Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Дегдар» қоғамдық қолдау қоры Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетімен және Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасымен бірлесіп «Мемлекеттік тіл: кеше, бүгін, ертең» деген тақырыпта республикалық конференция өткізді. Ұлттық интеллигенцияның мемлекеттік тілді жетілдірудегі орнын, ықпалын талқылау мақсатында ұйымдастырылған жиынға қатысушылар «Біздің ұлттық интеллигенциямыз кімдер? Олардың қоғамдағы рөлі қандай? Мемлекеттік тілдің дамуына олар қаншалықты ықпал ете алады?» деген сауалдар төңірегінде ой бөлісті.
Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты Елбасымыз Ұлытау төрінде берген сұхбатында мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдай жасалғаны туралы жан-жақты тоқталғаны белгілі. Елбасы Ата заңымызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылғаны, «Тіл туралы» Заңға сәйкес өзара қазақша сөйлесу қажеттігін, тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек екенін ескертті. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қазақ тілінің басымдыққа ие болып, жаппай қолданыс тіліне айналуын көздейді. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының алдына үлкен міндет жүктеледі.
Жиында негізінен мемлекеттік тілдің даму динамикасы кеңінен сөз болды. Мемлекеттік тілдің ахуалы бұрын қандай еді, бүгін қандай, ертеңі не болады? Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы Алматы филиалы төрағасының орынбасары С.Канкуров, Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы М.Ахетов, тіл жанашырлары — Асылы Осман, Қанат Тасыбеков, Ахметжан Ашири, Ахмет Аляз, «Gonzo.kz» сайтының редакторы Бақытжан Бұқарбай өз ойларын ортаға салды.
Жазушы Ахметжан Аширидің: «ЮНЕСКО-ның дерегі бойынша, Қазақстанда тұратын ұйғыр халқының 82 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген. Қазақ тілін жетік білу үшін ата-бабаларымыздың көне түрік тіліне ерекше мән беруіміз керек. Кейінгі кезде нарыққа байланысты жылжымайтын мүлікті байлық деп жүрміз ғой. Шын мәнінде байлықтың үлкені – ана тіліміз, ата-бабаларымыздың бізге қалдырып кеткен рухани құндылықтары болып табылады. Қазақ тілінде еркін сөйлегенім үшін өзімді бақытты сезінемін», Ахмет Алияздың: «Біздің қазақ тілінде еркін сөйлегеніміз – мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін түсінгеніміз әрі мойындағанымыз. Түркия елінде де қазақ тілін оқытуға көңіл бөлінген. Колледж, университеттерде оқытылады. Түркі халықтарының көне жыр-дастандары – біздің ортақ байлығымыз. Әр халықтың тілі – сол халықтың болмысы. Ана тілінен айрылған халық өзінің болмысынан айрылады», Асылы Османның: «Қазақ халқында жаман қасиет жоқ. Менің бойымдағы жақсы қасиеттер қазақтан жұққан. Жастайымнан қазақтың арасында өстім. Әкем: «Өз тілдеріңді ұмытпаңдар, қазақ тілінде сөйлеңдер» деп өсиет етіп айтып кетті. Ұлтты сақтау үшін – оның тілін сақтау керек екенін естен шығармауымыз керек» деген сөзі көпшіліктің есінде қалды.
Республикалық конференция қорытындысында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне ұсыныс әзірленіп, жолдау туралы ортақ шешім қабылданды.