Гүлнар Дәукенова: «Шынайы сезімнен тумаған ән халыққа жетпейді»

0
3594

Жаңалықтардан ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші, композитор Гүлнар Дәукенованың қайтыс болғанын білдім. Әпкеміздің жаны жәннатта болсын!

Мен ол кісімен өмірде таныс болмадым. Бірде-бір рет кездеспедік те. Бірақ осыдан жеті жыл бұрын пошта арқылы хат алмасып, шағын ғана сұхбат жазып алған едім. Мен ол кезде қазақ музыкасына арналған подкасттар жазып жариялап жүрдім. Кезекті аудиоподкасттарымның бірін «Күрең күз» әніне арнағым келді. Оның шығу тарихын білу үшін Гүлнар ханыммен хабарластым. Бірақ сол күндері сәті түспей, дайын әңгімені подкаст қылуға уақытым болмай, жобаны біржола доғарған едім. Әңгімеміз жеті жыл жарық көрмей келді. Бүгін суық хабарды естіген соң біртүрлі сезімде отырмын. Ол кісі сұхбаттың жарияланғанын қалады деп ойлаймын. Гүлнар ханымның шығармашылығын тағы бір еске алу мақсатында жарыққа шығаруды ұйғардым. Гүлнар ханым, бұл сұхбатты көзіңіз тіріде шығармағаным үшін кешірім сұраймын.

Композитор әпкемізге алғашқы хатымды 2012 жылдың 17 желтоқсанында жолдаған екем. Гүлнар ханым 2013 жылдың қаңтарының соңында жауап жазды. Сұхбатты алғаш рет жариялануда.

Гүлнар ханым, сіздің «Күрең күз» әні қай жылы жазылды? Оның шығу тарихы қандай? Қандай сезімде жаздыңыз, не түрткі болды?

‒ Ән 1999 жылы 17 октябрьде дүниеге келді. Шығу тарихы өте күрделі. Қиналыспен шықты. Күндізгі сағат 12-ден таңғы сағат 5-ке дейін қиналдым. Осы уақыт аралығында жазылды десем болады. Өте сезімге толы. Жыладым да, жанымды қоярға жер таппаған сәттерім де болды. Музыкасын жазып отырып Мұқали Мақатаевтың кітабын ашсам, «Күрең күз» деген өлеңі ашылады. Әніме салып көрсем, келетін сияқты. Өзі «Күрең ат», «Күрең бел» деген теңеулерді білуші едім, таң қалдым. Содан «Күрең күз» болып аталды.

Содан Мадина Ералиеваға орындап беріп едім, мен аламын деді. Негізі Мадинаға бергім келмеді. Болмай қалап алды. Мадина менің бірінші әншім. Менің «Сағындым сағым жылдар», «Шыңдағы шынарым-ай» деген әндерімді келістіріп айтқан әнші. Олар да халықтың жүрегінен шықты десем де болады.  Сондықтан да Мадинаның сыңғырлаған дауысымен ерекше шыққан. Екі-үш жыл бұрын «Жігіттер» тобы қалап алды. Мен рұқсат бердім. Студияда жазған кездерінде бірге болдым. Өте әсерлі шықты. Инабатты, талантты орындаушылар ғой. Олардың орындауларында да өте әдемі.

‒ Ән жазылған күнгі сіздің көңіл-күйіңіздің ауыр болуы немен байланысты?

‒ Әр ән әр түрлі уақытта, әр түрлі сезімнен туып жатады. Оның әр қайсысының өз тарихы бар. Шынайы сезімнен тумаған ән халыққа жетпейді. Бірақ әр уақытта осындай күй кешу өте қиын. Ол алдын- ала әннің болашағымен байланысты болған шығар. Әнші өз өмірін жырлайды деп жатады. Мадина да өмірімен қоштасқандай болды. Бірақ оған ешкім мән бермеді. Елмен бір жыл қоштасты. Көңіл-күйіме сол әсер еткен шығар.

‒ Ел аузынан ән дүниеге келген түні Құрманғазы оркестрінде бұрын жұмыс жасаған бір қыз адам қолынан қаза тауыпты, әнді кейін соған арнапсыз деген әңгімелерді естідім. Сол қаншалықты рас?

‒ Бұл сұраққа келсек, шынымен, менің қиналған уақытымда ол қыздың жаны шығыпты. Маған қатты әсер етті. Ән шыққан күні жұмысқа келсем, сондай хабар естідім. Содан іштей сол қыздың өлімімен байланыстырып, соған арнағаным рас.

‒ Не себепті әнді Мәдина Ералиеваның орындағанын қаламадыңыз?

Мадинаның орындауына қарсы болғаным, алдында «Сағындым сағым жылдар» деген әнімді орындаған. Сөзі Шөмішбай Сариев ағанікі. Мадинаның орындауымен халыққа жетті. Халықтың әніне де айналды. «Шыңдағы шынарым- ай» деген екінші әнім де (сөзі Абдрахман Асылбеков ағанікі) кеңінен таралып, ән байқауларының үздігі деп аталып үлгерді. Бірінен кейін бірі шыққан әндерімнің барлығын Мадина орындай беруі тиіс емес деп шештім. Мадинаға бермеймін дегенімнің себебі осы. Басқа ешқандай ой болмады. Бірақ Мадина марқұм өзі сезгендей, «Күрең күз» болып жүрмін деп, қалап алды.

‒ Жауаптарыңызға рахмет!

Материалды басқа ресурстарда түпнұсқаға сілтеме берген жағдайда ғана қайта басып жариялауға рұқсат етіледі.

https://youtu.be/WYuZ4ggHefY
https://youtu.be/dQctjAhIAgo

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.