайтын бір кәсіпкер жігіт хабарласып: “Үлкен бизнесмен болмасақ та, бір топ жігіттермен ісіңізді құптап, аздаған қаржылай көмек жасағымыз келеді. Кезінде Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сияқты Алаш азаматтарына көрсетілген қаржылық көмек іспетті қабыл алыңыз”, — деп жылы лебіздерін жеткізіп, 400 АҚШ долларын жіберді.

Сонымен қатар, клубтағы кездесулерде маңызды рөл атқаратын Анар Баршаху есімді оқытушымыз да осы жобаға көп еңбек сіңірді. Және де “Бас қосу” клубы пайда болғаннан бастап, қазақ тілін таза білетін Бақытжан Мұхамедиұлы, Ерден Зікібай сынды екі досым волонтер ретінде көмекке келіп, әлі күнге дейін осы жобаға белсенді түрде қатысып, жәрдемдесуде. Осы кісілерге деген алғысым шексіз.

Бас қосу

— Дұрыс түсінсек, бұл жоба әзірге табыс әкелмейді, жалпы оның коммерциялық моделі бар ма? Келешекте осы жобаға байланысты қандай жоспарларың бар?

— “Бас қосу” клубы табыс әкелмейді, ол рас, себебі әуел бастан оны әлеуметтік жоба ретінде айқындап алдым. Ақша ұсынғандар да болды, бірақ мен алмадым, себебі ақшамен теңгерілмейтін істер де бар. Бірақ, табыс әкелетін курстарым да жоқ емес, онда, мысалы, біз компаниялармен жұмыс жасаймыз. Ал клубқа қатысты жоспар дегенде, қазір көбінде “мұндай басқосулар Астанада  неге жоқ?” немесе “кездесулерді апта сайын неге жасамасқа?” деген ұсыныстар келіп жатады. Мүмкіндік болса, осыны да ескеруге болады. Оған қоса, әңгіме барысына қазақы реңк беру үшін, шай демдеп, дастарқан жаюды да ойлаған едім. Бұлар әзірше уақыт еншісінде.

— Қазақ тілін меңгеруге, қазақша сөйлеуге ниет білдірмейтіндердің жиі айтатыны: қазақ тілін қолдану аясы тым шектеулі, заманауи әдебиет жоқ, не жетіспейді. Бұл жайында не пікір қосасың?

— Мұндай кертартпа адамдарды өзгерту мүмкін емес, олар тек сылтаумен ғана өмір сүреді, өз өмірін өзгертуге құлшынысы жоқ, олар өз болмысы алдында адал емес. Иә, сылтау өте көп: тіл қиын, методика жетіспейді, тегін курс жоқ деген сияқты… Біздің клубқа алғашында бес адам ғана келетін, қазір 10-20 шақты, кейін 50 шақты болуы мүмкін. Жалпы интернетте біздің клуб туралы көптеген тамаша лебіздер жазылып жатыр, бірақ жұрттың бәрі бірдей осынау мүмкіндіктерді пайлана бермейді. Мен, негізгі жұмысыммен қоса тіл мәселесімен айналасқаныма үш  жылдан асты, содан бері Фейсбук желісінде небір пікір оқыдым!..  Данышпан Сократ айтпақшы, бір нәрсе жасаймын деген адам мүмкіндік іздейді, ал ештеңе істегісі келмейтін адам сылтау іздейді.

Мен қазақпын

— Осы орайда қазақ тілінде ақпарат тарататын сайт, басылымдар туралы айтар болсақ, оларға көңілің тола ма?

— Көңілім тола бермейді, кемшіліктер жетерлік, қазақтілді журналистика мен орыстілді журналистика бізде екі бөлек әлем. Бір-бірінен үйренері көп, енді бір-біріне қарай беттесе екен, бірақ бұл жүзеге аспай отыр. Қазіргі жас журналистердің жазатыны тек тіл мен дін мәселесі, еш дерексіз, тек эмоцияға берілу басым. Мүмкін олар басқа да тақырыпта жазғысы келетін шығар, бірақ білімі жетіспей жатады. Оған оқу жүйесі кінәлі болса, ізденістің жоқтығы мен жалқаулық та әсер ететіні түсінікті…

Тіліміз құрып жатыр деп, әлеуметтік желілерде қашанға дейін шулай береміз? Заман өзгеріп барады, уақыт талабына сай қозғалу керек, прагматизмге бет бұрып, әр қадамды нақты нәтижеге бағыттау керек. Соншалықты жанашырлық танытса, неге сөзден іске көшпейді? Мысалы, жақында бір мультфильмді қазақ тіліне аудардым, ол таза энтузиазм, тілге деген жанашырлықтан туындады. Осыған бес тәуілік сарп еттім, себебі басында технологиясын білмей, оны үйренуге уақыт бөлдім. Кейін технологиясын үйреніп, осы бағдарламамен қалай жұмыс істеуге болатынын блогыма тәптіштеп жаздым да. Мүмкін әрі қарай өзгелер іліп алып кетер деп ойладым, алайда ондай қадамдар байқалмады.

Тағы бір мәселе, біздің “Бас қосу” клубымыз болсын, аударма болсын, басқа да бір жобаларға қатысты қызығушылық танытып, пікір алған бірде-бір қазақ журналисін көрмедім. Былай қарасам, үйде отырып, толық метражды туындыны сапалы түрде тегін қазақшалау деген күнде бола бермейтін жағдай… Қызығы, орыстілді журналистер “Бас қосу” клубы туралы сұхбат сұрап келеді.

— Соңғы кезде ана тіліміздің әліпбиін латын қарпіне көшіру турасында жиі айтылады, біреулер мұның тілімізге оң әсері болатынын алға тартса, енді біреулер латын қарпі «мәдени құндылықтарымызды жоқ қылады, одан да руна жазуына өту керек» дейді. Бұл жайында не пікір айтар едің?

Бұл сұраққа мамандар жауап бергені дұрыс, алайда өз азаматтық позициямды білдірсем, руна жазуына көшуді қолдамаймын. Ал латын қарпіне көшсек, ақпараттық қауіпсіздігімізді арттырып, IT саласындағы кейбір мәселелерді жеңілдете аламыз деп ойлаймын.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.