В. Чан Ким, Рене Моборн, Стратегия голубого океана

0
1988

Бұл кітап 2005 жылы ағылшын тілінде тұңғыш рет жарық көріпті. Бизнеске қатысты өзім оқыған әдебиеттің ішінде бұл кітап ең мықты жазылғандардың қатарында болатыны сөзсіз.

Авторлардың пікірінше, нарықтың екі түрі бар, олар — көгілдір және алқызыл мұхит. Алқызыл мұхитта бәсекелестік өз шыңына жеткен. Расында да, қарап тұрсақ, қарапайым тұтынушы қазіргі заманда түрлі брендтер ұсынатын смартфондардың бір-бірінен түбегейлі айырмашылығын бірден тауып айтып бере алмайды. Пепси мен Кока-Коланың дәмін ажырата алмайтындарды өзім жиі кездестірдім. Ұсыныс көп, бәсекелестік жоғары, компаниялар әрбір клиент үшін қызыл кеңірдек болып қырылып жатыр. Бұлар мұхитта соқтығысып қалған акулаларға ұқсайтыны рас. Олай болса, бұл мұхиттың түсі алқызыл болатыны заңды.

Енді суы мөлдір көгілдір мұхиттар да бар екен. Бұл — бәсекелестік жоқ орта. Алқызыл мұхитпен шектесіп жатса да, оны көптеген компаниялар байқай бермейді екен. Авторлар әлемге танымал Цирк дю Солейдің мысалында көгілдір мұхит стратегиясын түсіндіруге тырысады. Дәстүрлі цирктар сұранысқа ие болмай қалған кезде, Цирк дю Солейді құрған әртістер бұның себептерін талдай келе, цирк өнерін тек балаларға ғана ұсынбай, ересектерді де қамту керектігін, көп шығынға ұшырататын арена жалдау, жануарларды пайдалану секілді мәселелер мен үлкен қаражатты талап ететін әртістерді шақырудан бас тарту қажеттілігін түсініп, театр мен бродвей шоуларының элементтерін қамтыған, мазмұнды әрі қызығырақ цирк жасап шығады.

Ғалымдар бұдан бөлек 15 жыл бойы жасалған зерттеулер негізінде 120 жыл ішінде 30 саладағы көгілдір мұхит стратегиясын жүзеге асыра алған 150-ге жуық табысты стратегияны мысал ретінде келтіреді. Бұл еңбек мәселенің тек теориялық тұсын ғана қамтымай, тәжірибелік жағын да жақсы ескерген. Бір сөзбен айтқанда, бұл қайта-қайта оқуға тұрарлық құнды жұмыс.

Кітапта көгілдір мұхиттың алты қағидасы ұсынылады:

  • нарықтың шекарасын қайта құру;
  • сандарға емес, нарықтың жалпы күйіне назар аудару;
  • қалыптасқан сұраныстан тыс шығу;
  • стратегиялық реттілікті дұрыс анықтау;
  • негізгі ұйымдастырушылық кедергілерді жою;
  • жүзеге асыруды стратегияға енгізу.

Көгілдір мұхит стратегиясын тек бизнесте ғана емес, сонымен қатар қоғамдық қатынастар саласында да қолдануға болады. 1990-жылдардың басында Нью-Йорк метросы қаланың қауіпті орындарының бірі болыпты. Тұрғындар көліктің осы түрін пайдалануды азайтып, метроның табысы түсіп кетсе де, көлік полициясы тырп етпепті, себебі бұл жерде қаладағы барлық қылмыстың тек үш пайызы ғана жасалады екен. Бұндай аз көрсеткішке басымызды қатырып қайтеміз деп жүргенде, Брэттонды полицияның бастығы қылып тағайындапты. Ол бірінші кезекте өзінен бастап басшылыққа метромен жүруді міндеттейді. Бұрын олар статистика негізінде пайымдаса, енді бүкіл тәртіпсіздікті өз көздерімен көреді. Көлік полициясының бюджеті шектеулі болғандықтан, Брэттон қылмыс көп жасалатын бекеттерді анықтап, бұрын полиция қызметкерлері барлық бекеттерді біркелкі күзетсе, енді зейінді соларға аударады. Сыйымды көліктерді алдырту үшін ол Көлік басқармасының бастығын қолданыстағы тар көлігіне отырғызып, өзін ұлкенірек көліктің қажет екеніне куә еткізеді. Осы және басқа да шаралардың арқасында қылмыс саны күрт азаяды. Ресурстар шектеулі болғанда қолда бар құндылықтарды күшейту көгілдір мұхит стратегиясына жатады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.