Қазаққа Дубай несімен қызық? Екінші бөлім

0
2394

Кіріспе. Әңгімемді турасынан бастайын: Air Astana компаниясы қыркүйек айының басында Алматыдан Дубайға күн сайын қатынайтын тікелей рейс ашып, мені біріншісіне шақырып, Дубайды аралатты. Сол жерде екі күнімді өткіздім. Өткенде бірінші бөлімін жариялап едім, енді екіншісін оқырманымның назарына ұсынып отырмын. Әрине, қыркүйекте барып, неге енді жариялап отырсың деген сұрағыңыз туындауы мүмкін. Оның жауабы Дубайға барам десеңіз, қазір ең қолайлы мезгіл немесе, орысша айтқанда, нағыз «бархатный сезон». Қыркүйекте елу градус қайнап тұрған, күн астында құм үстінде қуырылып қала жаздадым.

Алматыдан Дубайға ары-бері ұшып барып келудің құны 73 000 теңгеден басталады. Air Astana компаниясының сайтында визаны рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Визаны ұшар алды он күн бұрын рәсімдеп бастау керек, сосын сайт арқылы жасағанның бір пайдасы делдалсыз болғандықтан, үстеме ақы құртпайсыз.

Сонымен қатар Air Astana астаналық туристерімізді Абу-Дабиға аптасына төрт рет жеткізіп отырады.

Алкоголь. Гидтің айтуына қарағанда, қалада барлық нәрсені табуға болатын шығыс базары бар екен. Маңында дискотека, түнгі клубтар, барлар, мейрамханалар шоғырланыпты. Базардың ішінде барлық нәрсе сатыла береді дейді. Дубайда ішімдікті емін-еркін сатып алуға болатын жерлер көп емес, базар маңы солардың бірі екен. Жалпы, Әмірліктерде ішімдікке құмар адамдар біраз қиналып қалатын сияқты. Мәселен, шариғат заңдарына бағынатын Шардж әмірлігінде алкогольді сатуға және оны ішуге қатаң тыйым салынған — «құрғақ заң» күшіне енген. Тіпті ішімдікті жай тасымалдауға да болмайды екен. Егер осы заңды турист бұзып жатса, оған айыппұл жазып береді, ал егер жұмыс визасымен жүргендер бұзса, онда оларды өмірлік депортация күтіп тұр. Дубайда ішімдікке қатысты қатаң талаптар қойылмаған. Бірақ дүкендерінде көзім шалмады. Басында тоңазытқышта сыра тұр деп ойлап қаласың, себебі сыртына қарасаң — бір бренд, бір форма, бір дизайн, ал үңілсең, жай ғана лимонад болып шыға келеді. Белгілі сыра брендтері Әмірліктер үшін шөлмектерге тек қана жеміс-жидек сусындарын ғана құйып сататын секілді.

Тағы бір қызық жайт. Шардж әмірлігінің жанында Аджман әмірлігі орналасқан, аумағы бар болғаны 250 км2, бірақ халық тығыздығы бойынша бірінші орында — мұнда 152 мың адам тұрады. Бұл әмірлікте ел аумағындағы жалғыз алкоголь базасы салыныпты, ол жерде ешбір лицензия керек емес екен.

Гид көршілес Сауд Арабиясынан Біріккен Араб Әмірліктеріне туристер көптеп келеді деді, сондағы мақсаты — өздерімен салыстырғанда либералды елде, әсіресе демалыс күндері жақсылап бой жазу екен.

Белсенділік мәселесі. Университеттерде жеке клубтар ұйымдастыруға болмайды. Гидтің айтуы бойынша, Кувейттен келген сегіз студентті жеке клуб ашқаны үшін университтеттен шығарып, жер аударып жіберген. Шетел азаматтардына кез келген түрде белсенділік танытуға тыйым салынған, ал жергілікті халық өздерінің клубтарын емін-еркін аша береді екен.

Патриотизм мәселесі. Жергілікті арабтар тұратын кез келген жеке меншік секторына келетін болсаң, әрбір виллада дерлік мемлекеттік ту немесе елтаңба ілініп тұрғанын байқауға болады. Арабтарда патриотизм сезімі өте мықты. Олар өз елі мен шейхтарын қатты жақсы көреді. Зайд ибн Сұлтан Әл Нахайян мемлекеттің негізін қалағанда, мемлекеттің тудың үздік эскизіне байқау жариялайды. Жүлде қорын алты мың дархам деп белгілейді. Сонда он төрт жасар баланың жұмысы жеңіп алыпты. Ол туды төрт түсті қылып салады: жасыл түс исламды бейнелесе, ақ — тазалықты, қызыл — арабтардың тәуелсіздік үшін күрес кезіндегі қайсарлығын, төгілген қанды, қара түс — (мұнай деп ойлап қалған шығарсыз, олай емес) жерді бейнелейді.

Су мәселесі. Әмірліктерде салынған ең алғаш зауыт Дубайдағы су өндіретін зауыт болған екен, оны Ұлыбритания 1950 тұрғызып беріпті. Елдегі ішуге жарамды судың 97 пайызын Парсы шығанағынан алады екен, әрине, ол тұзды, сондықтан оны алдымен тұщылайды. Қалған үш пайызы минералды сулардың үлесінде. Фуджейра әмірлігінде («күш көзі» деп аударылады) минералды суларды өндіреді. Өз еліміздегі ірі дүкендер желісінде Фуджейрада өндірілген сусындар сатылады. Мәселен, қауын сусынын байқап қалғанмын, қателеспесем, жарты литрі 600 теңге тұратын, ал Дубайдың өзінде тура сондай шөлмектегі сусынның шамамен 400 теңгеге сатылып жатқанын көрдім.

Өмір ұзақтығы — 76 жас. Бұрын 36-38 жас болыпты. Өмір ұзақтығының өсуі заманауи ауруханалардың ашылуымен байланысты. Ең бірінші пансионатты Шарджда ағылшындар өздері үшін ашыпты.

Білім. Дубайда Білім ауылы орналасқан, ол жерде әлемнің 57 университетінің филиалы шоғырланған. Бұл жер еркін экономикалық аймақ болып саналады. Бас офистар филиалдарының акцияларының 100% иесі екен. Ең қызығы, осы жерде орналасқан университеттерде оқитын барлық студенттердің 30 пайызын Қазақстан мен Ресей азаматтары құрайды екен. Сабақ барлық университеттердегідей жүреді, бірақ бір ерекшелігі — емтиханды негізгі офиста тапсырып, дипломды да сол жерде қорғау керек. Дипломды берген кезде, ол жерде Дубайда немесе басқа Әмірлікте берілді деген жазу болмайды, тек сіз тамамдаған университеттің аты көрсетіледі. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін халықтың 98 пайызы сауатсыз болған екен. Ұлдар 12 жастан бастап әкелерімен бірге маржан аулауға араласып, қыздары үйде отыратын. Қазір болса беделді білім алғың келсе алысқа кетудің қажеті жоқ, барлығы қасыңда.

Ителгілер. Арабтардың ителгіні қатты жақсы көретінін бұрынна білуші едім. Ителгі арабтардың ақшасында, елтаңбасында, басқа да жерлерінде көп бейнеленген — мемлекеттің символы. Еліміздің Ұлттық банкі осы құсқа арнап күмістен монета шығарған да болатын кезінде, сонда коллекционерлердің айтуы бойынша, ол монета тез тарап кетіпті, өйткені басым бөлігін араб елдеріндегі коллекционерлер сатып алыпты. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ сондай сөздер естідім. Ителгі ұстап бара жатқан бір араб маған «It’s falcon, do you know?» деді. Мен, қарағым, мен Қазақ елінен келіп отырмын, біз де бұл құстарды кем бағаламаймыз, қадірін білеміз деп жауап беріп, футболкамдағы құстың суретін көрсеттім. Күліп тарастық.

Гид болса шейхтардың ертеректе (кей жағдайларда заңсыз түрде) біздің елге ителгімен аң аулауға келетіні жайлы айтып берді. Содан кейін шейхтар біздің елден ителгілерді сатып алуға көшіпті (бір ителгінің құны 50 000-70 000 доллар аралығында). Мен Муслим есімді гидқа біздің елде де ителгінің орны бөлек дегенімде, ол: «енді бұл біздің құстар, сіздердің еліңізде олар қалмаған сияқты», — деп жауап берді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.