«Күміс кітапты» оқуға шақырамын

0
1892

#1-кітап. БАҚЫТЖАН БҰҚАРБАЙ. «КҮМІС КІТАП»

Жылдың шымылдығын әлеуметтік желілерде жиі жазылып, айтылып жүрген саясаттанушы Bakhytzhan Barkorn Bukharbayevтың “Күміс кітабымен” аштым. Кітаптың алғысөзін “Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі” деген Әлихан Бөкейханның сөзімен бастауының өзі, Бақытжанның осы кітапты жазудағы мақсатын көрсетсе керек. Кітаптың алғашқы бетіндегі кітап туралы түрлі қанатты сөздердің өзі адамды оқуға жігерлендіреді. Маған әсіресе, бұрынғы кітапханаларда жазылды делінген “Бұл жерді өлілер мекендейді, бұл жерде мылқаулар сөйлейді” деген лақын мақалы қатты ұнады. Расымен, кітапхана өлілердің мекені секілді, ал мылқауларында (кітаптарында) тілі бар емес пе? Бұрын оқымаған, кездестірмеген ғажап тіркес екен.
Шағын кітабында Бақытжан енді қалыптасып келе жатқан оқырмандарға кітап оқуға дағдыланудың түрлі тәсілдерін үйретеді, өзінің кітап оқу тәжірибесімен бөліседі. “Күміс кітапты” кітаппен достығын енді бастаған жандар оқыса, пайдаға кенеледі деп ойлаймын. Өйткені автор осы бір аз ғұмырда ең маңызды кітаптарды қалай іріктеп оқудың тәсілін айтады. Біраз кеңестерін дәптеріме түртіп алдым.
Бақытжанның кітапты мамандыққа қарай таңдап оқу туралы кеңесін мен де жүз пайыз қолдаймын. Өйткені, аспазға “классиканы оқы” деп тығырыққа тіреу ақымақтық секілді. Әр адам өз мамандығына қарай, өз саласының ең маңызды кітаптарын оқыса, үздік болары сөзсіз. Мен де кітап оқуды ұнатпайтын, медицинада оқитын студент сіңліме (Nazerke Ermekkyzy) үздік дәрігерлердің кітаптарын сыйлау арқылы оның кітап оқуға қызығушылығын біраз арттырдым деп ойлаймын. Ол жақында ғана В.Франклдың “Сказать жизни да” кітабын бітірді. Ал ән айтатын ініме (Yerkebulan) Біржан сал, Ақан сері, ең аяғы Майкл Джексон туралы кітаптарды оқуға кеңес беріп келемін. Ол осы күні Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” романын оқып жатыр. Рас, өз тақырыбына онша келіңкіремейді, бірақ оның кітап оқуының өзін жетістік деп білемін.
Ал автордың кітапты ағылшын тілінде оқуға үндеуі мен үшін әзірге, алынбас қамал болып тұр. Бұйыртса, алдағы күндері ол мақсатыма да жетемін деп ойлаймын.
Бақытжан кітабында “Абай жолы” романын оқу міндетті деп санамаймын” дейді. Толстойдың “Соғыс және бейбітшілігін” де сол қатарға қояды. Бірақ, мен автордың бұл ойымен келіспеймін. Ұлттың бейнесін танытатын мұндай туындылар оқылуы керек. Ең болмағанда, өз-өзімізді тануымыз үшін оқуымыз керек. Тек бір мәселе, эпопеяның тым қалың екендігі, ішінде суреттеулердің көптігі рас. Сондықтан шетелдегідей бұл кітаптарды оқырманға ыңғайлы етіп қысқартылған нұсқасын шығару керек деп ойлаймын. Сонда қарапайым адамдар да оқи алады, ары қарай қызықса толық нұсқасымен танысады.
Автордың тағы бір ерекше тоқталған дүниесі – мотивациялық кітаптарды оқуға қатысты айтқандары. Кітапта Бақытжанның “Мотивация туралы кітаптар, жеке тұлғалық өсу тренингтері, сайып келгенде, заманымыздың өнімі, түлкінің боғы” деген пікірі бар. Осы секілді пікірді бір күнде бір кітап оқитын Айдос Сарым аға да айқан еді, қателеспесем. Бұл пікірлермен мен де жүз пайыз келісемін. Рас, мүмкін арасында керек шығар. Бірақ тек мотивациялық кітаптардың соңына түсіп, тек соларды оқу онша нәтиже бермейтіндей көрінеді. Бақытжан мотивация үшін Франклдың кітабы мен ұлы тұлғалардың өмірбаянын оқу жеткілікті десе, мен өмірде жетістікке жеткен кез келген тұлғаның биографиясымен танысу, оның түрлі шырғалаң жолдардан өтіп, дегеніне жету жолындағы қажырлы еңбегін білу адамға үлкен мотивация болар еді деп ойлаймын. Өз тәжірибемнен айтар болсам, “АҢЫЗ АДАМ” журналында істегенде бір тұлғаны жазу үшін ол туралы кем дегенде он шақты кітаппен танысатынмын. Олардың менің өміріме қандай үлкен мотивация сыйлағанын ойлай беріңіз.
Бақытжан кітабында француз жазушысы Анатоль Франстың “Кітаптарыңызды ешкімге бермеңіз, себебі оларды енді қайтып көрмейсіз” деген сөзін келтіреді. Бұрын біреу кітабымды сұраса, бермеуге ұялып, қимай-қимай беретін едім. Ол кітаптың одан кейінге тағдыры әрине, әрқилы болып кетеді. Осы пікірден соң мен де ешкімге кітап бермесем бе екен деп ойлап қалдым. Бірақ жұрт маған да кітап бермей қояды ғой деген қорқынышым да жоқ емес)))
“Күміс кітапты” оқып отырып, миыма маңызды бір идея келді. Бірақ жүзеге аспай оны мұнда жазбаймын))
Қысқасы, кітап оқуға нұсқаулық секілді бұл кітапты оқырман болып енді қалыптасып келе жатқан жастардың барлығына оқуға кеңес беремін. Пайдасы болады деген ойдамын. Өйткені, өзімнің де түртіп алғандарым көп болды.
Ал бірақ авторға айтар шағын назым бар. Кітапта жиі болмаса да, әріптік қателер кездесіп қалады. Сөйлем құрылысына қатысты қателер де жоқ емес. Мүмкін жастарға түсінуге жеңіл болсын деп кей жерлерді ауызекі тілмен жазған шығар. Қалай болғанда да кітап болған соң, бұл мәселеге көңіл бөліну керек пе еді деп есептеймін.

Кітап жарық көрді дегеннен елеңдеп, Астанаға келгеніне шыдамай, Алматыдан алғызған едім. Осы кітапты тауып, алып, салып жіберген адамға ерекше алғыс айтамын Авторы: Марфуға Шапиян

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.