Бақытжан Бұқарбай. Қазнетті қалай дамытуға болады?

0
1667

4 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының «Мирас» қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, ол қазақ тіліндегі БАҚ алдында тұрған түйткілді мәселелерге бағышталып еді. Осынау отырыста бүгінгі күйіміз бен оны оңалтау туралы атаулы баяндамалар да жасалған еді.. Айтылып қоймай, іздеген адамға Гуглдың мұрағатынан да табылсын деп осында салуды жөн көрдік.

І. Ең көп қаралатын сайттардың статистикасы мәселесі

2013 жылдың 1 қазанында сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына сай бізде 2105 БАҚқызмет етті, соның ішінде 219-ы электронды болды. Қазіргі кезде Қазақстан халқының 66%-ға жуығы немесе шамамен 11-12 млн адам ғаламтор желісін пайдаланады. Өкінішке орай, осылардың ішінде нақты қаншасыэлектронды БАҚ-тардан ақпарат тұтынатынын айту қиын.

Бірақ, бұны анықтау техникалық тұрғыдан мүмкін деп пайымдауға толық негіз бар. Қазірдің өзінде zero.kz рейтинг сайтының мәліметтеріне сүйеніп, Қазнеттегі ең көп қаралатын 4500-дей сайтқа белгілі уақыт аралығында қанша адам қарағанын, олардың қай қаладан кіргенін, жынысы мен жасын көре алатын мүмкіндік бар.

Мәселен, 19 қарашамен алсақ, соңғы 1 ай ішінде 4539 ең көп қаралатын сайтқа 16 168 051 адам кіріп қараған, ал барлық қаралым саны — 967 357 569. Жас аралығы бойынша көрсеткіш келесідей: 18-24 жас аралығы – 22,8%; 25-34 – 35%; 35-44 – 11,7%; 45-тен жоғары – 26,5%:

Сайт қараушылары жынысы бойынша 43,1% — әйел, 56.9% — ер. Сайттарды ең көп алматылықтар (37,5%),астаналықтар (14,8%), қарағандылықтар (11,1%) қараған болып шықты:

Алайда Қазнеттің рейтингін жасайтын сайттардың мәліметтеріне сүйенудің осал жері бар: тізімде көш бастап жүрген сайттардың көбісі түрлі амалмен өздеріне сырттан трафик тартады, сол себепті осыған ұқсас мәліметтердітолықтай объективті деп айтуға келмейді (шешу жолы қорытындыда ұсынылады).

 

1.2. Қазақстандық интернет қолданушысының портреті

Бүгінгі күні осындай жұмысты Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік зерттеулеріне сүйене отырып жасауға болады, себебі республикалық деңгейде осыған ұқсас жұмыстар басқа ұйымдартарапынан қолға алынған жоқ. Мәселен, институттың 2014 жылы шығарған «Интернет-коммуникации: степень мобилизационного потенциала» жұмысында Қазақстан тұрғындарының 63,2%-ы интернетті пайдаланады деп көрсеткен.

Қала тұрғындарының 81,2%, ал ауыл тұрғындарының тек 39,1% ғана интернетті қолданады, яғни қала тұрғындары ғаламтор желісін ауылдық тұрғындардан гөрі 2,1 есе артық қолданады.

Этникалық топтар бойынша ғаламторды орыстар белсенді пайдаланса (75,3% — иә, 24,7% — жоқ), екінші орындақазақтар (60,7% — иә, 39,3% — жоқ).

Интернет қолданушыларының табыс деңгейіне келсек, адамда табыс көп болған сайын ғаламторды пайдалануартады. Өздерінің табысын орташа мөлшерден жоғары деп көрсеткендердің 98,5% ғаламторды пайдаланамыз деп жауап берген, яғни бұл көрсеткіш өз табысын орташа мөлшерден төмен деп жауап бергендерден 2,4 есе көп.

Интернет пайдаланушылардың жасына келсек, жасы кіші болған сайын, ғаламторға кіру жиірек байқалады. Мәселен, 18 бен 29 аралығындағы жастар барлық респонденттер ішінде ғаламторға 1,3 есе жиірек кіретін болса, 60-тан асқан азаматтардан гөрі 3,7 есе жиірек кіреді екен. Көрсеткіштер келесідей: 18-29 жас аралығы – Иә – 81,4%, Жоқ – 18,6%; 30-39 – Иә – 66,3%, Жоқ – 33,7%; 40-49 – Иә – 59,8%, Жоқ – 40,2%; 50-59 – Иә – 48,3%, Жоқ – 51,7%; 60+ — Иә — 22,1%, Жоқ – 77,9%.

Білім деңгейі жағынан интернетті көп қолданатындар қатарына аяқталмаған жоғары білімі барлар (100%-дың 95,6%) және ғылыми дәрежесі барлар (100%) көп.

Аймақтық көрсеткішке келсек, 100% облыс/қала тұрғындарының ішінде интернетке ең жиі кіретін СҚО (72,4%),Астана (77,7%) және Алматы (76,6%) тұрғындары.

Әрбір екінші респондент (49,4%) интернетті күн сайын пайдаланады.

Қазақстан тұрғындарының интернетке кірудегі негізгі мақсаты – болып жатқан жаңалықтар жайлы ақпарат алу(80,7%), содан кейін достармен араласу (73,5%), демалыс (55,7%), кәсіби ақпарат алу (41,4%) деп кете береді. Бұл көрсеткіштер қала және ауыл тұрғындары үшін бірдей.

Қала тұрғындары ішінде саяси процестерге назар аударатын респонденттердің саны ауыл тұрғындарына қарағанда 1,8 есе артық. Соңғылары негізінен әлеуметтік-экономикалық тақырыптарға қызығушылық білдіреді (30,5%, яғни қалалық тұрғындарға (16,6) қарағанда 1,8 есе көп).

Қазақтар үшін әлеуметтік-экономикалық тақырыптар қызығырақ болса (30%, басқалармен салыстырғанда 1,5 есе көп), басқа мәселелер ішінде саяси тақырыптарға негізінен қазақтар (18,1%) мен орыстар (17,4%) қызығушылық танытып отыр.

Респонденттердің басым бөлігі (78,1%) ғаламторда орыс тілін пайдаланатынын айтты. Сұрау жүргізілгендердің 16%-ы орыс тілін басқа тілдермен қоса пайдаланатынын көрсетті. Қазақ тілін пайдаланатын сегмент әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша 6% болып отыр. Қазақ тілін басқа тілдермен араластыра қолданатындаркөрсеткіші – 20,8%.

ІІ. Ақпараттық кеңістіктегі екі дискурс мәселесі

Қазақстан ішінде интернетті кімдер қолданатынын және қай мақсатта қолданатынын анықтап алғаннан кейін ең негізгі проблемаларды атап көрсетуге болар.

Айталық, Қазнеттің екі тілді болуы. Қоғамдағы қазақ және орыс тілді екі дискурс интернетте де кеңінен көрініс табуда. Биылғы жылға дейін осы тенденция латентті формада болса, биыл болған Украина-Ресей арасындағы дағдарыс, ҚұрманғазыПушкин постері және т.б. мысалдар осы проблеманы ашып көрсетіп, екі дискурстыңұштаспайтынын көрсетті. Көп жағдайда бір дискурстың екіншісінің ішіндегі трендтер туралы түсінігі жоқ болып келеді. Ақпараттық кеңістігімізге сырттан қауіп төнген жағдайда екі дискурстың болуын ақпараттыққауіпсіздігіміздің ең осал тұстарының бірі деп айтуға болады.

Бірінші тренд. Қазіргі кезде жекелеген орыстілді сайттар мен басылымдар (radiotochka.kz сайты, «Время» газеті және т.б.) дайджест формасында қазақ БАҚ-тарындағы мақалалар мен тақырыптарға шолу жасау тәжірибесіне көшіп жатыр. Алайда осындай тәжірибе сырттай құптарлық көрінгенімен, үңіліп қарасаң, олар екі дискурс арасында көпір тұрғызудың орнына теріс әсерін беруі мүмкін. Рейтинг үшін бәсекелескен олар қазақ БАҚ-тарындағы өзекті трендтерді іріктеп ұсынып, орыстілді оқырмандардың алдында қазақ дискурсы жайлы дұрыс түсінік қалыптастырудың орнына, көп жағдайда қазақша шығатын сары басылымдардың ең келеңсіз материалдарын іріктеп алып, соларды орысшаға аударып беріп жүр. Әрине, осындай жағдайда дұрыс түсінікқалыптастыру туралы айтуға болмайды.

Екінші тренд. Бүгінгі күні қазақ БАҚ-тарындағы трендтерді орыстілді оқырманға олар үйренген форма мен стильдеұсынатын сайттар жоқтың қасы. Мәселен, Gonzo.kz сайты биылдан бастап осы істі қолға алған болатын. Алайда жұмыс барысында орыстілді оқырман тарапынан қызығушылықтың аздығы байқалды. Бұны бірнеше себептермен түсіндіруге болады:

— жалпы қазақы трендтерге менсінбеушілікпен қарау немесе қызығушылықтың болмауы;

— орыстілді аудиторияның негізінен Рунетте жарияланған контентті тұтынуы;

— мәтін күйінде жарияланған тақырыптарға қызығушылықтың болмауы.

Үшінші тренд. Аймақтық БАҚ-ты республикалық деңгейге жұмылдырып, олардың әрбірінің ғаламторда жеке сайты болатындай ету. Сайтта баспа түрінде жарияланған материалдар сол күйінде беріліп отыруы керек. Немесе аймақтық телеарналарға келетін болсақ, олардың эфирге шыққан бағдарламалары жеке сайттарында беріліп тұруы тиіс. Бұл бірнеше мәселені шешеді:

— басылымдарға қатысты олардың журналистік жауапкершілігін арттырады, себебі аймақтық БАҚ басылым күйінде шикі материалдарды, ұлтараздықты қоздыратын мақалаларды беруі мүмкін, ал егер сайтта баспа күйінде жарияланған материалдарды салып отырса, онда оларға интернет-аудитория тарапынан қадағалау күшейеді;

— телеарналарға қатысты айтар болсақ, аймақтық деңгейде төтенше жағдай орын алғанда дайын тұратын спиндокторлар пулы қалыптасады;

— жоғарыда айтылған екі жағдай үшін интернетте, әлеуметтік желілерде, әсіресе жаңа медиа саласында жұмыс істеп үйренетін пул қалыптасады. Оның маңызы төтенше жағдай орын алғанда ақпараттық қауіпсіздігіміз үшін сөзсіз;

— сонымен қатар, аймақтық БАҚ-тардың ғаламторда сайттары болуы елдегі ахуалды бақылап, зерттеп, мемлекет басшылығына сараптамалық жұмыстарды дайындап отыратын институттар үшін тиімді болады.

Қорытынды және ұсыныстар

Осында көтерілген мәселелерді ескере отырып, келесідей ұсыныстар беруді жөн көруге болады:

1)      Қазнетте ең көп қаралатын сайттардың статистикасы мен оларға кірушілер жайлы ақпарат жинап, оларды өңдейтін методологиялық инструмент жасату керек. Бұл жұмысты жүзеге асыруды «Қазконтент» АҚ-на тапсыруға болады. Жасалып шыққан методологиялық инструмент бойынша жұмыс істеуді ғылыми ортаға (мәселен, ҚСЗИ) тапсырған жөн, ал сол инструмент бойынша дайындалған сараптамалық жұмыстарды, мониторингтарды айма-ай ҚР Президентінің әкімшілігіне жөнелтіп тұрған жөн;

2)      екі дискурсты ұштастыру жұмысын жүзеге асыру жекелеген орыстілді БАҚ тарапынан қолға алынып, көңіл толмайтындай дәрежеде атқарылып жүр. Осы мәселеге мемлекет тарапынан назар аударылуы тиіс. Орыстілді ақпарат ұсынудың стилін ала отырып, қазақ БАҚ-тары мен дискурсына тән мәселелерді орыстілді аудиторияғарационалды түрде таратып, дұрыс түсінік қалыптастыру керек. Ол үшін Қазнеттегі ең көп қаралатын орыстілді 5сайттың жұмыс істеу стилін зерттеп, соны қазақ трендтерін орыстілді аудиторияға ұсынуда қолдануға болады. Бұл міндетті «Қазконтент» АҚ-на жүктеген жөн;

3) бүгінгі оқырманның мәтін күйде берілген ақпараттан гөрі бейне форматта берілген ақпаратқа талғамыныңартығырақ екенін білеміз. Мәселен, былтыр 10 бейнероликтен тұратын «Открывая Казахстан» тележобасы көрерменге жол тартқан болатын. Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын баяндайтын жобаның әрбір санының ұзақтығы 2 минуттан аспайтын, есесіне жаңашыл бейнеграфикамен, арнайы визуалды эффектілермен, қызықты фактілерді көрсетумен ерекшеленді. Ғаламтор кеңістігінде осы жоба жастар арасында үлкен қолдауға ие болды.

Кино идеологиялық насихаттауда маңыздылығын әлі күнге дейін жоғалтпаған құрал. Әсіресе заманауи түсіріле білсе, документалистиканың мәні зор. Бірақ, шынын айтайық, осы жанрда біз Ресейдің өзінен кемінде 10 жылға қалып келеміз. Онда, мәселен, жастар ешбір міндеттеу-мәжбүрлеусіз өз еркімен ресейлік арналарда шыққан барлық документалистиканы жазып, ғаламторға салып жүр, себебі олардың сапасы мен деңгейі зор, жастардың өз еркімен оларға қызығуы – осы мәселеде ең басты индикатор.

Мемлекеттік идеологиялық саясатын, ұлттық құндылықтарды, тарихымызды интернет аудиториясына насихаттауға бағытталған заманауи «вирусты» роликтер мен документалды киноларды түсіруді ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жүктеген дұрыс;

4) аймақтық БАҚ өкілдерін ғаламторға тарту жұмысын, яғни олардың әрбірінде жеке сайтын аштыру міндетін «Қазконтент» АҚ-на артқан жөн;

5) аймақтық БАҚ-тардың сайттарын алып жүретін мамандарды жетілдіру мәселесін елдегі белгілі әрі білікті мамандарды тарту арқылы арнайы аймақтық тренингтер өткізу арқылы шешуге болады. Бұл міндетті жүзеге асыруды «Қазконтент» АҚ мен «Қазақстанның интернет ассоциациясы» қоғамдық бірлестігіне жүктеуге болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.