Қазір әлеуметтік желілерде латын қарпіне көшу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Біреу өткен дұрыс дейді, біреу өтпеу керек дейді. Бірақ осының өзі дұрыс емес. Өйткені латын қарпіне көшуді Қазақстан баяғыда шешіп қойған.
«Бұл арада қоғам алдында оған қалай көшеміз, әліпби жобасы қалай болады деген нақты мәселе талқысы тұр. Ел осыны дұрыс түсінбей жүр», — дейді саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай kaz.365info.kz сайтының „Неге солай?„ бағдарламасына берген сұқбатында.
Латын қарпіне көшу: ел нені дұрыс түсінбей жүр?
— Президент осыған дейін еліміздің 2050 жылға арналған стратегиялық бағдарламаға сүйеніп, өзінің халыққа Жолдауында латын қарпіне көшу туралы айтқан. Ол Жолдау шыққанға дейін қоғамда осы тақырыпта талқылау болды. Көшеміз бе, көшпейміз бе деген. Ал ол Жолдаудың жарық көргеніне де 5 жыл болды. Содан соң, міне Елбасының латын қарпіне көшудің әр қадамын нақтылайтын мақала жарық көріп отыр.
Демек, бұл мәселенің шешімі әлдеқашан қабылданған, сондықтан ол керек пе, керек емес пе дегенді талқылаудың қажеті жоқ.
Қазіргі өзекті мәселе — латын қарпінің моделін жасауда болып тұр. Ұтылып қалмауымыз керек. Меніңше, ұтымды вариант — компьютер түйметақтасына енген қаріптер шеңберінде қазақ дыбыстарын келтіру. Латын қаріптеріне сүйеніп, қосымша жаңа таңбалар жасаудың қажеті жоқ дегендей. Қалай дегенмен де қазір латын қарпінің әліпбиі қандай болады, адамдардың оған бейімделіп, төселуі деген кезеңді жүзеге асыруымыз керек, — дейді ол.
Латын қарпі үндестік заңдылығын сақтап, сөзді бұзбайды
Саясаттанушының пікірінше, латын қарпіне көшудің 4 ерекше қасиеті бар.
— Латын қарпі — ағылшын тілі, ғылымның тілі. Дүниеде жаңалық шығып жатса, ол бізге ағылшын емес, орыс тілінде, яғни кириллица арқылы келіп жатыр.
Мысалы, «полиция» сөзін неге «полис» деп айтпасқа? Ал осы сөзді кириллицамен көз алдымызға елестетсек, ол тіпті басқа мағынаға ие. Ал ағылшынша, иә оның полиция екенін біреу айтпаса да түсінеміз.
Бір жағынан, ол қазақ тілінің үндестік заңдылығына да қайшы емес.
Екіншіден, қазақтардың өзі кириллицаның шеңберінде қызыл кеңірдек болады. Мәселен, режим сөзін алалық. Қазақша да солай жазуға болады, бірақ оған қарсылар да көп. Яғни, латын қарпіне ауыссақ, осындай дауларға өздігінен нүкте қойылады.
Үшіншіден, бұл өркениетті таңдауымызға қажет. Қолданып жатқан заттардың құрамы туралы деректер немесе өмір сүру салтының өзі, мәселен, тез тамақтану, киіну, тыңдайтын музыка, мәдениет — барлығы қай жақтан келіп жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан бұлайша адамдардың осы мақсаттарына жақындатып, уақыттарын үнемдеуге көмектесуге болады.
Төртіншіден, түркі әлемінің барлығына дерлік латын қарпін қолданады. Қырғыздарды санамағанда.
Яғни, біз соңғылардың бірі болып көшеміз, латынға көшсек.
Сондықтан бұған дейінгі мемлекеттердің тәжрибесі бізге жақсы үлгі бола алады, олардың қателіктерін қайталамауға тырысуымыз керек, — дейді Бақытжан Бұқарбай.
Көше атаулары баяғыда латынға көшкен…
Сондай-ақ саясаттанушы латын қарпіне көшуге наразыларға қарсы аргумент келтірді.
— Латын қарпіне көшуге қарсылар „Ол бюджетке ауыр салмақ түсіреді, одан да ол ақшаға жол жөндеп, мектеп пен балабақша салмаймыз ба„ дегендей аргументтерді алға тартады.
Шынын айтқанда, бұл ойды басқа арнаға бұрып жіберіп, мәселенің мән-мағынасын жою. Әрине, ол дұрыс емес.
Иә, бұл арада көп нәрсе ауысады. Типографиялық заттар түгелдей жаңарады. Көшедегі жазулар мен белгілер ауысады. Көшенің атаулары мен құжаттар жаңарады. Бірақ құжатты мерзімі келгенде онсыз да ауыстырасыз. Бұл арада көштік екен деп бәрін жаппай ауыстыра бермейді ғой. Мәселен, құжаттарды мерзіміне қарай ауыстырады дегендей. Көше таңбалары ескірді ме, жоспарға сай ауыстыру мерзімі жетті ме, сол кезде латыншасы қойылады.
Жаңа төлқұжатта онсыз да латынша жазу бар, қазір көше атаулары да латынша жазылып жүр, яғни бұл процесс ақырындап басталып кеткен.
Ал бұл шараларға бюджет онсыз да есептеліп қойылған.
Ең бастысы, халықтың үйренуіне уақыт беру керек. Елбасы мақаласында кириллица мен латын қарпінің қолданысы қатар жүреді деп айтылды. 10-15 жыл жүрсін делік. Тарихи тұрғыдан қарағанда, 10-15 жыл қас-қағым сәт. Өтеді де кетеді. Мәселе, бірақ, меніңше, осылай шешіледі.
Ресейде Қазақстанды әлі бодан ел деп санайтындар көп
Ресейлік сарапшылардың Қазақстанның латын қарпіне көшуге қатысты білдірген пікірлеріне баға берген саясаттанушы, өкінішке қарай, оларда бізді әлі күнге дейін бодан ел ретінде қабылдау басым екенін айтты.
— Себебі басқа жағдайда мұндай риторика болмайды. Яғни,
Ресейдің кейбір сарапшылары тарапынан тәуелсіздігімізді сыйламау секілді позициялар бар. Ал ішкі аудиторияға келетін болсақ, парадокс. Таң қаларлық жағдай. Кириллицада таңбаланып жүргенде қазақ тілін меңгермегендер енді неге қазақ тілінің латын қарпіне көшуге алаңдаулы?
Заңды сауал ғой. Латын қарпіне көшеміз дегенде неге мазасы қашады? Ұлттық ой-сана болмағандықтан оларды түсіну өте қиын.
Қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілін дамытып жүргендер үшін бұл — приоритет. Кесіп, қарсы болғандарға оны түсіндіру қиын. Бірақ алаңдайтын да жағдай бар. Мына біз төте жазуды пайдаланып, латын қарпіне көшкенде көптеген төте жазудағы еңбектер аударылып үлгермей қалды. Оның түсінікті себептері де болды. Өйткені большевиктер идеологиясына керек емес дүниелер аударылмады. Ал қазіргі жағдай басқаша. Әрине, әдебиеттің барлығы 100 пайыз латын қарпіне ауыстырыла ма, ол да үлкен мәселе.
Енді есе қайтаратын кез кеп тұрған секілді. Мүмкін кеңестік идеологияға құрылған соцреализмдегі әбедиеттің қажеті жоқ шығар бізге.
Жалпы, латын қарпіне көшкенде әдебиетіміз, өркениетіміз қазақ мәдениетіне сай болуы керек. Бұл қатар жүретін процесс, меніңше. Жәй қаріп ешқандай рөл атқармайды. Қаріп тіл мен мәдениетіңді бейнелейтін бір дүние. Олай болмаса, қаріп өзінің функциясын жойып алады. Яғни, латын қарпіне көшуді ұлттық мәдениет, ұлттық әдебиетті қалыптастыратын дүние ретінде қарастыру керек.
Саясаткерлерге өтініш: өткенді аңсауды доғарыңдар!
— Жоғарыдан осындай үндеу түсті. Оның жүзеге аспай қалуы да мүмкін ғой. Оған талай көзіміз жетіп жатыр ғой. Бізде көп мәселе көтеріледі, жүзеге аспай қалғандары қаншама? Міне, бұл да сол күйді кешпес үшін азаматтық қоғам болып, бұл бастаманы сіз бен біз боп жұмыла көтере кетіп, аяғына дейін сүйреуіміз керек.
Ол сізге керек болмаса, ол маған керек болмаса, онда билік қайтеді? Қолын бір сілтейді.
Міне, 2017 жылдың соңына дейін латын қарпінің әлібиін түзу тапсырмасы нақтыланды. Осыны қадағалап, мамандардан сұрап, үнемі назарда ұстауымыз керек. Мүмкін белсенділер тобын құрып жіберу керек пе? Әйтпесе бір адамның үні ешкімге жетпейді. Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас демекші, ортақ мүдде болса да жеке-жеке әрекет қылған соң дауысымыз естілмей қалуы бек мүмкін.
Қазақ тілін үйрету курсын ашқан Бақытжан мырза қазіргі қазақ тілін көтеріп тұрған демография екенін баса айтады.
— Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде қазақ тілі біз қалағандай тез дамыған жоқ. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің, негізгі екі факторы бар: біріншісі, таза демографиялық фактор, екіншісі, ол — саяси шешім. Қазіргі қазақ тілінің дамып жатқаны таза демографиялық фактор.
Біздің „Бас қосу„ деген жобамыз бар. Содан бір мысал келтіре кетейін. Біз ашылғанда бізге қазақ тілін үйренуге келгендердің 100 пайызы қазақтар болды. Бірақ бір жылдан соң өзге ұлт өкілдерінің біздің сабаққа қатыса алатындай етіп, үлес салмақты арттырдық. 50,60, тіпті 70 пайызға жеткен кездер болды. Бұл — өте сезімтал аудитория. Бұл — бетін енді бұрып жатқан адамдар.
Саясаткерлердің мәлімдемелері мұнай котировкасына әсер етеді ғой. Бұл арада да солай. Қазақшаны қолдап, бір саясаткер мәлімдеме жасаса, қазақ тілін үйренуге келетіндер көбейеді. Ал, „жоқ, мәжбүрлеу болмасын„ деп біреулер сөйлесе, бірден азайып кетеді.
Сондықтан қазақ тілін үйренуге ел енді-енді бетін бұрып жатқанда, оларды айнытатын мәлімдемелер жасаудың қажеті жоқ. Саясаткерлерге осыны ескерткім келеді. Демография өзгерді, санамыз жаңғырып жатыр, сондықтан қазір өткенді көксейтін мәлімделелер жасаудың тіптен керегі жоқ.