Биылғы кітап жылым, естеріңізде болса, әлемге танымал Sony корпорациясының негізін қалаушылардың бірі Акио Моританың «Сделано в Японии» кітабын оқып шығудан басталды. Содан бері жыл ішінде әр түрлі бағыт пен тақырыптарды қамтитын көптеген әдебиетті оқып шықтым. Енді (міне, кездейсоқтық!) кітап жылымды Sony компаниясының тағы бір негізін қалаушысы Масару Ибуканың «После трех уже поздно» еңбегін оқумен аяқтайын деп тұрмын. Акио Морита кітабында халықаралық деңгейдегі ірі компанияны қалыптастыру туралы тәжірибелік кеңестер айтса, Ибука өз еңбегінде бала тәрбиесіне қатысты, ерте жетілу туралы ойларымен бөліседі.
Бұл тақырып мені он алты-он жеті жасымнан бастап толғандырып келеді. Сенбесеңіздер, мектептегі мұғалімдерімнен сұраңыздар. «Қазір сені қандай ойлар мазалайды?» — деп сұрағанда, мен оларға: — «Өскенде қандай әке боламын? Балама қандай тәрбие беремін. Лайықты әке болуға дайынмын ба, сол мазалайды» — деп жауап беруші едім. Мен жиырма жеті жасымда әке атандым. Мектеп қабырғасынан бері әке болғанға дейін сұрақтарым тереңдей түсті. Қазақтың тыйым салуға негізделген тәрбие жүйесінің олқылықтарын байқап, өмір сүріп жатқан заманымыздың талаптарына сай еместігіне және өзгеріс пен жаңаруға бармаса, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге жарамайтынына көзім жетті.
Ибуканың кітабын кеш оқып жатсам да (қызымның өзі үшке таяп қалды), ондағы негізгі қағидаларға өз бетіммен жетіппін. Мен бала тәрбиесінде ашықтық пен өзімді тәрбиелеу қағидасын ұстанамын. Кітаптарым, олардың ішінде қымбат бағаланып, шектеулі данамен шыққандары да бар, еденге тиіп тұрған еңбектеп жүретін баланың қолы жететін ең төменгі сөреде тұр. Сондағы мақсатым, бала алғашқы күннен ортасын танысын, қажет болса, кітапты жыртсын, кітапты оқу керек деген — ересектердің тарапынан туындаған стандарт, баланың кітапқа көзқарасы бөлек деген ұстанымда болдым. Сенесіз бе, осы күнге дейін балам бір кітапты жыртқан жоқ. Керісінше жарысып оқиды, себебі әулетіміз оқуға бейім.
Ибука ерте жетілудің негізгі мақсаты «балада терең ойлау қабілеті мен тәннің саулығын, зеректілік пен мейірімділікті қалыптастыру» деп жазады.
Автордың кемеңгерлігіне келетін болсақ, ол кітабында нақты кеңестер бермейді, өйткені, өздеріңіз білесіздер, бәрінің жағдайы мен балалары бірдей емес. Десе де, оның жалпы кеңестері ішіңіздегі осы мәселеге қатысты түйсікті оятып, өзіңіздің жағдайыңызға келетін рецептіні жасауға жол ашады. Кітап шағын көлемді, әрі жеңіл тілмен жазылғандықтан, мен оны мында конспектілеудің қажеттілігін көріп отырған жоқпын. Дүкенде сатылымда үш мыңға саудаланып жатқаны бір, екіншіден, ғаламторда тегін жүктеп алу мүмкіндігі де бар.
Бұл еңбек өткен ғасырдың жетпісінші жылдары шығып, көптеген тілдерге аударылып, уақыт сынағынан өткен. Оқу барысында, бастапқыда қолдай қоймасам да, білім министрлігіміздің балаларға бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін үйретуге бағытталған саясатын қолдаушыға айналдым. Елдің неге шулағанын білмеймін, біз шет тілін екінші сыныптан бастап оқып едік. Ибука осыған қатысты былай жазады:
Когда в уме сформирован образец родного языка, уже трудно воспринимать образцы чужого. […] мозг ребенка до трех лет способен усвоить систему мышления не только своего родного японского языка, но и любого другого. […] Если вы пропустите этот период, вам будет гораздо труднее обучить ребенка тому, чему он так легко обучается в раннем детстве.
Бір түсінгенім, қазақтың дәстүрлі тәрбие жүйесін, оны жапон және фин тәрбие жүйелерімен салыстыра отырып (Ибуканың өзі кейде финдардың жүйесіне жүгінеді), заманауилау қажеттілігі туындап отыр. Осы сөздерді оқыған кейбіреу «мынау қазаққа қарсы шығып, не деп сандырақтап отыр?» деуі мүмкін. Тереңірек қараңыз, ешкім өзі отырған бұтаққа балта шауып жатқан жоқ. Есесіне, өзіңізден қазақтың дәстүрлі тәрбие жүйесін нақты айтып беріңізші деп сұраса, қысылмай қалуыңызға кепілдік жоқ. Себебі бұл категория санамызда абстрактілі болып кеткен, практика деңгейінде қарастырылып жатқан жоқ. Бұл жүйе жұмыс істесе, қазаққа қазақтың қол жұмсауы, қазақтың қазақты алдап, сөзінде тұрмауы қайдан шығып жатыр? Алда үлкен жұмыс жатыр, Құдай қаласа, он алты жасымнан бері ішімде пісіп жүрген ойларды қырыққа таман жинақтап жазамын деген ниетім бар. Сол күнге жетейік.
Аз әзірге балаңызбен санасыңыз, балаңыздың уақытын сыйлаңыз. Өзіңізді тәрбиелеңіз. Жіберіп алсаңыз, қайтаратын мүмкіндігіңіз болмайды.