Мәңгілік ел және документалистика

0
2558
Иллюстрация: С. М. Прокудин-Горский. Кочующие киргизы, Голодная степь (1911)

Қайырлы күн, құрметті әріптестерім, конференция қонақтары!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әсіресе соңғы Жолдауларында ұлттық мәселелерді кеңінен әрі жан-жақты көтеріп жүр. Биылғы Жолдауында ұсынған «Мәңгілік ел» концепциясы Президенттің жақында ғана Ұлытау төрінде берген сұхбатында да жалғасын тапты. Менің ойымша, Мәңгілік ел — бұл жай ғана абстрактілі концепция емес, прагматикалық тұрғыдан қарасақ та, жүзеге әбден асыруға болатын идея. Стратегиялық деңгейде Мәңгілік ел идеясы болса, тактикалық деңгейде оған апаратын өзге де жолдар, соның ішінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру және ата-бабамыздың жолын ұстану сияқты бағыттарды өміршең деп атауға болады. «Ата-бабамыздың жолымен жүру керек, ол жол — сара жол, ол жол — Мәңгілік елдің жолы», — деді Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында.

Ал енді ағаларымыз бастап, біз қостайтын осындай тың идеялар жастар арасында қалай насихатталып жүр? Жуырда ғана Алматыда Досым Сатпаев, Расул Жұмалы, Толғанай Үмбеталиева және т.б. еліміздің бір топ саясаттанушылары жастар мәселесін зерттеп, оны «Коктейль Молотова. Анатомия казахстанской молодежи» кітабында баяндап, оқырмандарға ұсынды. Осы еңбекте қазіргі жастардың ресоциализация мен деидеологизацияға ұшырап жатқаны тайға таңба басқандай анық айтылады. Деидеологизацияда жүрген жастарымыздың санасына сыртқы күштер ықпал жасамай қоймайды, ал әрбір осындай ықпал қоғамымыздың дамуына пайдасын тигізіп, ұлттық қауіпсіздігімізге сын болмайды деп айта алмаймыз. Бір жағынан лебі солтүстік көршіміз тарапынан есетін кеңестік империяны қайта жандандыруды аңсайтын күштер болса, екіншілері жастар арасында либералды сананың болмысымыға жат формаларын насихаттап, ал үшіншілері діннің салт-дәстүрімізге келмейтін ағымдарын ұран етіп жүр. Жастармен тиімді жұмыс атқарып жатырмыз деп те мақтанып айта алмаймыз.

Қазіргі кезде мен Gonzo.kz сайтының бас редакторы қызметін атқарып жүрмін. Сайтымыздың аудиториясы негізінен жастардан тұрады. Біз әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде жастар үшін өзекті білім саласына қатысты тақырыптарды, содан кейін ұлттық тарихымыз, этнографиялық бағыттағы мәселелерді көтеріп отырамыз. Бірақ, расын айтқанда, өзектілігіне қарамастан, бұл мақалалар біз қалағандай өте көп оқыла бермейді. Бұның бір себебі — жастардың мәтін күйінде берілген материалдарды аса көп қарай бермеуі. Жас оқырманның идеялық жазбаларға назарын аударту үшін не істеуіміз қажет? Жаңа форматтарды меңгеріп, мәселені жастарды қызықтыратындай күйінде ұсыну керек. Мәтін формасынан гөрі бейнеформатта ұсынылған материалдар жақсы қабылданатынын айта кетуіміз керек. Естеріңізде болса, былтыр он бейнероликтен тұратын «Открывая Казахстан» тележобасы көрерменге жол тартқан болатын. Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын баяндайтын жобаның әрбір санының ұзақтығы екі минуттан аспайтын, есесіне жаңашыл бейнеграфикамен, арнайы визуалды эффектілермен, қызықты фактілерді көрсетумен ерекшеленді. Ғаламтор кеңістігінде осы жоба жастар арасында үлкен қолдауға ие болды.

Сөзімнің басында ата-бабамыз жайлы әңгіме болды. Өткенде «Алматы» телеарнасында «Кіші хандар» атты документалды кинолар циклы көрсетіледі деген ақпаратқа көзім түсіп қалды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Хабар» арнасында да хандарымызға арналған бес минуттық роликтер шыққан, бірақ аса байқалмай өтті. Бұл өте қажетті жоба екені сөзсіз, себебі мектеп не университет жасындағы жастарымыз ары барса бір-екі ханымыздың есімін еске түсіріп, олардың билік құруы немен ерекшеленгенін айтып берсе, соған шүкір дейтін заманда өмір сүріп жатырмыз. Абылай мен Әбілқайыр хандарымызды бірі білсе, бірі білмейді, ал Мамаш, Бұйдаш, Тоғым хандарды естеріне түсіре қоюйы екіталай.

Кино идеологиялық насихаттауда маңыздылығын әлі күнге дейін жоғалтпаған құрал. Әсіресе заманауи түсіріле білсе, документалистиканың мәні зор. Бірақ, шынын айтайық, осы жанрда біз Ресейдің өзінен кемінде он жылға қалып келеміз. «Кіші хандар» циклы биыл ғана көрсетілетін болса, Ресейде орыс патшаларына арналған журналист Леонид Парфеновтың толыққанды «Российская империя» жобасы 2003 жылы шықты. І Петрдан бастап ІІ Николайға дейін барлық императорлары қамтылып, әрбір санында әрбір патшаның билік құрған дәуірінің ерекшеліктері, ішкі және сыртқы саясаты, экономикалық және мәдени дамуы, көршілерімен қарым-қатынасы жайлы айтылды. «Хабардың» хандарымыз туралы бейнероликтерін интернеттен табу қиынға соқса, Парфеновтың туындысын жастар кіретін көптеген сайттарда кездестіруге болады.

Одан кейін Парфенов орыстың басқа да тұлғалары жайында жастар қызығатындай етіп бірқатар документалды кино түсірді. Осында конференция жұмысын түсіруге телеарна тілшілері келіп отыр, бұл ақпарат сіздерге де қызық болар. Парфенов қазіргі телевизияның негізін салған орыс өнертапқышы Владимир Зворыкин жайлы кино түсірді. Зворыкин 1917 жылы билікке большевиктер келгенде АҚШ-қа қашып, сол жерде аты шығып, телевизия саласында ірі бизнес жасай білген. Парфенов киносында революциядан кейінгі эмиграциядағы орыс интеллигенциясының өмірі ауыр әрі трагедияға толы болғанына көрерменнің назарын қайта-қайта аудара береді. Большевиктердің билікке келуінің кесірі біздің зиялыларымызға да тиген жоқ па? Зворыкин тоқсаннан асып, өз үйінде жылы төсекте қайтыс болса, біздің біртуар ардақтыларымызкүші нағыз кемелденген кезде репрессияның құрбанына айналып, атылып кетті ғой. Солар туралы жастарымызды қызықтыратындай түсірілген заманауи документалистиканы жеке басым көріп жүрген жоқпын. Шығып жатса, біріншіден, форматы мен технологиялық тұрғыда ескірген, ал екіншіден, оларды интернеттен таппайсың. Барларының сапасы нашар, адам көргісіз. Әуесқой авторлардың өздігінше түсіріп жүрген видеолардың сапасы әлдеқайда жоғары. Сонда оларды кім үшін түсіреді? Қазіргі күйінде бұндай документалистика жастарымызға қызық емес. Мен сіздерге айтайын, егер жастарымыздың көңілінен шығып жатса, телеарналардың басы қатпаса да болады, себебі ұнатқан туындысын қазіргі заманғы құрылғылардың тілін білетін жастардың өздері-ақ «цифровать» етіп, ғаламторға жүктей салады. Ресейде, мәселен, осылай болып отыр: жастар ешбір міндеттеу-мәжбүрлеусіз өз еркімен ресейлік арналарда шыққан барлық документалистиканы жазып, ғаламторға салып жүр.

Парфеновтың тағы бір туындысы эмиграцияға кеткен орыстың тағы бір өнертапқышы Сергей Прокудин-Горскийға арналған. Бұл кісі он тоғызыншы ғасырдың соңында түрлі-түсті фото жасауды ойлап тапқан, ол түсірген суреттердің ішінде 1911 жылы Бетпақ далада көшіп жүрген қазақ отбасының суреті де бар. Осылайша Парфенов жастар арасында халқының қатты танымал емес тұлғаларын керісінше мәшһүр қылып жүр. Бұл жерде мен Парфеновты жарнамалағым келіп отырған жоқ, бірақ расымен оның түсіріп жүрген кинолары қазіргі кезде үлгі тұтарлықтай болып отыр.

Мен ғаламтордың маңыздылығын бекерге айтып отырған жоқпын. Ғаламторда отыратын аудиторияның басым көпшілігін жастар құрайды. Ұлыларымызды ұлықтап, тарихымызды насихаттағымыз келсе, осы жерде жұмыс істеуіміз қажет. Қазіргі кезде ғаламтор — жастар санасы үшін күрес жүріп отырған негізгі фронт екенін ұмытпауымыз тиіс.

Сөзімнің соңында аймақтық телеарналардың да осы жұмысқа қосар үлесі жайында айта кетейін. Жергілікті арналарда да көрнекті тұлғаларымыз бен тарихымызға арналған документалды кинолар жетерліктей шығар. Осындай қазақы контент болып жатса, оны міндетті түрде ғаламторға салып, ақпараттық кеңістігімізді байытуға ат салысқандарыңыз абзал.

Назарларыңызға рахмет!

(9 қазан күні Шымкентте «Мәңгілік ел — Ұлттық идеямыздың түп қазығы» тақырыбында өткен саясаттанушылардың республикалық конференциясында сөйлеген сөзімнен)

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.