Бақытжан Бұқарбай: «Америка сапары нәтижелі болды»

0
963

Токвильдің «Америкадағы демократиясын» оқығаныңыз бар ма? 25 жасында АҚШ-қа сапарлап барған болашақ ұлы ойшыл «Америкаға, мен тек бұл елді тамашалау үшін барған жоқпын. Мен бұл елден демократияның өзін… болмысын іздедім» деп жазған.

Алыс құрлықтағы алып мемлекетке Қазақстандағы бірқатар белсенді медиа-менеджерлер шақырту алыпты. Белгілі саясаттанушы, суретші, бірқатар әлеуметтік нысандағы жобалардың авторы Бақытжан Бұқарбай Америка сапарының қалай өткенін айтып берді.

АҚШ-қа қалай жол  түсті. Алдымен, осы туралы айтып өтсеңіз? 

– Open World бағдарламасы бойынша шақырту алдық. Бұл кезінде АҚШ Конгресі кітапханасының бастамасымен өмірге келген бағдарлама екен. Жоба әлемнің әртүрлі мемлекетінен өз саласындағы белсенді тұлғаларды іріктеп, Америкаға шақырады. Мен осы іріктеуден өтіппін. Маған өздері шықты. Бәзбір бағдарламалар сияқты, өзіміз ұсыныс тастап, өтініш жіберген жоқпыз. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі АҚШ елшіліктері өздері іріктеп, ұсыныс жібереді. АҚШ-қа жолымыз осылай түсті.

Қанша күн аялдадыңыздар? Не көріп, не түйдіңіздер? 

Америкада тура он күн болдық. Үш топты алып барды. Үш топтың бағыты әртүрлі болды. Біз медиа саласының тобында болдық. Барған жерімізде, болған штатымызда көрген-түйгеніміздің барлығы осы саламен байланысты болды. Медиа саласының қызметкері, сонымен қатар, әлеуметтік желілерді өздерінің күнделікті жұмыстарында пайдаланып жүрген ұйымдардың өкілдерімен кездестік, пікір алмастық. АҚШ-тағы телевизия қалай жұмыс істейді, болмаса, оқу орындары атқарып жатқан істері мен ашқан жаңалықтарын әлеуметтік желіде қалай жарнамалайды, полиция халықты құлақтандыру үшін, әлеуметтік желіні қалай пайдаланады осы және өзге де қызықты жайттарға қанығып қайттық.

Бұдан тыс, Вермонт штатының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен жүздестік. Америкада қандай да бір төтенше жағдай туындай қалса, олардың алдын-алу үшін, яғни, халықты ақпараттандыру үшін, қандай іс-шаралар жүргізетінін айтып берді.  Осы жағынан, барынша тәжірибе алмастық. Біз өз білерімізді айттық. Мысалға, бізде төтенше жағдай туындар болса, қалтафонымызға SMS жібереді. Американың әдісі басқа екен. Оларда хабарландыруды электронды почталарға жібереді, радио және телевизия арқылы хабарлайды екен. Америкалықтардың көбісі көліктерінде радионы тыңдап жүреді. Осындай ерекшеліктері бар.

Сосын, полиция туралы айтсам. Бұлар қоғамдық тәртіпті ғана бақыламайды, сонымен бірге, елдің сауатын ашатын органның қызметін қоса атқарады екен.

Бұл қалай жүреді сонда? 

Біз болған Вермонт штатының тұрғындарының тоқсан бес пайызы ақ нәсілділерден тұрады, христиандық мәдениет басым. Демографиялық біркелкіліктен болар, ол қауым өзге мәдениет өкілдерінің дінін, ділін, дәстүрін аса біле бермейді. Полиция өз кезегінде, осындай ұлттардың діни немесе дәстүрлі мерекелері кезінде жергілікті журналистердің, белсенді қауымның басын қосып, танымдық шара, брифингтер өткізеді екен. Айталық, „Рамазан айы дегеніміз не, оның мәні мен маңызы қандай?„ деген сияқты. Мұны әлеуметтік желілер арқылы жұртқа жариялайды. Мұны ел оқиды. Ауыздан ауызға таралады. Мұсылмандардың мәдениеті жайында дұрыс түсінік қалыптастыруға жол ашады.

Телеарна жұмысының қандай ерекшеліктері бар екен? 

– Иә, жергілікті телеарналардың бірінің жұмысымен таныстық. Таң қалдым. Нағыз қоғамдық телеарна, еркін формат екен. Студия жасап қойған. Бұл араға кез-келген адам келіп, өз бағдарламасын түсіре алады. Соған сай, керек-жарақтың бәрі бар. Дайын тұр. Түсіреді. Жариялайды.

Демек, цензура жоқ. Қоғамда осындай мәдениет қалыптасқан ғой?..

Әрине, табу, яғни, тыйым салынған тақырыптар бар. Бірақ, тұтастай алғанда, пікір айту, ой білдіру құқығы шектелмеген. Бұл арада да Американың, америкалықтардың табиғатына тән, өзіндік мәдениет қалыптасқан. Пікір айтуға, сынауға болады. Тек іс-әрекетке шақырмау керек. Айталық, «ел азаматы ретінде Америкадағы осы дүниеге көңілім толмайды» деуге әбден болады. Алайда әрі қарай әрекетке шақыруға, былайша айтқанда, халықты арандатуға тыйым салынған. Жалпы, АҚШ-та болған он күн нәтижелі болды. Білмегенімізді білдік, көрмегенімізді көрдік. Соңғы сапар емес деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рахмет!  

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.