Қазақ тілі бизнес тіліне айналады

2
411392

Авторы: Әсел Дағжан

Қаладағы қоңыр кештер

402014 жылдың қараша айынан бері Алматыдағы Қазақ халық музыкалық аспаптары мұражайында 70-80 шақты адам ерекше форматтағы «БАС ҚОСУ-ға» жиналып жүр. Қазақ ағайындарды айтпағанда, «БАС ҚОСУ» клубына ниеті бір демесек, ұлты мен тілі басқа ағайын да көп келеді. Ерекшелігі сол, мұнда бәрі бір-бірімен қазақша сөйлесу үшін бас қосады. Ең бастысы, жүрек қалауымен. Әрі  тегін. Орыстілді әрі өзге ұлт азаматтарының басын қосып, қазақша сөйлетіп жүрген жобаның авторы – саясаттанушы, журналист және суретші Бақытжан Бұқарбай.

Қазақ қоғамы үшін айтары да, берері де мол Бақытжан бүгін бізге «БАС ҚОСУ» туралы ғана айтып қойған жоқ.

 – Бақытжан, бір жарым жыл бұрын қазақ тіліне қоғамның сұранысы қай деңгейде еді? Идея неден туындады?

– Алматыда, бүкіл елде қазақ тіліне сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Қазір «қазақ тілі не үшін керек?» деген сұрақ қоятын адамдар саны азайды. Артық тіл білгеннен ұтылмайтынын халық түсініп келеді. Ашық түрде қарсы шығатын адамдар жоқ. Жасырын, айта алмай жүргендер бірлі-жарым шығар, бірақ, олар статистиканы өзгерте алмайды. Демография өзгеріп, Алматы қазақыланып жатыр. Осы елде тұрамын десе, балаларын тәрбиелеп өсіріп, осы жерде қаламын деген адамдар қазақ тілін үйрену керектігін біледі. Қазір осындай өзгеріс болып жатса, 5-10 жылда мүлде басқаша болады. Қазақтар көбейеді, қазақ тілінің өрісі кеңейеді.

41Магистратурада оқып жүріп, «не істесе болады?» дегенге бас қатырып жүргенмін. Содан интернетке белсендірек жазып бастадым. Ол 2010 жыл болатын. Ол кездері трендтер көбінесе орысша талқыланатын. Қарап отырсам, қазақ тіліне байланысты пікір-тартыс көп. Бір тараптан «несіне оқимыз, методикасы жоқ, дамымаған» деген сияқты аргументтер айтылды.

Бір күні қазақ газеттерінің бірі қазақша сөйлейтін шетелдік азаматпен көлемді сұхбат шығарыпты. Қазақ тілін қалай үйренді, неден бастауы керек, нендей қиыншылықтары бар дегеннің бәрі айтылған. Қазақша газет оқитын адамға ондай мақаланың қажеті қанша? «О, тілімізді үйреніп жатыр екен» деп марқайып қалмасаң, қазақтілді аудиторияға қажеті жоқ нәрсе. Ізденіп жүрген адамдардың сұранысына жауап бергің келсе, онда ол дүниенің бәрін орысша газеттерге беру керек. Бірақ, орыс газеттері   жария­ламайды.

«Өзге ұлт өкілдері қазақша қалай үйренді, неден бастады, қандай қиыншы­лықтар болды?» деген сұрақтардың төңірегінде бірқатар орысша мақала дайын­дап, жариялай бастадым. Аз уақыттан кейін «мүмкін, бұлар тілді білмейтін шығар, қалай дәлелдейсің?» деген әңгімелер айтылды. Содан сол өзге ұлт өкілдерінің өзімен қазақша 25 видеоролик ұсындым. Жоба «Men Qazaqpyn» деп аталды. Жарты жылда миллионнан астам рет қаралып, қызығу­шылық тудыра алды. Бұған дейін қазақтың мақал-мәтелдерін орысшаға аударып, олардың түсіндірмесін беріп жүргем. Аудитория мені қазақ тілінің мұғалімі деп ойлай бастады ма, әртүрлі сұрақтар көбейді. Білгеніме жауап беремін, мектеп бағдар­ламасының қайбір ережесі есте қалды дейсіз? Білмей қалатын да кездерім бар. Сұраныс үлкен екенін сезінгесін, бұл жұмысты тоқтатпау керек деп шештім. Мұғалім тауып, курс ұйымдастырдым. Әрбір курс үздіксіз бағдарлама шеңберінде жүреді, бағдарламасы болады, соны ұстану керек. Ересек адамдар қатысатын курстың тиімсіз бір тұсы бар. Олардың отбасы бар, іссапары бар, бір сабақты жіберіп алса, келесі сабақта тапсырма көлемі екі есе көбейіп кетеді. Жұмыстағы адамның оған уақыты да жоқ, содан ынтасы басыла береді. Осыдан кейін курстың тиімсіздігіне көзім жетті. Курсқа байланысты пікірлер де 50×50 болды.

Үздіксіз ізденістен кейін «БАС ҚОСУ» форматына келдім. Клубтың алғашқы кездесуі 2014 жылы 28 қарашада болды. Мұнда әрбір сабақ автономды. Өзінің тақырыбы, ойналатын ойындары бар. Егер бір сабақтан қалып қойсаң, екіншісіне еш уайымсыз келе беруге болады. Осы күнге дейін «БАС ҚОСУ» клубы бірде-бір жағымсыз пікір алған жоқ. Бұл – кәдімгідей үлкен жетістік. Менің мақтан тұтатын жобам.

– «БАС ҚОСУ» клубы жұртты несімен тартады?

– Жаңа нәрсе ойлап таптым деп айтпаймын. Себебі, сөйлесу клубтары маған дейін болған дүние. Ол жаңалық емес. Бұл жерде бабын таба білу деген нәрсе бар. Біздің ерекшелігіміз осында. Клубтың моделі, дәстүрлері, өзіндік атмосферасы қалыптасты. «БАС ҚОСУ-да» бірде-бір адам телефон шұқылап отырмайды. Қызық болғандықтан, ешкім ешқайда алаңда­майды. Тіл үйренемін деп келгендер, бізге деген алғысы мен сыйластығы болар, өздерімен бірге кәмпит, печенье, басқа да тәттілерді әкелуді дәстүрге айналдырды.

42Клубта ауызекі тілмен күнделікті өмірде қазақша жауап беруге, сөйлеуге және сөйлесуге көмектесеміз. Бірнеше сабақ өткізгеннен кейін маған Бауыржан Мұхамедияұлы мен Ерден Зікібай деген қазақтың намысшыл, талантты жігіттері қосылды. Волонтер ретінде осы күнге дейін көмек беріп келеді. Жобамның осы уақытқа дейін жеткен жетістігінің 50 пайызын осы екі азамат қамтамасыз етті десем, артық айтпаймын. Бізге күні бүгінге дейін қолдау көрсетіп, «БАС ҚОСУ-ға» ғимаратын тегін беріп жүрген мұражай ұжымына деген алғысым шексіз.

– Қазақша сөйлеуге бас қосу үшін кімдер келіп жүр?

– Қазақтар, өзге ұлт өкілдері, тіпті, шетелдіктер жиі келеді. Осы күнге дейін Канада, Италия, Ауғанстан, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ елдерінен келді. Әрбір келуші адамның өз мүддесі бар. Біреу орта іздеп келеді, біреу бар деңгейін жетілдіргісі келеді. Сөздік қорын байыту үшін келетіндер бар.

Әрбір жобаны бастаған кезде мен нәтижеге негізделемін. Нәтиже болмаса, жүргізудің қажеті жоқ. Адамның қабілеті әртүрлі ғой. Біреу үш кездесуде-ақ сөйлеп кетеді. Қазақша сөйлеп кетсе де, атмосфера ұнағандықтан келетін адамдар бар. Тіл деген құрал болғандықтан, оны білген сайын мүмкіндігің де кеңейе беретіні аксиома. Ал қандай да бір сылтау айтатындар – еріншектер.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда «БАС ҚОСУ-ды» №1 тілдік орта деп жазыпсыз. Қандай дәйек келтіресіз?

– Алматының өзінде «БАС ҚОСУ-ға» сұраныс өте жоғары. Бұған дейін екі жұмада бір өткізіп келгенбіз. «Бізге бұл аздық етеді, аптасына бір рет келуге, ақшасын төлеуге де дайынбыз» дегендер болды. Менің ұстанымым – келушілерден ақша алуға болмайды. Өткен жолдары адам сыймай қалды. Адам көбейген сайын әр адамға тиесілі уақыт азаяды. Біз бір сағат өткіземіз деп жоспарлағанымызбен, ол уақытта бірде-бір адам тарап кетпейді. Екі сағатқа созылып, оның өзі жетпей қалады. Жақыннан бері екі топқа бөліп өткізіп жүрміз. Осындай үлкен сұраныс барда, бұл жобаны қолдау керек. Мемлекет тарапынан немесе үкіметтік емес ұйымдар тарапынан гранттар болса, біз қолдаудан бас тартпаушы едік.

Астана, Қостанай, Павлодардан да «БАС ҚОСУ-ға» сұраныс көп. «Біз осы форматты алып, өз қаламызда өткізсек бола ма?» деп сұрағандар да бар. Мен оған рұқсат бермеймін. Оны басқа қаладағы адам көрмей, сезбей қалай істейді? Көрсе де, істей алмайды. Дұрыс болмай қалса, жағымсыз пікір кетеді. Ол жобаға ғана емес, өзімізге де тиеді. Сондықтан бұл жерде репутациялық тәуекел тұрғандықтан, рұқсат бермеймін.

Біз әрбір сабақтың қызықты өтуін, ойын моделін ұйымдастырамыз. Ғаламтордағы парақшаны жүргізуге де көп уақыт кетеді. Осыған дейін 40 шақты кездесу өткіздік. Жоба үшін қыруар еңбек, қаншама тер төгілді.

Егер қаражат болса, сол қалаларға өзіміз барып үйретіп келуге дайынбыз. Қолдау болса, біз тартынбаймыз. Себебі, тиімділігін дәлелдеген жұмыс істейтін модель. Елімізде үкіметтік емес ұйымдар, шетелдік компаниялар көп. Олардың әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталған өзінің қаражаттары бар. Жақсы өнім жасай алдым, жұмыс істейді, тиімділігі бар, нәтижесі мынау. Қазір мен осындай сенімді жағдайға жеттім. Енді сондай ұйымдарға шығып көру керек. Бүгінге дейін біз «БАС ҚОСУ-ды» қаржысыз, өзіміздің құлшы­нысымызбен ұйымдастырып келеміз. Ниетіміз бар, бірақ, көлемі шектеулі. Егер кеңейту керек болса, оған көбірек уақыт жұмсау қажет. Әрі оның өтемақысы болуы тиіс.

– Белгілі бір саясаттанушы «алдағы 10-15 жылда Қазақстан қоғамы қазақ тілді болады» дейді. Сіздің алып-қосарыңыз бар ма?

– Бұрын қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі деп айтылатын. Қазір қазақ тілі екі орынды да басып жатыр. Қазақ тілі – мемлекеттік те тіл, ұлтаралық қатынас тілі де. Бұл факт. Мен өзім туғалы бері Алматыда өмір сүріп келемін. 90-жылдары мен тұрған көшеде екі-ақ қазақ отбасы болатын. Ал қазір демографиялық құрылым ауысып жатыр. Қаланың өзі қазақыланып келеді. Қазақтың саны көбейген сайын ғылымның тілі де дамиды. Қазақ тілі бизнес тіліне айналады.

Мен бірінші сыныпқа барғанда қазақ мектебіне бардым. Расын айту керек, әжем мен атамның қолында өскендіктен, орысша білмейтінмін. Сонда таңғалатыным, сабақтар қазақша өтеді, үзілісте балалар орысша сөйлейтін. Мен орысша сөйле­меймін, олар менімен ойнамайды. Кәдімгі­дей шеттетіп тастайтын. Өйткені, олар орыс тіліндегі балабақшалардан келген. Сондай жағдайда өстік қой. Қазір ондай проблема жоқ. Осыны еске түсіру керек. Тіпті, биылдан бастап «БАС ҚОСУ-ға» өзге ұлттар көптеп келуде. Жақсы пікірлер қалдырып, жазып жатыр. Жобаның аты да шығуда. Мұның бәрі – еңбектің нәтижесі.

– «Қазақ тілі» дегенде қандай мәселе сізді алаңдатады?

– Былтыр мен үйде отырып, екі мульт­фильмді қазақшаға аудардым. Қазақтар байқаған жоқ. Бізде үлкен бір проблема бар. Қазақ тілін ересектерге үйрете берсең, тіл мәселесі шешілмейді. Егер өсіп келе жатқан ұрпақты қазақыландырсаң, соларға контент дайындасаң, келесі буынның ондай мәселесі болмайды. Балалар тіл мәселесін ешқашан саясилан­дырмайды. Мультфильм қызық болса, ол қай тілде болмасын, балалар көре береді. «Қазақша мультфильм екен, оны көріп не істеймін?» деп бала ешқашан ойламайды. Оларда ондай мәселе жоқ. Ондай мәселе үлкендерде бар. Мен жиі-жиі аулаға шығып, ойнап жүрген балаларға назар аударсам, көбі қазақ балалар, орысша бірдеңелер айтып жүреді. Неше түрлі қимылдарды қайталап жүреді. Жанындағы үлкендерден сұрасам, бәрі қазақ мектептерінде оқитын балалар. Дәл мен мектепке барған 1994 жылғы проблемаға ұқсайды. Бұл нені көрсетеді? Жиырма жыл өтсе де, сол мәселе әлі күнге дейін шешіл­меген. Балаларға арналған қазақтілді контент­тің тапшылығын көрсетеді. Мультфильм­дердің бәрі орысша немесе ағылшын тілінде. Өзімнің де балам өсіп келе жатыр. Содан фейсбукте «бір-екі мультфильмнен қазақшаға аударайық» деп ұран тастадым. Дыбыс режиссері, монтажер болмасам да талпынып көрдім. Үйде отырып, істеуге болады екен. Шығыным – бес тәулігім кетті және микрофонға 400 теңге жұмсадым. Айқайлап, шулап жүрген қыз-жігіттер көп. Бірақ, 5 тәулігін де қиғысы келмейді. Бір мульт­фильм аударсаң, екі тәулік кетеді. Техно­логиясын түсіндіріп беремін деп те айттым.

Кейде жастарымыздың арасында популизмге бейімділік байқалады. 2014 жылы Іce Bucket Challenge деген флешмоб болды. Ол Америкада басталған дүние. Омыртқа ауруына шалдыққандар ауырған кезде мұзды су құйғандай әсер алады екен. Сосын сол аурумен ауыратын адамдарға жәрдем болсын деп флешмоб ұйымдастырылады. Мұзды су құйынған адам үш адамның атын айтып, соларға үндеу тастайды. Сосын қалтасынан аурудың емін іздейтін орталықтарға ақша бөледі. Бізде флешмобтың бастапқы философиясын жоғалтып алды. Не үшін басталғанын білмейді, әйтеуір, су құйынып жатыр. Мен одан да пайдалы флешмоб істейік деп мультфильм аудардым. Әрбір қазақтың бір мультфильм аударатындай жағдайы бар. Жанашыр қазақтар іске кіріссе, бір-екі айдың ішінде интернетте 100 мультфильм тұрар еді. Мемлекеттің қолдауы да қажет емес, міне, жақсы флешмоб. Мәнді флешмоб. Ешкім алып кетпеді. Сөз, айқай-шу. Ура – жанашырлық. Бірақ, нақты іске келгенде ешкім жоқ. Әрекет етпейді.

Қазақ БАҚ-нан көңілім қалған. Өткен жолы Шымкент әкімінің кеңесшісін «талап» тастады. Фейсбукта біреу «кездесуде қазақша жауап бере алмады» деп жазып еді, газеттер талап алып кетті. «Әр қазақ – жалғызым» дейді де, бірақ, бірін-бірі талап жатқан көрініс. «Таласа» аудитория, оқырман болады. Осы іс дұрыс па? Алашордалықтардың ең бірінші газетте тіл мәселесін қалай көтергендігінен үлгі алмай ма деймін. Қазір фейсбукқа «қазақ тілінің алдағы он жылда қажеттілігі болмайды» деп жазайыншы, мені «талап» тастайды.

«Gonzo.kz» сайтында редактор болдым. Басында орыстілді сайт болатын, қазақыландырдым. Қазақ журналистеріне «келіңдер, ақша төлейміз, жазыңдар» деп шақырдым. Келмеді. Күрделі, тың тақырыптар жазғысы келмейді. Одан да тіл, дін жайлы жазған жеңіл.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда 2015 жылдың қорытындысы ретінде 88 кітап оқығаныңызды жазыпсыз.

– Көп кітап оқыдым деп айта алмаймын. Осы уақытқа дейінгі оқығанымды бөлісудегі мақсатым – үлгі болса екен деген ой ғана. Қазір жұрт қайда тамақтанып, кіммен кездескенін, қайда демалғанын әлеуметтік желіге салумен әуре. Мұндай істерге қарсы альтернатива болуы керек қой. Енді қосылып жатқан жастар «ее, мынадай кітап оқып, мынадай іс бітіріп жүр екен ғой» деп ойланып жатса, ол – менің жеңісім. Мықтылар фейсбукта отырмайды. Олардың оған уақыты жоқ. Бізде әлі күнге дейін құндылықтар дұрыс емес. Қазақ «Түстік өмірің болса, кештік білім жи» дейді. Бүгін шыққан сөз емес қой. «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді Абай. Қазақ ойшылдары аз болып жатса, Конфуций, Сенеканы оқысын. Бұл ойшылардың арасында сан ғасырлар жатса да, ортақ ойлары бар. Біз қазір телефон қолданамыз, адамды ғарышқа ұшырдық, дегенмен, ақылды болып кеттік деп айта алмаймыз. Абайдан дана болып кеттік пе? Адамзаттың жағдайы жақсарып жатыр. Бірақ, даналыққа жетпеді. Бізге дейін бәрі айтылып кеткен. Жаңалық ашу қиын. Алайда, сол дайын дүниенің өзін ізденбейді. Еліктіргіш интернет, фейсбук деген мақсат алдында көңілді алаңдататын нәрсе көп. Швейцарияда болғанымда қазақтар жиналып, тегін шағын концерт берді. Швейцарлықтар көп келді. Әр қаласынан қазақтар да келді. Мынау антрополог, анау ІT саласынан жаңалық ашқан, мынау бизнес саласында жетістікке жеткен деп қазақтарды маған таныстырып шықты. Модельдер әртүрлі. Ал бізде шенеунік немесе бизнесмен. Екі-ақ модель. Бұған тағы шоу-бизнес өкілін қосыңыз. Ары кетсе, үшеу. Идеология дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ. Қазір ғылымда, физика, математикада қандай жаңалықтар ашылып жатқанын қазақ басылымдары жазбайды. Естімейсің. Тек қана діл, тіл, дін тақырыбын айналдыра береді.

Өткенде кішкентай оқырмандарға арналған «OYLA» ғылыми-танымдық журналының қазақша нұсқасы жабылатындығын естідім. Ең бірінші саны қолыма түскенде, оқып шыққанмын. Мықты, сапалы журнал. Сол бірінші санын толығымен мектептерге, жастар арасында тегін таратқанымен, көпшілігі тегін дүниенің өзін алудан бас тартыпты. Осы уақытқа дейін бар болғаны 18-ақ адам жазылған. Ол журналды шығаруға жұмсалатын қаражатты ақтамайтыны анық. Содан редакциясы фейсбукта журналдың жабылатынын хабарлағанда, бірнеше азамат сақтап қалу үшін бір емес, 10-20 данасына дейін жазылмақшы болды. Басылымды арашалап қалу мақсатында онлайн-петицияға қол жинау шарасы да ұйымдастырылды. Қанша адам қолын қойды деп ойлайсыз? Бар болғаны – 205 адам. Бұл толғандыратын нәрсе. Осыдан байқай беріңіз. Балаңыздың аса қабілеті болмаса да, әншіге айналу ықтималдылығы арта түсті деген сөз. Ал елімізге осынша көп әншінің қажеті не?

– Сұхбатыңызға рахмет!

2 COMMENTS

  1. Бақытжан ой пікіріңізге толық
    қосыламын. Істеріңіз алға баса берсін!

  2. Толғандыратын сұқбат екен, Сіз сияқты азаматтар көп болса, еліміз ілгері дамиды. Бастаған ісіңізге береке берсін, талабыңыз мұқалмасын.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.