Ел болам десең, бесігіңді түзе. Қазақ тілінің жанашырларына арналған тың идея

1
3871

Көптен бері келе жатқан арман. Студент кезімнен бері балам болғанда, оның қазақ тілінде мультфильмдер көріп өскенін қалайтынмын. Өзіміз «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сияқты туындыларды көріп өстік. Қазіргі жас көрерменнің шетелдік туындыларға ынтық екенін ескеретін болсақ, олардың қазақ тіліне қайсыбірі аударылып жүр? Әрине, соңғы бірнеше жыл ішінде жекелеген мульфильмдер қазақ тіліне дубляждалып келеді, бірақ, біріншіден, жылына тек бір-екеуі ғана аударылатындықтан, бұл жеткіліксіз, екіншіден, оларды интернеттен іздеп таба алмайсың, сатылымда да жоқтың қасы.

Сөйтіп жүріп сол кезден бері мультфильмдерді балаларым болғанда көретіндей қазақ тіліне аударуды ойлап жүрдім. Біздің заман, Құдайға шүкір, технологиялық тұрғыдан дамыған, ары-бері ойланып, ешбір студия да қажет емес, ноутбук, интернет және микрофоның (осыған ғана шығындалдым — құны 400 теңге болды) болса жеткілікті екеніне көзім жетті. Міне, бүгін баяғы арманым орындалып, қазақ тіліне екі мультфильмді, нақтырақ айтқанда екі жапон анимесін аударып, назарларыңызға ұсынып отырмын.

Мәселенің әлеуметтік сипаты. Соңғы кездері фейсбук және басқа да әлеуметтік желілерде қазақ тілінің «жанашырлары» қаптап кетті. Тіл десе болды, бос сөз бен түкке тұрмайтын айқайды қопсытып жататын әдет шығарып алған. Одан қалса арасында толған популист. Солардың басым көпшілігі өзімнің құрдастарым екені көңілді қынжылтады. Ойлай келе, бұл тренд білімнің сапасыздығы мен жүйелі түрде ойлай білмеуден туындай ма дедім. Мәселен, өткенде бір жігіт менің парақшама менің есімімді тегке қойып, «Ойбай, қазақ тілінің халі жаман, өлу үстінде, жастар болса Батысқа еліктеп, Ice Bucket Challenge сияқты жат флешмобтарға салынып жатыр! Бірнәрсе қылмасақ болмайды, сондықтан менің осы жазбамды баршамыз жұмылып репост қылайық. Міне, нағыз флешмоб осындай болу керек. Қалай ойлайсыңдар?» деген жанайқайын қалдырып кетіпті. Мен оған «Популизм деп ойлаймын» деп жаздым. Ренжіп қалған сияқты. Бірақ ащы болса да шындығы керек, біреудің истерикасын бөлісу қазақ тілін қалай аман алып қала алады? Түсінбеймін.

Мен өзім кез келген жұмысты оның нәтижесімен және тиімділігімен өлшеп үйренген адаммын. Бәлкім, содан болар, біраз жобамды жеке тындыруға әбден дағдыланып алғанмын. Бірақ фейсбуктағы осындай үрдісті байқай келе, бұл жолы көптен келе жатқан идеямды жүзеге асыруға басқа да ынтасы бар жанашырларды тартайын деп шештім. Осы мақсатта былтыр 29 қазанда жеке парақшамда былай деп жазғаным бар:

Қазақ тіліне жаны ашып, қазақтың игіліне қызмет еткісі келетін, сөзден гөрі істі тәуір көретін алматылық жас жігіттер мен қыздар маған жекеге жазсын. Ойда бір жоба бар, қазіргі тілмен айтқанда, волонтерлық негізде маған соны жүзеге асыруға күш-жігерін аямауға дайын тұрулары керек. Соны іс қылсақ, халқымызға үлкен қызмет жасап, басқаларға үлгі болып, қазақтың алғысын алып, Алланың ризашылығына да кенелеміз деп сенемін.

Алматылық болмасаңыз, осы жазбамды бөлісіп көмегіңізді тигізе аласыз.

Қызықтың көкесі осыдан кейін басталды. Қырық адам «лайк» басса (қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ деген мақал еске түседі), 16 оқырман бөлісіп, солардың ішінде он екісі «личкаға» дайындығын айтып жазды. Екі адам — амал, үш адам — қамал демеуші ме еді, осыған қуанып, чат ашып, оларға аптаның соңында сенбі күні бір жерді таңдап, кездесуді ұсындым. Жұмыстың мән-жайын сол жерде айтамын дедім. 12 адамның алтауы жауап жазып, кездесуге келетінін білдірді. Орын мен уақытын таңдап, оларға хабарлап, кешікпен келуді өтіндім. Кездескенімізге дейін үш рет осы өтінішімді қайталадым. Мен өзім кешікпейтін адаммын, өзімнің және басқаның уақытын қатты бағалаймын. Сенбі күні келісілген уақыттан жарты сағат ерте келіп, екі шәйнек шай мен шайға тістейтін тәттілерге тапсырыс беріп, дастарханымды дайындап қойдым. Алты адамның төртеуі келді, барлығы да кешігіп келді. Біріншісі 15 минутқа кешіксе, соңғы екеуі бір сағатқа қалып келді. Байқап отырсаңыздар, фейсбукта хабарлама жазғаннан кездескенге дейін әрбір сатыда қазақ тілінің дамуына үлесін қосқысы келетіндер саны тұрақты екі есеге азая берді.

Жиналған төртеуіне (есімдерін жазбаймын, өздері түсінер) жұмыстың 70 пайызын өзім дайындап келдім, тіпті жеңіл болсын деп нұсқаулық да жазып келдім. Түсіндірдім, түсіндік деді. Барлығы көмектесеміз деп уәде етті. Қанша уақыт керек деп сұрағанымда, бір апта деді. Мен жақсы, бір апта емес, сегіз күн болсын, бір күндеріңді асықпай тексеру мен түзетуге арнаңыздар дедім. Сондағы тапсырма, бөліп алған мульфильмге субтитр аудару, соның негізінде мен дыбыстап шығам деп ойладым. Дайын жұмысты поштама жіберу керек. Сегіз күн өтті. Поштам тыныш. Оныншы күн өткенде бір «жанашыр» мен дұрыс түсінбеппін, ренжімеңіз, жасай алмайды екенмін деп жазды. Соған да рахмет дедім, қалғаны үн-түнсіз. Он бесінші күні қалғандарына өзім «жұмысты жасамай-ақ қойыңдар, бұндай жауапкершілігі жоқ адамдарды әлі кездестірмедім» деп жазып жібердім.

Сонымен, бағана айтқанымдай-ақ, үйреніп қалған тәсілім бойынша жұмысты бастан аяқ өзім жасап шықтым. Есептеп қарасам, әрқайсысы алған әрбір тапсырманы орындауға сегіз күн емес, үш сағат жеткілікті екен. Бірақ қазіргі жастардың сөз күйінде бәрі жанашыр, ал іске келгенде бірнеше сағатын арнай алмайтынына көзім жетті.

Ал жалпы бүкіл жұмысқа жұмсаған уақытыма келетін болсақ, әрбір мультфильм аударудан дыбыстағанға дейін бір тәулік уақытымды алды. Жұмысымның нәтижесін интернетке салып отырғаным өзімді мақтап, міне, қараңдар, мен болмағанда деп міндетсіну емес, біріншіден, әрбір бүлдіршінімізге ана тілінде мульфильм жетсін, екіншіден, бағанағы истериканы бөлісіп, флешмоб жасайық деушілерге мәселеге жаңаша қарауға мұрындық болу.

Флешмоб керек болса, қазақ тіліне шынымен жаның ашып, оны дамытқың келсе, міне, енді ұран тастайық, нағыз флешмоб осы болсын, әрбір жанашыр қазақ бір мульфильмнен аударып шықса, бір-екі айда интернетте жүз мультфильм аударылып дайып тұрады. Өзің үшін емес, болашақ буынның қамын жасайсың. Нақты іс, нақты нәтиже, керек десең сауабы да бар. Бос сөз көбейткенше, одан гөрі бір жерді қысқан жөн. Осылай жұмыс істейік, халайық! Керек болса, білетінімді жасырмай түсіндіріп те берейін.

Өзім, Құдай қаласа, қолым тиіп жатса, ара-арасында аударып тұра беремін.

Неліктен осы екі анимені таңдадым?

Неліктен тұңғыш аударған екі туындым жапон анимесі болд деген сұрақтарыңыз туындауы мүмкін. Соңғы жылдары шығып жатқан америкалық мультфильмдердің біразынан терең мағынаны іздеудің қажеті жоқ. Әйтеуір сапасыз қалжыңмен тырқа-тырқ пен опасыз тілектерді оятумен шектеледі. Жапон анимелері баланы жастайынан көптеген нәрселерге үңіліп қарауды, ойлануды үйретеді.

Мәселен, «Менің көршім Тоторода» бас кейіпкер кішкентай қыз бен орман патшасы Тотороның арасындағы оқиғаларды көрсете отырып, қоршаған орта мәселесі жақсы көтерілген, табиғатты аялау қажеттілігі көрсетілген.

«Ариеттидің құпия әлемінде» де осы мәселелер бар, жалпы, Хаяо Миядзаки қатысқан жобаларда қоршаған орта тақырыбы сақталып отырады. Сонымен қатар, достық тақырыбы да жақсы ашылған.

Ал енді аудармама қатысты барлық нәрсе төменде көрсетілген. Біріншіден, трейлерді қарап шығыңыз. Екіншіден, мен аударған аудиожолақ пен субтитрды көрсетілген сілтеме бойынша жүктеп алуға болады. Сілтеме 7 күн ішінде ғана өзекті. Оларды видеоға жабыстырып жүктемедім, себебі бұл жағдайда мен авторлық құқықты бұзамын. Мен аударған анименің екеуі де интернетте бар, соларды бөлек жүктеп, менің аудиожолағымды бөлек жүктеп, екеуін қатар қосып көру керек. Сұрақтарыңыз болса, осында немесе жекеге қоя беріңіз, барлығына жауап беруге тырысамын! Бүлдіршіндеріңіздің жүзінде қуаныш болсын деп тілеймін.

Ариеттидің құпия әлемі / Kari-gurashi no Arietti / The Borrower Arrietty

Жапония, 2010

Режиссері: Хиромаса Йонебаяши

Сценариі: Хаяо Миядзаки, Кейко Нива, Мэри Нортон

IMDB: 7.7 (41 644)

Біздің жанымызда өмір сүріп, ара-арасында күнделікті тұрмыста пайдаланатын заттарымызды алып тұратын кішкентай адамдар туралы әңгіме. Олар өздерінің өмірін құпияда ұстайды. Бірақ жас Ариетти бұл тиымды бұзады. Оны 14 жасар Шо көріп қойып, олар екеуі ең жақсы достарға айналады.

Қазақша аудиожолақ пен субтитрларды жүктеп алу: http://dropmefiles.com/rcwOI (сілтеме 7 күн ішінде өзекті)

Менің көршім Тоторо / Tonari no Totoro / My Neighbor Totoro

Жапония, 1988

Режиссері мен сценариі: Хаяо Миядзаки

IMDB: 8.30 (127 672)

Ауылға көшіп келгесін апалы-сіңлілі Сацки мен Мэй орманның пірі Тоторомен танысады. Қыздармен достасып алғасын Тоторо оларға өз иелігінің үстінен әуе экскурсиясын жасап қана қоймай, олардың ауруханада жатқан анасына барып қайтуға ат салысады.

Қазақша аудиожолақ пен субтитрларды жүктеп алу: http://dropmefiles.com/Fzju0 (сілтеме 7 күн ішінде өзекті)

***

UPD 19.02.2015. Жұмысыма қатысты айтылған пікірлер.

Нұрболат Аманжол:

Бақытжанның тың бастамасы аса құптарлық.

Өкінішке орай, телеарналар арқылы қазақшаға аударылып беріліп жатқан мультфильмдердің тәрбиелік мәні жоғары деп айта алмаймыз. Осы орайда, бұл істі Бақытжан бастап, біз де жалғастырып кетсек, игі емес пе? Бұйыртса, жақсы іске атсалысуды алдағы күндердің бір жоспарына кіргізбекпін.

Тек бір мәселе, аударуға мультфильм таңдаған кезде Бақытжанмен бір ақылдасуларыңызды сұраймын. Шаруа жасаған соң, көпке қажеттісін, пайдалысын нысанаға алған дұрыс.

Таңдасуға Бақытжан Бұқарбай қуанбаса, қарсы бола қоймас деп сенемін!

Бақытжан Мұхаммедияұлы:

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген мақал тура осы жағдай туралы айтылған ба дерсің. Өз басым балаларының ана тілінде сусындауына қатысты мәселерге бей-жай қарамай, нақты жұмыс істеп жүрген бірнеше адамды кезіктірдім. Үй ішінде балаларына өз білгенін үйретіп, тыныш қана отырмай, білгенімен өзге жұртпен бөлісіп, болашақтың игілігіне арнап отырған жандарға қолпаштау емес, нақты қолдау керек. Сөз маржаны төмендегі материалда. Менікі тек біліп жүріңіздер деген ниет қана.

Яков Федоров:

Когда меня спрашивают, как я учу казахский и английский языки, я всегда хорошими словами вспоминаю своих друзей. По своей сути изучающий язык человек подобен ребёнку, он часто ошибается (без этого никак в обучении), но его нельзя бить и тем более ругать за ошибки, а необходимо помогать их исправлять, давать советы, снабжать материалами.

Ещё одно сходство ребёнка и изучающего языки: прекрасные материалы для изучения — это детские книги и мультфильмы. Я не раз обращался к ним, когда учил английский, потому что язык в них простой, ориентированный даже на ребёнка, и с него легко начинать обучение.

К сожалению, тех же мультфильмов для изучения казахского языка практически нет. Есть отличная инициатива ассоциации «Болашак» по переводу топовых фильмов и мультфильмов, но она, естественно, не может охватить все и вся, потому что требует большого вложения ресурсов.

В той же России распространены авторские переводы фильмов, мультфильмов, сериалов на русский язык, которые порой бывают лучше и популярнее официальных. У нас той же практики явно не хватает, хотя патриотов языка великое множество.

Я очень рад, что мой друг Бахытжан Бухарбаев не словом, а делом начал инициативу по переводу мультфильмов (в том числе одного из моих любимых аниме — «Мой сосед Тоторо») на казахский язык. Очень рекомендую их посмотреть тем, кто изучает или собирается изучать язык.

Өркен Кенжебек:

Бақытжан Бұхарбай досым үнемі ұялтып жүреді. Ойындағы бастаманы бірінші боп сол көтереді немесе сен сұмдық деп ойлап жүрген дүниені сынап тастап, жер қыла салады. Мен оның тік мінезділігін әзілдеп «орысмінезсің» деймін. Бірақ былай қарасаң, қазіргі жас элитаның арасында ұлттың дамуы үшін топқа да, ұйымға да қосылмай, әлеуметтік желіде жалаңдамай-ақ еңбегін сіңіріп жүрген осы Бақытжан деп ойлаймын.

Мына бастамасы ойландырып тастады… Және қолдауға тұрарлық. Шейрлап жіберсеңіздер, тегі күшті.

Слава Неруш:

Все-таки интересный этот парень Бахытжан Бухарбаев!

Мне что в нем нравится, он много не говорит, а делает!

Непонятно, сколько времени он и его жена с маленьким ребенком потратили на перевод и озвучку двух японских мультиков?!

Но они сделали это!

Вот люди не дожидаются, пока государство переведет мультфильмы для их детей на государственный язык, а берут и делают!

Вообще Бахытжан может легко заменить собою небольшой департамент минкульта!

Он успевает проводить выставки своих картин, тащит за свой счет убыточные курсы казахского языка, редактирует Gonzo.kz.

Я очень рад, что этот парень в моей команде!

Бақытжан, алға!

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Өте керемет, мен сіздің ойыңызға толықтай қосыламын. Менің мамандығым жапон тілі болғандықтан Х.Миязаки анимелеры жайлы көп білем әрі қатты ұнатам. Осы анимелерды қазақ тіліне аудару менің де арманым болып жүр….

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.